21.06.2017, 23:33
Қараулар: 181
Жаңа жобалар жүзеге аспақ

Жаңа жобалар жүзеге аспақ

PRI_9525


Сейсенбі  күні  облыс  әкімдігінде  облыс  әкімінің  бірінші орынбасары  Арман  Өтеғұловтың  төрағалығымен  жиын  өтті.


Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде өңірдегі атқарылған жұмыстардың барысымен танысу мақсатында өткен шараға  зиялы  қауым  өкілдері  қатысты.

– Елбасының  бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін облыста жобалық кеңсе құрылды. Жобалық кеңсенің басшысы «Болашақ» корпоративтік қорының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Салтанат Тұманбаева болса, кеңсе мүшелерінің қатарында «Нұр Отан» қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Дәулетжанов  пен  облыстық балалар-жасөспірімдер экологиясы және туризм орталығы директорының орынбасары Гүлсім Мусағалиева бар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген мақсаттарды жүзеге асыру ауқымындағы осы кезге дейін атқарған жұмыстар мен болашақта іске асатын жобаларға тоқталатын боламыз, – деді облыс әкімінің  бірінші  орынбасары  Арман  Кәрімұлы.

Келесі сөз кезегін алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов  «Атамекен», «Ақпарат толқыны»  бағдарламалары бойынша өз ұсыныстарын  жеткізді.

– Өңірде жаңадан құрылған жобалық кеңсенің жұмысы төрт бағыт бойынша өрбиді. Олар «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына» және «Ақпарат толқыны»  болмақ. Облыстық ішкі саясат басқармасы «Атамекен» мен «Ақпарат толқыны» бағдарламасын жүзеге асырады. «Атамекен» бағдарламасының негізгі мақсаты – облыс  тұрғындары мен  кәсіпкерлердің елге, жерге деген сүйіспеншілігін, жанашырлығын  ынталандырып, үздік нәтижелерін халыққа көрсету. Облыстық ішкі саясат басқармасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде нақты жұмыстар атқаруда. Осы орайда мемлекеттік құрылымдардың, облыстық ҚХА, үкіметтік емес ұйым мүшелерінен, мәслихаттардың депутаттарынан  ақпараттық топ құрылып, облыстың 12 ауданының  84 елді мекенін аралап, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оған 6 мыңнан астам тұрғын қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында 326 материал жарық көрді.  Болашақта  аудандық, қалалық, облыстық  «Жомарт жүрек» салтанатты  шаралары  жүзеге аспақ. Сонымен қоса «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында пікірталас клубтарын, акциялар мен салауатты өмір салтын насихаттауға арналған іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған болатын. Дарынды, көшбасшы жастарды анықтау үшін «Жыл үздігі – 2017» жастар  сыйлығын табыстау рәсімі өтпек. Облыс бойынша туған жерінің дамуына ерекше үлес қосып, еңбегін сіңірген 114 тұлғадан тұратын тізім жасақталды. Сондай-ақ БАҚ өкілдерімен өңірдің тарихи, киелі жерлеріне экспедиция ұйымдастырып, облыстық ғылыми танымдық пресс-турлар өткізу жоспарлануда, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Хаберұлы.

Басқосу барысында облыстық білім басқармасының басшысы  Айгүл Мыңбаева Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде дайындалған  «Тәрбие және білім» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті. Айгүл Әділгерейқызының мәліметінше, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы 2017-2022 жылдар аралығында жүзеге аспақ. Осы жылдар аралығында  облыс бойынша  92 іс-шара өткізу жоспарланса, жобаның жалпы құны 669,4 млн. теңге болмақ.  Биылғы  жылға 24 млн. теңгеден астам  қаражат қаралса, қосымша қаражат 5 млн. теңгені құрайды. Облыстық білім басқармасы «Тәрбие және білім» бағдарламасы бойынша жыл бойы ақылы мен ақысызын  қосқанда 76 шара өткізген.

Ал облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов Елбасының  мақаласында айтылған «100 жаңа есімді» анықтау мәселесі төңірегіндегі жұмыстар барысымен таныстырды. Ғайса Хамидоллаұлының айтуынша, өңірдегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында БҚО ҚХА жанынан 25 адамнан тұратын комиссия құрылған.  Қазіргі уақытта облыс бойынша «100 жаңа есім» тізіміне енетін 145 үміткердің аты-жөні тіркелген. Бұл тізім әлі де жалғасатын болады. Сонымен қоса облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов «Туған жер» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарды  баяндады.

– Өңірімізде «Туған жер» бағдарламасы негізінде ғалымдар мен өлкетанушылардан құралған жұмыс топтары құрылды. Жұмыс тобының мақсаты – Ақ  Жайық өлкесіндегі тарихи жерлер мен киелі орындарды, археологиялық сәулет ескерткіштерін  зерттеп, елімізге таныту. Ұлттық қорымызды насихаттау мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ел іші – өнер кеніші» жобасы бастау алды. Бұл жоба ұлттық өнерімізді, соның ішінде өңіріміздегі қолөнер шеберлерін таныту мақсатында жүзеге аспақ. Алашорданың құрылғанына 100 жыл толуына орай экспедиция ұйымдастырылып, шаһарда Алашорда музейі ашылмақ. «Түнгі музей» жобасы да  республикадағы  алғашқы жобалардың бірі. Хадиша Бөкеева  атындағы облыстық қазақ драма театры 14 қойылым  дайындау барысында. Облыстық кітапханалар, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы онлайн конференциялар, басқосулар, мәдени шараларды  жүзеге асыруда. Болашақта өңірдегі қолөнершілердің басын қосып,  Жайық қалашығын аспан асты музей іспеттес ұйымдастыру жоспарда бар, – деді Дәулеткерей Атауұлы.

Сондай-ақ басқосуға қатысқан зиялы қауым өкілдері  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласына орай ұсыныс-пікірлерін айтты. Бұл жиынның келесі отырысы маусым айының аяғында  жалғаспақ.

Гүлсезім  БИЯШЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар