26.06.2017, 22:53
Қараулар: 26
Облыс әкімі Алтай КӨЛГІНОВ: «Жергілікті кәсіпкерлер бір-бірін қолдауы керек…»

Облыс әкімі Алтай КӨЛГІНОВ: «Жергілікті кәсіпкерлер бір-бірін қолдауы керек…»

IMG_8915


Сенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов пен өңірдегі құрылыс саласының мамандары облыс орталығында жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарын аралады.


Өңір басшысы бастаған топ Орал – Атырау және Орал – Саратов жолдарының арасында, Зашаған кенті аумағында жүріп жатқан құрылыс жұмысын өз көздерімен көріп, жұмыс барысымен танысты. Нақтырақ айтсақ, облыс әкімі №40, 35, 34, 4, 6, 5, 1, және №33 дақтарда салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлерді аралап, мердігер компания өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында әкім олардан жұмыс барысында кездесуі мүмкін түйткілді мәселелер жөнінде сұрап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Бұл ретте №34 дақта көп қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуші «СКФ Отделстрой» ЖШС басшысы Валентина Михно қаладағы «Кірпіш зауытының» жұмысына наразылық білдірді. Оның сөзінше, оларды құрылыс материалдарымен жабдықтаушы компания қажетті кірпіштерді мезгілінде үлгертіп жеткізе алмай жатыр, бұл жағдай жұмыстың жедел жүруіне кедергі келтіруде. Қалған мердігерлер жұмыстың кестеге сәйкес жүріп жатқанын айтты. Алтай Сейдірұлы оларға құрылыс жұмысы аяқталысымен, артық техникаларды бұл жерден шығарып, ғимарат айналасын күзгі жауын-шашынға дейін абаттандыруды тапсырды. Өңір басшысы бастаған топ аяқталуы жақын құрылыс нысандарының ішін аралап көрді. Жаңа үйлердің жобасы тұрғындар үшін өте ыңғайлы жасалған, бұрынғы үйлерден бір айырмашылығы, сыртқы есіктері мықты және балкондарына дейін әйнектеліпті. Жаңа үйлер «ҚР Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық бөлімшесінің салымшыларына және қалалық әкімдіктің үй кезегінде тұрғандарға берілмек.

Көп қабатты тұрғын үйлерден соң жұмыс тобы Сарытау шағынауданында және Деркөл кентінде салынып жатқан мектептерге барып, құрылыс жұмысын қадағалады. Кездесу кезінде Сарытау шағынауданында 900 орындық мектеп құрылысын жүргізіп жатқан «СВ плюс» ЖШС жетекшісі Сәбит Өтебалиев қосымша жұмыс күші қажет екенін жеткізді. Оның сөзінше, 20 адамнан құрылған бір бригада жұмыс істеуде, бұған қосымша тағы екі бригада керек. «Әрқайсысы 20 шақты адамнан тұратын екі студенттер отряды жасақталса (40-50 адам), олардың жалақысы 80 мың теңгеден кем болмайды» деген компания жетекшісі жастарды жазғы демалыс кезінде қосымша табыс табуға шақырды. Бұл мәселелерді қаперге алған өңір басшысы тиісті сала мамандарына жоғарыда айтылған түйткілді мәселелерді тездетіп шешуді тапсырды.

Бұдан соң өңір басшысы бастаған жұмыс тобы Деркөл кентіндегі мектептерге (әрқайсысы 600 орындық) және №4 мектепке (300 орындық) барып, ондағы жұмыстардың орындалу барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші «ҚФ Альтаир» және «Альтим ҚФ» ЖШС өкілдері жұмыстың кестеге сәйкес жүріп жатқанын және жұмыс күші мен құрылыс материалдарының жеткілікті екенін айтты. Деркөлдегі мектептердің бірінің құрылысы биыл бітіп, пайдалануға беріледі, ал екіншісі келесі жылы аяқталады. Жолай жұмыс тобы Деркөл ауылындағы кварталішілік жолдарға соғып, ауыл ішінде су жаңа жол салып жатқан мердігерлермен кездесті. Мердігерлердің сөзінше, қазіргі уақытта Даль көшесінің  белгіленген бөлігіне екі қабатты асфальт жол төселуде, бұған қоса қосымша тротуар жүргізілуде. Жол құрылысын жүргізуші мердігер компанияның жетекшісі мұнда дәл қазір 50 адам жұмыс істеп жатқанын айтып, жолдың сапасына 5-7 жылға кепілдік берілетінін жеткізді. Жұмыс тобы №4 мектеп құрылысында да болып, ондағы жұмыстың кестеге сай жүріп жатқанына куә болды.

Осы жерде облыс әкімі Алтай Көлгінов құрылыс саласы мамандары мен осы салаға қатысты өнім өндіруші жеке кәсіпкерлердің басын қосып, шағын жиын өткізді.

— Біз бүгін жартыжылдықты қорытындылау мақсатында бірқатар құрылыс нысандарын араладық. Өздеріңізге белгілі, биыл өңірімізде «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше мектептер мен көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Осы екі бағдарлама аясындағы жобаларды жүзеге асыру үшін өңірімізге биыл жолды қоспағанда 21 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына 12,6 млрд. теңге, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 3298 орындық сегіз мектеп құрылысына 8,3 млрд. теңге бөлінді. Аталған бағдарламалар аясында тоғыз құрылыс компаниясы жұмыс істейді және 450 адам жұмыспен қамтылды.

Жаңа мектептердің төртеуі – облыс орталығында, қалғаны – аудандарда. Бұл мектептердің екеуінде, яғни Зеленов ауданындағы Дариян ауылындағы 300 орындық мектепке 100 орындық интернат және Қазталов ауданындағы Қазталов ауылында да 100 орындық интернат салынуда. Бұдан басқа Ақжайық ауданының Шабдаржап деген ауылында алдағы уақытта 198 орындық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда тендерлік процедуралар жүруде. Қаладағы №4 мектеп те жаңадан салынуда. Бұл апаттық жағдайдағы мектеп болған, былтырдан бері оқушылар басқа мектептерде оқып жүр. Бұл, әрине, оқушылар үшін де, мұғалімдер мен ата-аналар үшін де ыңғайсыздық туғызды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бұл мектептің құрылысына қажетті қаражат бөлініп, қазіргі уақытта жұмыс қарқынды жүруде. Бұйырса, күзде мектеп құрылысы аяқталып, балалар өз мектептеріне оралады.

Жоғарыда айтылған қос мемлекеттік бағдарлама өңірімізде көптеген құрылыс нысандарының салынуына мұрындық болып қана қоймай, сонымен қатар бірқатар жергілікті кәсіпорындардың жұмыспен қамтылуына себепші болды. Мысалы, «Құрылыс комбинаты», «Кірпіш зауыты» ЖШС-лар, полиэтилен тұрбаларын шығаратын «Алим» және «Орал сауда-өнеркәсіп кешені» секілді серіктестіктер, «Квант» жиһаз фабрикасы, «Агран» секілді зауыттардың өнімдері жаңағы айтқан құрылыс жұмыстарында кеңінен қолданылуда. «Құрылыс комбинаты» ЖШС-ға түскен тапсырыстар кәсіпорынға 150 пайыз жүктеме беріп тұрса, «Кірпіш зауыты» ЖШС тапсырыстың тым көптігінен кірпіш шығарып үлгере алмай жатыр. Зауыт басшыларымен сөйлесіп, жұмыс кестесін қайта құратын шығармыз. Өйткені олар құрылысшыларды материалдармен уақытында қамти алмаса, нысандарды уақытында тапсыра алмай қаламыз. Осының алдын алуымыз керек. Жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарының төбесі өзіміздің «Агран» ЖШС-дан шыққан шатырлармен жабылса, биылғы су жаңа сегіз мектептің ішін жиһаз шығаратын жергілікті фабрика, шағын цехтар жабдықтаса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл деген жергілікті кәсіпорындарға үлкен қолдау ғой. Тапсырыс алған кәсіпорындар өз кезегінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал мұның халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына әсер ететіні анық. Бұған қоса салық есебінен жергілікті бюджет те толығады. Міне, «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының елге тигізіп отырған пайдасы қандай! Бұл айналып келгенде, еліміздің экономикасын көтеріп, халықтың әлауқатының артуына септігін тигізеді. Қысқасын айтқанда, жергілікті кәсіпкерлер бір-бірін қолдауы керек.

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында биыл 15 тұрғын үй салынуда. Осының сегізі – аудандарда, тағы бір үй – Ақсай қаласында, қалғаны –  Орал қаласында. Жыл аяғына дейін 11 көп қабатты үй (1555 пәтер) және аудандарда 143 тұрғын үй (165 пәтер), барлығы 1720 пәтер пайдалануға берілмек. Құрылыс нысандарының маңайын абаттандыру жұмысы қарқынды жүруде. Сондай-ақ Деркөл ПДП-1-де тек биылдың өзінде 27 жол салынып, асфальтталуы керек. Осы жұмыстар аяқталған соң Деркөл ПДП-2-де де жолдар асфальтанады. Жол құрылысының сапалы жүргізілуі қазіргі таңда өзекті мәселе болып отыр. Жолшыларға бүгінде талап күшейтілген. Жолдың сапасына кепілдік бұрын тек екі жылға берілсе, бүгінде бұл мерзім 5-7 жылға ұзартылды. Сапасыз жол салғандарды сотқа беріп, оларды өз ісіне адал емес мердігерлер тізіміне енгізудеміз. Ал мұндай тізімге іліккендердің жолдарының кесілетіні белгілі. Осындай жолдармен мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал етудеміз, — деген өңір басшысы әр кәсіпорын басшысынан қанша адамға жұмыс беріп отырғанын сұрады. «Құрылыс комбинаты» ЖШС директоры Бақытжан Нұрбаев өндіріс басында 350 адамның (жалпы 1000 адам), «Агран» ЖШС 100, «Алим» ЖШС 400 адамның жұмыс істеп жүргенін айтты. Осы жерде әңгімеге араласқан «Демеу» ЖШС жетекшісі Біржан Қожақов өздерінің шағын жиһаз цехында бұрын 30 адам жұмыс істегенін, қазіргі уақытта тапсырыстың жоқтығынан адам санының 10-ға дейін азайып қалғанын айтты. Ол сондай-ақ облыстағы «Болашақ-Т» және «СВ плюс» секілді ірі құрылыс компанияларымен бірігіп жұмыс жасағысы келетінін, бірақ жұмыс орындарына неше рет барса да, басшыларымен кездесудің сәті түспей жүргенін жеткізді. Өңір басшысы бұған жауап ретінде мектеп құрылысын жүргізушілерге кеңсе жиһазы мен оқушыларға арналған парта, отырғыш секілді ағаш бұйымдарымен қамтамасыз етуді «Демеу» ЖШС-на тапсыруды өтінді. «Өздерінің денсаулық жағдайына қарамастан, жұмыс орнын құрып, өздерімен бірге өзгелерге де жұмыс тауып беріп жүрген жерлестеріміздің ерік-жігерін құрметтейік», — деген өңір басшысы мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді барынша қолдауға шақырды. Құрылысшы кәсіпкерлер әкімнің көзінше Біржан Морякұлына тапсырыс беруге уәде беріп, сөз байласты. Сенбі күнгі рейд жұмысын қорытындылаған Алтай Сейдірұлы құрылыс жұмысының қарқынына ризашылығын білдіріп, өңір кәсіпкерлерін бір-бірін қолдауға шақырды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар