Газ саласы ардагерлері республикалық кеңесінің төрағасы Павел КЛИМОВ: «Газдың қымбат болатын себебі – біз өңделген газды қайта сатып аламыз…»

Күні , 79 рет оқылды

газ


«ҚазТрансГаз»  АҚ өкілдері  «Нұр Отан»  партиясы  облыстық филиалының  қызметкерлерімен  бірігіп,  қоғамдық  қабылдау өткізді.


Бұған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ  Құлжанова, газ саласы ардагерлері республикалық кеңесінің төрағасы Павел Климов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының директоры Әзімбек  Асаров,  «ҚазТрансГазАймақ» АҚ БПҰ төрағасы Әлібек Хафизов  және аталған мекемелердің басқа да қызметкерлері қатысты.

Қоғамдық қабылдау кезінде жергілікті тұрғындар газ саласының мамандарына көптеген сұрақтар қойып, оған тиісінше жауап алды. Мысалы, қала тұрғыны Борис Чебаков сала мамандарынан тариф бағасының қалай белгіленетінін сұрады. Бұған жауап ретінде Павел Климов тариф бағасын ҚР Экономика және Энергетика министрліктері белгілейтінін айтты. Оның сөзінше, тариф көтерме баға арқылы әр аймаққа әр түрлі белгіленеді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында газдың 1 текше метрі үшін 16,85 теңге болса,  Шымкентте – 31 теңге.

– Тариф бағасы бірнеше жағдаятты есепке ала отырып, белгіленеді.  Біріншіден,  бұл  газды тасымалдау мәселесіне байланысты. Екіншіден, кәсіпорынды жаңғырту жұмысында немесе жөндеген кезде,  не болмаса жаңа құрал-жабдық сатып алғанда жұмсалған шығынның орнын толтыру үшін тариф бағасын көтеруге тура келеді. Баршаңызға белгілі, бүгінде еліміздегі газ саласына қатысты  кәсіпорындарда құралжабдықтардың бірқатары  ескірді, солардың қайсыбірі өндіріс қажеттілігіне байланысты жаңартылуда.

Осы өңірде Қарашығанақ кеніші бар, ол жерден мұнай-газ өндіріледі. Осыған орай кейбір жергілікті тұрғындар өз өңірімізде өндірілетін газ бізге арзан жетуі керек деп есептейді. Сіз бен біз қолданып жүрген газ Қазақстан жерінен өндірілгенімен, ол өңделмеген. Біз газды жер қойнауынан тікелей алып, қолдана алмаймыз, өңделмеген газды бірден газплитаға жіберуге болмайды. Тұрмыста пайдалануға жарамды ету үшін біз газды алдымен Орынборға жіберіп, оны тазартып, өңдетеміз. Өйткені өзімізде газ өңдейтін зауыт жоқ. Содан кейін өңделген газды Ресейден өзімізге қайта сатып аламыз. Яғни қайта өңделген газ бізге Ресей айналып, тұрба арқылы қайтадан келеді. Осы жұмыстың бәрі қыруар ақша тұрады. Міне, осыдан келіп, газдың бағасы көтеріледі. Газдың көтерме бағасы 80 пайыз және тариф бағасы 20 пайызды құрайды. Бұл жұмсалған шығынның шағын ғана бөлігін жабады, – деген Павел Викторович газ саласында жүргендердің тариф бағасын көтеріп, содан мол табыс тауып, «байып жатпағанын» жеткізді. Астаналық мейманнан кейін сөйлеген Әзімбек  Асаров бүгінде облыс бойынша  200 мыңдай адамның (87 пайыз) газбен қамтылғанын айтып, қазіргі уақытта өңірімізде  ескірген құрал-жабдықтарды жаңғырту бойынша инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Бұдан кейін қабылдауға Айнагүл Оразғалиева дейтін азаматша келіп, «Тұрғын үйлерге газ тарттырған кезде оның бағасына нысанның орналасу аумағының әсері бола ма?» деп сұрады. Оның бұл сұрағына мамандар «Газ тарттыру бағасына нысанның қай аумақта орналасқаны емес, әр нысанға жасалған жұмыс пен нысанның газ жүйесінен қаншалықты қашықтықта орналасуы және нысанға қанша құрылғы қойылғаны әсер етеді» деп жауап берді.

Қабылдауға келесі кезекте кірген Медет Есләмғалиев деген азамат «Газ саласының мекемелерінде арыз-шағым кітабы бола ма? Бүгінде «ОралГазТрансАймақ», «БатысТрансГазАймақ», «Нац-ТрансГазАймақ» деген мекемелер көп.

Бұл мекемелер сіздерге қарай ма?» деп сұрады. Бұл сұраққа «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының директоры Әзімбек Асаров нақты жауап қайырды. Оның айтуынша, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалына қарасты мекемелердің барлығында арыз-шағым кітапшасы бар. Және кәсіпорын қызметкерлері тарапынан заңбұзушылық орын алса, сол кітапшаға жазуға немесе бұл жөнінде мекеме басшысына хат түрінде жазып жеткізуге болады. Бұған 15 күн ішінде жауап беріледі. Ол сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ» деген сөзді жалғап алған жекелеген шағын мекемелердің, шынында да, көбейіп кеткенін айтып, олардың бәрі бірдей «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ға қарамайтынын айтты. Тұрғындар газ саласы бойынша қызмет көрсетушілерден үйге кірген бойда жеке куәлігі мен келісімшарт қағазын  сұрауы  керек.

Тағы бір келуші қыс айында үйін газдан айырып кеткен сала қызметкерінің жөнсіз әрекетіне арызданып, газды қандай жағдайда  айырып тастауға болатынын сұрады. Бұған  мамандар заң бойынша газды қауіпсіздік ережесі бұзылғанда және газға төлем төлемеген жағдайда  айыруға болатынын айтты. Олардың сөзінше, газды айыру үшін тұтынушыға алдын ала ескерту керек. Сондай-ақ Эльмира дейтін қала тұрғыны саяжай аумағында тұратынын айтып, өзінің мекенжайына техникалық шартты қалай алуға болатынын сұрады. Мамандар техникалық шартты алу үшін алдымен мекеме басшысының атына өтініш жазып, содан кейін белгіленген құжаттарды мекемеге әкеліп тапсыру керектігін айтты.

Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова жұмысты ашық жүргізудің қашан да нәтижелі болатынын айтып, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалануға шақырды. Партия өкілі тұрғындарға газ саласының жұмысы бойынша ұсыныс-пікірлер болса, оларды жинап, тиісті министрліктерге шығып, депутаттар арқылы шешуге  болатынын  жеткізді.

Жиын соңында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы мен «Газ саласы ардагерлері республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің өкілдері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылады. Сондай-ақ газ саласының мамандары газбен жабдықтау жүйесінің нысандарын аралап, жастар арасында шеберлік  сағаттарын  өткізді.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика