26.06.2017, 22:51
Қараулар: 14
Ет әкелу операциясы

Ет әкелу операциясы

100 жыл Орал онири мен Приуралье


Тоқсаныншы жылдардың  орта кезі. Ол жылдары мен «Орал өңірі» газетінің Сырым және Қаратөбе аудандары бойынша меншікті тілшісі болып істеймін. Қиын уақыттар газетімізді де айналып өткен жоқ. Сондықтан газетке демеушілік танытатын азаматтарды іздеп табу, ақылы беттер ұйымдастыру журналистер арасында ресми болмаса да, міндет еді. Ол жайында бас редакторымыз Мәжит Қайырғалиев ағамыз редакцияда өтіп тұратын лездеме (летучка) немесе жоспарлау жиындарымызда ара-тұра сұрап отыратын. Мәжақаң бір айтады, оны орындауың керек. «Орал өңірінің» журналистері бұл шаруаға білек сыбанып кірісіп кетті, мен болсам, ретін шығара алмай біраз жүріп қалдым.


Сөйтіп жүргенімде, демеуші болатын азаматтың қолайы келе қалды. Беркінғали Дәулетов сол кезде Сырым  ауданының «Қособа» кеңшарының директоры болып істейтін. Өзі – жас директор, өзі оған дейін Сырым елінен шығып, талай жарыста кілемнің шаңын қағып, жеңімпаз болған самбошы, оған қоса қазақша күрестің де қабыланы атанған атақты спортшылардың бірі. Өзінің шаруашылығында да бүкіл еліміздегідей жалақы, зейнетақы, жәрдемақы дегендердің берілмегеніне біраз уақыт болған. Шаруашылықтың малымен жан бағып отыр еді. Соған қарамастан, газеттің жағдайын бір кісідей түсінді. «Маңдайымызға біткен жалғыз газетімізге осы кезде көмектеспесек, қашан жәрдемдесеміз?»  деп спортшыларға тән шұғыл шешім қабылдады. Табыннан таңдап жүріп, бір сиырды сойғызып, төшкелеп, кеңшардан қалаға жүргелі тұрған автобусқа тиеп жіберу жөнінде жігіттеріне тапсырма берді. Мен де редакцияның атынан қарыздар болып қалмайын деп, анау сиырдың бағасына Беркінғалидың шаруашылығынан ақылы бет ұйымдастыратын  болдым.

Әлқисса, сонымен, қаңтар айының аязды күндерінің бірінде  кеңшардың автобусымен Орал қаласына аттандық. Автобусты Таспай Әндіров айдап,  салон ішінде кеңшардың жұмысымен шыққан кәнігі бағбан Оңғарбай Баймолдаев және 4-5 адам бармыз.

Үстімде малшылардың қысқа тоны, аяғымда байпақ, салонның артқы жағында аязға сіресе қатып қалған қызыл сиырдың төшкесін анда-санда тексеріп қойып, «Оралға қашан жетеміз?» деп асығып келемін.

Қособадан шығарда директор Берекең жүргізуші ағай Тәкеңе «Әуелі етті Мүсекең айтқан жерге жеткізіңіз»  деген еді. Сол бойынша   көлігіміздің тұмсығын «Орал өңірі» газеті редакциясы орналасқан Достық даңғылы бойындағы көп қабатты ғимараттың ауласына тіредік. Үлкен бір істі тындырғаныма қомпиып, тонымның шалғайлары екі жақта редакцияның ұзынша дәлізімен адымдай басып келе жатыр едім, қарсы алдымнан бас редактор Мәжит Қайырғалиев ағайдың шыға келгені. Қос қолымды соза амандасып, үй-ішін, ұжымның амандығын сұрастырып, Мәжит ағама ауылдан сиыр етін алып келгенімді жылдамдата айтып салдым.

Бас редактор шарт кетті: «Қайдағы ет!.. Редакцияға саған ет әкел деген кім?.. Қайда апарсаң, онда апар, шаруам жоқ»,  – деді де ағамыз өз жөнімен кете барды. Төбемнен жай түскендей болып, дәлізде есеңгіреп тұрып қалдым.

Көшеде тұрған автобуста «Қызыл сиырдың төшкесін қашан алып қалады?» деп мені күтіп отырған бір топ адам бар. Олар да қыдырып жүрген жоқ, тындырып қайтатын шаруалары толып тұр. Төшкені алып қалғанда, қайда апарамын?.. Беркінғалиға сүйретіп, қайтып апарып берсем, ұят қой. Маңдайымнан мұздай тер бұрқ ете қалды. «Қысылғанда қасыңнан сүйенішің табылар» деген сөздің жаны бар-ау, сірә. Дәліз бойымен адымдай басып келе жатқан газеттің сол кездегі агроөнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Есенжол Қыстаубаев мені көріп, «Өй, қойына қасқыр шапқан қойшы құсап, мынау не тұрыс?» деп үйіріле кетті. Болған жәйтті Есақаңа түсіндіріп айтып жатырмын. «Тфу, сол да сөз болып па? Саспа, етіңді қазір алып қаламыз. Мүшелеп бөлеміз, жіліктеп,  келілеп ұжымға таратып береміз. Қайда өзі, кеттік…» деп мені бастай жөнелді. Редакцияның қызмет көліктері тұратын гаражы Карев үйінің ауласында еді. Соған келіп, Есақаң төшкені түсіріп, автобустағы азаматтарға, біразын жақсы таниды, рақметін  жаудырып,  шығарып салды.

Ендігі мәселе аязға сақиып қалған төшкені мүшелеп бұзу  оңай шаруа емес-ау деп тағы уайымдай бастадым. Мұны да Есағаң әйдімге келтірмей, қатырды. Әуелі ол гаражға іргелес «Қазақстан» азық-түлік дүкенінен ет шабатын жігітті балтасымен жалаңдатып алып келді. Әзірбайжан ба, армян ба, мұрны қолағаштай әлгіні бір шөлмек араққа көндіріпті. «Давай, земляк, вперед!» деп жұмысқа салды. Әп дегенде Есақаң «Соғым сойып алғанмын, менің есебімнен»  деп, 3-4 келі етті бөлек шаптырып алды. Сосын «Қазақстан» дүкенінен күйелеш-күйелеш үлкен  кастрюльді әкеліп, әлгіні гараждың ауласына темір-терсектен ошақ құрастырып, отқа қойды. Ет пісіп жатыр, жұмыс жүріп жатыр.

Өзі бастап, редакцияның суретші-ретушёрі Сағын Тапақов және 2-3 жігіт бар редакция қызметкерлеріне тізім жасап, әркімге  келілеп өлшеп (таразыны да Есағаң «Қазақстанның» сатушы қызкеліншектерінен сұрап, алып келді), алуға ыңғайлап қағазға орап, жұмыс аяғына қарай тап-тұйнақтай қылды. Сосын редакция қызметкерлеріне телефон соғып, олар да бір кісідей келіп, маған алғыстарын жаудырып, тізім бойынша тиесілі еттерін алып кетті. Шынын айтқанда, етті бұзып-бөлуге «Сенің әкелгеніңнің өзі – үлкен еңбек, Мүсеке, дем ал!»  деп менің саусағымның ұшын да тигізген жоқ жігіттер. Бірақ мен де қарап қалмай, жігіттердің «сусындарын» жеткілікті ұйымдастырып тұрдым…

Ертеңгілік редакцияға соға кетуді жөн көрдім. Бас редактор Мәжақаңа арнайы кіріп, амандастым. Кешегі реніштің табы да қалмаған. Жайраңдай күлімдеп, риза көңілде амандығымды, жұмысымды егжей-тегжей сұрап жатыр. Мен аңтаңмын. Бас редактордан шығып, Қыстаубаевқа кірдім.

– Мүсеке, Мәжақаң қылтың-сылтыңы жоқ, таза адам ғой. «Ет әкелдім»  деп жетіп барғаныңды түсінбей қалған ғой, – деп  сылқ-сылқ күледі. – Беркінғалидың шаруашылығынан арнайы бетіңді құтыртып тұрып дайында… Ұзатпай, беріп жіберейік. Ал редакцияның қыз-келіншектері «Мүсірбектің әкелген еті семіз екен, пісіргенде сорпаның бетіне бір елі май шықты», – деп саған қатты риза болып жатыр. Рақмет! Осылай деп Есақаң қолымды қысып, қапсыра құшақтады. Шыны керек, ол солай дегенде неге екенін білмеймін, жанарым жасаурап кетті…

* * *

«Орал өңірі» газетінің меншікті тілшісі болған жылдарымда Беркінғали інімізге қоса, басқа да шаруашылықтардың басшылары Жұмагелді Қадыралиев, Кейпін Төлегенов, Ерболат Атқаев, жеке кәсіпкер Самат Ғабдуллин  сынды азаматтар газетке барынша көмектесіп отырды. Сол бір қиын жылдарда Кейпін ініміз журналистердің жеке өздерінен де көмегін аямағанын айта кетуіміз керек.

Қысылғанда қасыңнан табылып, қиындықтан шығар жолды бірге таңдасатын ақеділ азаматтардың болғаны қандай жақсы, шіркін!

Мүсірбек  АЙТАШЕВ,

Сырым  ауданы

Газет тариxы

Басқа да мақалалар