Жетімнің күйін кешкен полиция қосындары жетерлік

Күні , 101 рет оқылды

20170627_113434(0)


Облыс бойынша 185 учаскелік полиция қосыны болса, соның 24-і облыс орталығында орналасқан. Соның ішінде Орал қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі мен Зашаған полиция бөлімі ғимараттарында орналасқан №8 және 21 полиция қосындарының «отауын бөлек шығару» мәселесі жыл соңына дейін шешімін таппақ.


Облыстағы 75 учаскелік полиция қосынының қызметтік орнын жөндеуден өткізу үшін 127,5 млн. теңге көлемінде қаражат қажет болса, одан бөлек Орал қаласындағы екі полицей қосынын бөлек шығару және алтауының орнын ауыстыру немесе күрделі жөндеу үшін дәл сондай мөлшердегі қаржы керек. БҚО ішкі істер департаменті ЖПҚ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Кенжебек Құспаев шаһардағы учаскелік полиция қосындарын аралаған облыстық мәслихат депутаттарына осы мәселені мәлімдеді.

Осы мәселе, «Зенит» шағынауданында орналасқан №4 учаскелік полиция қосыны 1998 жылы салынған ғимараттың екі бөлмесіне орналасқан. Жиһаздары ескі. Бөлмелеріне кәріз құбыры тартылмаған. «№4 қосында бес учаскелік полицей, бір полиция көмекшісі, сонымен қатар кәмелетке толмағандармен қызмет ететін екі, шартты сотталғандармен жұмыстанатын бір учаскелік инспектор бар. Бір бөлмеде бақылау камералары орналасса, екіншісінде күдіктілерден жауап алынып, саусақ таңбасы құжатқа тіркеледі. Тар бөлмелерде полиция қызметіне жүгінетін тұрғындармен сөйлесуге де еш мүмкіндік жоқ. Бір ай бұрын ғимараттағы бұл бөлмелер сот шешімімен иесіз деп танылып, облыстық ІІД-ның қарамағына берілді. Енді жөндеу жұмысын жүргізуге болады. Дегенмен қызметтік орын аясын кеңейте алмаймыз. Себебі полиция қосыны қасында «Консультант» ЖШС кеңсесі орналасқан», – деді Орал қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жәрдем Мүсілімов. Депутаттар кейін Х. Чурин көшесінде №5 учаскелік полиция қосыны орналасқан жатақхананың кіреберіс баспалдағы опырылғанын көрді. Дәлізден 1-қабат тұрғындарына ортақ әжетхананың иісі мүңкиді.

20170627_10342620170627_115713Қалада заман талабына сай жақсы жағдай жасалған әкімшілік учаске кеңселері де көбейіп келеді. 5-шағынаудандағы №18 учаскелік полиция қосынына көп қабатты үйдің төменгі қабатынан үш бөлме берілген. Шартты сотталғандарды бақылауға алатын және кәмелетке толмағандар ісімен шұғылданатындарға жеке-жеке кеңсе берілген.

Ал рейдке қатысқан облыстық мәслихаттың депутаты, жеке кәсіпкер Аветик Амирханян №11 учаскелік полиция қосынының қызметтік орнын жөндеуге қолұшын созыпты. Ескі жатақхана ғимаратының іргетасы сапасының нашар болуына байланысты сыз жайлап, бөлме қабырғаларының түсқағаздары бұрын жиі түсетін болған. Кәсіпкердің сапалы жөндеуге мүмкіндік жасағанын қаладағы жергілікті полиция қызметінің басшысы атап өтті.

Кенжебек Құспаевтың мәліметінше, облыста 269 учаскелік полиция мен 114 полиция көмекшісі бар. Тұрғындар санының артуына байланысты облыс орталығына қосымша 50, аудандарға 17 учаскелік полицей қажет. Қаладағы бір учаскелік полицей өзі бақылайтын аудандағы 2350 тұрғынмен жұмыстануы керек болса, қазіргі уақытта бір полицей қызмет көрсететін учаскеде тұрғын саны 4-5 мыңға жуықтайды. Сонымен бірге «участковыйларға» 76 көмекші қажет. Айта кетерлігі, он жылдан бері тәртіп сақшыларының саны өспеген. Дейтұрғанымен облыстағы құқықбұзушылықтардың тең жартысы учаскелік полиция қызметкерлері көмегімен ашылған.

2016-2017 жылдары өңірдегі учаскелік полиция инспекторларына жергілікті бюджет есебінен 100-ге жуық «Нива» автокөлігі алынды, тағы 47 қызметтік автокөлік жетіспейді. Облыстағы 188 учаскелік полиция қосыны компьютермен қамтамасыз етілмеген.

– Жергілікті полиция қызметінің басшылары жергілікті мәслихат алдында жылына екі мәрте есеп береді. Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндіктен, учаскелік полиция инспекторларының қызметтік жағдайын бақылауға алу – біздің міндетіміз. Ішкі істер құрылымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарымен шұғылдануды күшейтуді жергілікті атқарушы құрылымдардан талап ететін боламыз, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Льяна Тұрсынова.

Учаскелік полиция инспекторлары қызметінің сапалы атқарылуына жұмыс орнында қолайлы жағдай жасалмауы да кері әсер ететіні даусыз. Дегенмен Ремзавод шағынауданындағы №9 учаскелік полиция қосынына таяу жерде тұрмыстық қалдықтардың тау болып шашылып жатқанын көрдік. «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша құқықбұзушылықпен күрес нәтижесін, алдымен, тәртіп сақшылары кеңсесінің маңынан көргіміз келетіні айтпаса да, түсінікті шығар.

 Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика