21.06.2017, 23:21
Қараулар: 123
Криминалист бойжеткен

Криминалист бойжеткен

IMG_7230


Сырым аудандық ішкі істер бөлімінде Гүлдана Айдын есімді қаракөз аруымыз  қызмет етеді. Мен оны заңгер не болмаса құжаттарға жауапты маман шығар деп ойлайтынмын. Талдырмаш бойжеткенге кеңсенің айналасынан басқа қызметті қимайсың. Сөйтсем, бұл ару осы бөлімнің білдей криминалист маманы екен.


Жалпы, криминалистика дегеніміз – үлкен ғылым. Анау-мынау емес, қылмыстық және азаматтық істерді қарау кезінде соттық дәлелдемелерді жинақтаудың, тиянақтаудың, зерттеудің және пайдаланудың арнаулы әдіс-тәсілдері мен құралдары жүйесін жасақтайтын ғылым. Криминалистиканың ресми түсіндірмесі осылай. Түсіндірмеде тізіліп тұрған жұмыстың бәрін атқаратын адамды криминалист деп атайды. Осы кезге дейін криминалистика негізі ер адамдардың ыңғайына келетін сала деп ойлап жүретінмін. Ал Гүлдананы көргенде, өзімнің қате ойлағаныма көзім жетті.

Гүлдана Айдын – Сырым елінің Аралтөбесінің қызы, ата-анасы әлі сол ауылда тұрады. Жасынан ер балалардың ортасына жақын өскен. Содан шығар, мінезі өжет әрі батыл. Ол ауылдың орта мектебін аяқтағаннан кейін Алматы қаласындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түседі. Ал академияға түсу – екі жігіттің бірінің емес, екі жігіттің екеуінің де арманы ғой. Сол арманға қарапайым ауылдың қаршадай қызы жеткеніне қалайша қуанбассың? Оқу бітіріп, елге оралған ол екі жылдан бері Сырым аудандық ішкі істер бөлімінде криминалист болып  қызмет етіп келеді.

Криминалистің қатыспайтын жері жоқ. Өлім болсын, ұрлық жасалсын, жол-көлік оқиғасы орын алсын, әйтеуір, қылаң еткен қылмыстың орнында қазір осы Гүлдана жүреді. Барады, оқиға орнын зерттейді, зерделейді, айғақтарды тәркілеуге қатысады, фототіркеу мен бейнетіркеуді де өзі жасайды. Кейін тергеушілерге материал дайындайды. Әрі қарайғы іске тергеушілер кіріседі. Ол әріптес ағалары, тәжірибелі тергеушілер Мұрат Қаналиев, Талғат Жүсіпқалиев, анықтаушы Дархан Хайруллин сынды азаматтармен әр кез тығыз қарым-қатынаста екенін және олардың ақыл-кеңестеріне үнемі құлақ түріп жүретінін де жасырмады.

Гүлдана Айдын – бүгінде аға лейтенант. Жұмыста әділдікті сүйеді. Өйткені криминалисттің пікірі көп нәрсені шешеді. «Менің ішкі істер саласының құрметті сала екенін дәлелдегім келеді. Қылмыстың көбі адам өліміне әкеліп соғады» деген оған, «Өлген адамнан қорықпайсың ба?» деген сұрақ қойып қалдым сөз арасында. Ол да аузымдағы сөзді жұлып алғандай:

— Жоқ. Өлген адамнан қорқуға болмайды. Керісінше, қазір өлгеннен емес, тірі адамнан қорқу керек! – деген еді әзіл-шыны аралас. Жүзіне «мейірімі» ұялағаны сол еді, әлгі сөздерден кейін өңін әп-сәтте суытып жіберді. Әзіліне әзіл қосып, әрі қарай бірдеңе дегім келіп еді, бірақ криминалист қызға батылым бармады. Сол күйі дым деместен, сұхбатқа уақыт бөлгені үшін рақмет айттым да, шығуға асықтым.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар