21.06.2017, 23:19
Қараулар: 85
Полицияда – 104 жыл!

Полицияда – 104 жыл!

23 маусым – Қазақстан полициясы күні

SWScan01714


Ұрпақтар сабақтастығы, аға буынның кейінгі толқынмен еңбек тәжірибесін бөлісуі Орал қалалық ішкі істер басқармасының күнделікті қызметінен көрініс табуда. Басқарма еңбек өтілі ғасырды құрайтын, кәсіптері атадан балаға мирас болған еңбек әулеттерін мақтан тұтады. Соның бірі – ішкі істер органындағы еңбек өтіліне биыл 104 жыл толатын Сейілевтер әулеті.


Орал қалалық ІІБ-ның есірткіге қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция майоры Мақсот Сейілевтің ағасы Қуаныш 1957 жылы Приурал ауданының Спартак ауылында туып, өсіп-өнген. Жас жігіт жүрек қалауымен 1972 жылы ішкі істер органына қызметке орналасты. Жылдар өткесін өз ісінің шебері, сауатты қызметкер атанып, құрметке ие болды. Ол азаматтармен сөйлесу кезінде ұстамды, парасатты болып, заң аясында жұмыс жасай білген. «Адал еңбек етсең, ел-жұртқа сыйлы боласың» деп отыратын еді», — дейді М. Сейілов ағасы жайында. Табан аудармастан қоғамдық қауіпсіздік саласында 25 жыл қызмет еткен Қуаныш 1997 жылы полиция майоры шенімен зейнеткерлікке шықты.

Мақсот Қарайұлының екінші ағасы Аманкелді 1966 жылы туған. Ағасының ізімен ішкі істер органына қызметке орналасқан оның қызметі тұрғындарға жақын болды. Құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық құқықбұзушылықтың жолын кесу, алдын алу, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша өндіріс және қылмыстық әрекет бойынша хаттама түрінде сотқа дейінгі тергеу жұмысын жүргізу мақсатында жұмыстанды. Туған ауылында учаскелік полиция инспекторы қызметінде ақсақалдармен бірлесе жұмыстанып, тентектерді ілезде тезге салып жүрген. Зейнет жасына жақындағанда ұжымы тәртіп сақшысының беделі мен еңбекқорлығын ескеріп, бірінші орынбасар болуын өтінді. Ол Приурал аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары қызметінен полиция майоры шенімен зейнет демалысына жетті.

Осынау отбасылық әулеттің тағы бір мүшесі – Мақсоттың ағасы Мырза да ішкі істер органында 25 жыл қызмет атқарып, құрметті демалысқа шықты. 1972 жылы дүниеге келген ол екі ағасы сияқты органда қызмет еткенді ұнатып, осы салаға орналасқан. Ішкі істер органында жол полициясының инспекторы лауазымына тағайындалып, жол үстінде қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Полиция старшинасы шенімен толық 25 жыл қызмет сапынан табылған, бүгінде зейнет жасына жетіп, отбасы, ұрпақтары қасында отырған ағасын Мақсот мақтан етеді.

1975 жылдың 26 қаңтарында туған М. Сейілев мектеп бітіргесін, 1993 жылы әскер қатарына шақырылды. Әскерден келгесін еңбек ұжымына араласып, Орал қаласындағы жылы әрі қысқы өнімдер шығаратын «Аяз» фабрикасына жұмысқа кірісті. Құқық қорғау саласындағы қызметі 2001 жылдан басталды. Облыстық ішкі істер департаменті патрульдік полиция қызметінде 2004 жылға дейін еңбек етті. 2004 жылы Орал қалалық ішкі істер бөлімінің есірткіге қарсы күрес бөлімшесіне ауысты. Есірткі қылмысына тосқауыл қою, есірткі және психотроптық заттарды пайдаланушылармен күресте тынбай қызмет етуде. Мақсот Қарайұлы осы жылдар арасында құқық қорғау саласының жедел уәкілі, аға жедел уәкілі қызметтерін атқарды.

2010 жылы осы бөлімнің бастығы болып бекітілді. 16 жыл еңбек өтілінде полиция майоры Мақсот Қарайұлы есірткі бизнесінің алдын алу, оған тәуелділіктен құтылу мақсатында облыс пен қала аумағында түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Ол бүгінде аталған бөлімшені басқарумен қатар, өңірдегі есірткі тасымалына тосқауыл қою жұмысымен жүйелі айналысады. М. Сейілевтің інісі Кенжетай Қарайұлы да ішкі істер органы қатарында. 35 жастағы інісі Приурал ішкі істер бөлімі уақытша ұстау изоляторының инспекторы қызметінде. Полиция аға сержантының еңбек өтілі – 13 жыл. Осылайша, Сейіловтер әулеті өмірлерінің 104 жылын полицияға арнапты.

 Гүламан ИСМАҒҰЛОВА,

Орал қалалық ІІБ-ның баспасөз қызметкері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар