21.06.2017, 23:26
Қараулар: 145
«Цифрлық ізіңіз» заңға қайшы емес пе?

«Цифрлық ізіңіз» заңға қайшы емес пе?

20170621123214


Кеше  Елордадағы  «Қазмедиа»  орталығында  ҚР Ақпарат  және коммуникациялар  министрі  Дәурен  Абаев  халықпен  есептік  кездесуін  өткізді.  Онлайн  режимінде  өткен  жиынға  еліміздің  барлық  өңіріндегі  мемлекеттік  құрылымдар  мен  бизнес  қауымдастықтың, қоғамдық  ұйымдар  мен  БАҚ  өкілдері  қатысты.


Есеп беру барысында Дәурен Абаевтың баяндауынша, Елбасы былтыр құрылған министрліктің алдына ақпараттық кеңістікті нығайтуды, отандық масс-медианың деңгейін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясат пен мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруды, сонымен қатар цифрландыруды алға жылжытып, байланыс сапасын жақсартуды тапсырды. Бұл бағытта біраз жұмыстар атқарылды. Жалпы, аталмыш мәселелер Елбасы Жолдауында да жан-жақты қамтылғаны белгілі.

– Коммуникациялық инфрақұрылым – өте  өзекті мәселе. Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттердің бірі де осы коммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту болатын. Биылғы Жолдауында да оптикалық-талшықты инфрақұрылыммен жаппай қамтуды тапсырды. Жалпы, цифрлық индустрияны құру үшін, ең бірінші, халықты  ғаламтормен қамтамасыз ету қажет екені анық.

Қазір ауылдардың көпшілігінде ғаламтор байланысы бар. Бірақ оның сапасы сын көтермейді. Сондықтан қазір «Ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін құру» жобасын жүзеге асыруға бар күшімізді салудамыз. Осы жоба сәтті жүзеге асса, алдағы үш жылда 1900 ауылға желі тартылып, 5 миллионға жуық адам сапалы  ғаламторға қол жеткізбек.

Министрлік отандық ақпарат құралдарының халық үшін тартымдылығын арттыру жұмысын да жүйелі жүргізуде. Соның ішінде мемлекеттік телеарналар бойынша үлкен шаралар жүзеге асып, телеөнімдердің сапасы артты. Атап айтқанда, «OTAU TV» пакеті арқылы «Хабар», «Қазақстан», «KazSport» телеарналары HD форматында жұмыс істей бастады. Аналогты хабар тартудан біртіндеп цифрлық хабар тарату жүйесіне ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Қазір халықты цифрлық эфирмен қамту 77 пайызға жетті. Отандық спутниктің телевизия абоненттерінің саны 1,3 млн. жанға жуықтады. Сондай-ақ халықаралық тәжірибе мен оқырмандардың қалауын ескере отырып, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріне редизайн жүргізілді. Қазір бұл газеттер толық түрлі-түсті форматта шығуда. Олардың сайттары да үлкен жаңғыртудан өтіп, ықпалды ақпарат ресурсына айналды, – деді Дәурен Абаев.

Министр сондай-ақ әлеуметтік желіде суицидті насихаттауға қарсы бағытталған шараларға да тоқталды. Оның айтуынша, жыл басында қазақстандық жастарды суицидтік бағыттағы түрлі топтар мен қоғамдастықтарға тартатындығы жайында ақпараттар масс-медиада қарқынды тарады. Министрлік ҚР Бас прокуратурамен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп мұндай топтар мен қоғамдастықтарды анықтау, оларға кіруге шектеу қою бойынша нақты шаралар қабылдады. Соның нәтижесінде жыл басынан бері әлеуметтік желіде суицидті насихаттайтын 600 ақпараттық материалға, 50 қоғамдастыққа кіруге шектеу қойылды. Министрліктің ресми сайтында арнайы бөлім ашылған. Онда кез келген азамат өзі күдікті санаған материал немесе ресурс тапқандығы туралы мәлімет қалдыра алады. Олар міндетті түрде тексеріледі. Сонымен қатар байланыс операторларымен бірлесіп, балаларға нұқсан келтіретін ғаламтордағы мәліметтерді сұрыптау мәселесі қолға алынбақшы. Яғни балаларға арналған арнайы топтар әзірленеді. Онда білім беретін және танымдық сайттардың тізімі болады.

Аталмыш ведомство басшысының баяндамасынан соң сауалдар қоюға мүмкіндік жасалды. Батысқазақстандықтар атынан сұрақ қойған «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин әлеуметтік желі кейбір пайдаланушылар ресми тұлғалардың, танымал адамдардың ар-намысына тиюді әдетке айналдырғанын тілге тек ете келіп, әлеуметтік желіде бұқаралық мәдениетті қалыптастыру жаңадан дайындалып жатқан БАҚ туралы заңда қаншалықты қарастырылғанын сұрады. Министр әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпаратты жариялау немесе адамға тіл тигізу бүгінгі қоғамдағы үлкен мәселе болып отыр-ғандығын баса айтты.

– «Цифрлық із» деген ұғым бар. Біз мұны ұмытпауымыз керек. Ол уақыт өте келе, яғни 10-15 жылдан кейін алдан шыға келуі мүмкін. Мәселен, АҚШ-та виза беру кезінде адамдардың фейсбукте немесе басқа да әлеуметтік желілерде не жазғанын тексереді. Соған сараптама жасай келе, виза бермеуі де мүмкін. Демек, әркім өзінің «цифрлық ізінің» заң атаулыға сәйкес болуына ұдайы мүдделілік танытуы тиіс, – деді Дәурен  Әскербекұлы.

Ал ғұмырының қырық жылын журналистика саласына арнаған астаналық Ғазиз Бейсенбаев сайттағы, телеарналардағы тілшілердің сауатсыздығына қатысты мәселе көтерді.

– Егер мұндай сауатсыз журналистер мемлекеттік телеарналарда қызмет жасайтын болса, шара қолдануға болады. Ал жеке меншік  арналарда болса, біз ештеңе істей алмаймыз. Бұл сайтқа да қатысты. Егер осындай талаппен біз бір сайтты жапсақ, журналистер, халықаралық ұйымдар «Қазақстанда сөз бостандығы жоқ» деп шулайтыны белгілі. Бұл мәселені шешу оқырмандардың қолында. Яғни ондайларды оқымай қою керек. Біздің министрлік жүз мыңдаған сайтты бақылап отыра алмайды ғой. Сауаттылықты қарау – министрдің емес, редактордың жұмысы. Сондықтан бұл мәселені қоғам ғана шеше алады, – деді  министр.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар