21.06.2017, 23:16
Қараулар: 27
Зеленов ауданының әкімі Кәрім ЖАҚЫПОВ: «Игерілмеген жерлер қайтарылып, жер қадірін білетіндерге берілді»

Зеленов ауданының әкімі Кәрім ЖАҚЫПОВ: «Игерілмеген жерлер қайтарылып, жер қадірін білетіндерге берілді»

IMG_9216


— Кәрім Кәримоллаұлы, сіз басқаратын аудан – біздің облыстағы ең көп ұлтты аудандардың бірі. Сол себепті, ең әуелі, ел-жұртыңыздың ынтымағын нығайтып, ырысын молайту мақсатындағы жоба-жоспар, іс-әрекеттеріңіз туралы білсек деп едік?


— Қазақ елі – тәуелсіздігі мен мемлекеттігін нығайтып, әлеуметтік-экономикалық ахуалын барынша жақсарта түсу арқылы халықтың бақуатты өмір сүруіне барлық жағдай жасауға, сол арқылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мұрат тұтқан мемлекет. Бұл мақсат-мүддеге қол жеткізу үшін, ең алдымен, халықтың бірлігі мен берекесі, ынтымағы қажет екендігі түсінікті. Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 4-бөлімінде біртектілік пен бірлік мәселесі айрықша аталатыны сондықтан деп білемін. Ауданда Қазақстан халқы ассамблеясының концепциясын жүзеге асыру мақсатында жұмыс жоспары жасақталып, қоғамдық келісім кеңесі құрылды. Әр ауылда құрылған келісім кеңестері елдегі саяси, этносаралық тұрақтылықты нығайту жолында жемісті жұмыстануда. 2016 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылып, Бөкей ордасы ауданының делегациясы біздің ауданға сапарлап келсе, тиісінше ауданның делегациясы Қазталов ауданына барып, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шараларға белсенді атсалысып, ел-жұрттың татулығы мен жарасты тірлігін жетілдіру бағытында тәжірибе алмасты. Қандай іске де бір атаның баласындай жұмылатын жұртымыздың берекесі артып, ырыздығы молайып келеді. Сондай-ақ Ресей Федерациясының ауданымызға қоңсы қонған бес ауданымен мәдени-экономикалық байланысымыз үзілген емес. Осылайша ынтымақ, сыйластық, өзара тиімді қарым-қатынас сынды құндылықтар тату-тәтті өмір сүріп жатқан аудан жұртының берік ұстанымына айналуда. Сіз айтып отырған ырысты молайту жолы да осы ғой. Бірлігі бекем болса, ел жасампаз еңбекке жұмылып, ырысы артады.

— Жат діни ағымдарды ел ішінен біржола аластату жолында қандай шаралар атқарылуда?

— Өкінішке орай, жат діни ағымның жетегінде жүрген жастарымыз әлі де баршылық. Әсіресе, білекті сыбанып еңбек ететін, елге пайдалы іс қылатын жастағы жігіттердің теріс ағымның шылауынан саналы түрде бас тартпауы қынжылтады. Дегенмен ыждағаттылықпен атқарған жұмыстардың нәтижесі көрініп келеді. Аудан әкімдігі жанынан құрамына мекеме, бөлім басшылары, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, аудан аумағындағы діни нысандардың қызметкерлері (мешіт имамдары, шіркеу протоиерейлері) үкіметтік емес ұйым өкілдері енген діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі кеңес жүйелі жұмыстануда. Кеңес отырыстарында ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері, прокуратура өкілдері, округ әкімдері мен мектеп директорлары тыңдалып, жұмыс нәтижесі талқыланып тұрады. Сонымен қатар 14 адамнан тұратын діни толеранттық және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша ақпараттық-насихат тобы жұмыс жасайды. Рухани құндылық, діни таным, ұлттық салт-сана туралы әңгіме өрбітіп, халықпен ұдайы әңгіме-дүкен құратын топ мүшелері дінге қатысты қоғамдық мәселелердің шешімін тауып, түсінік жұмыстарын жүргізуде. Мектеп оқушысының киім үлгісі, балаларға екпе салдырудан бас тарту, бізге жат діни наным-сенімге байланысты себепсіз сабаққа қатыспайтын балалардың ата-аналарымен ықпалды қарым-қатынас орнатуда ақпарат тобы ерекше белсенділік танытуда. Ол топтың құрамына облыс орталығынан және өзге облыстардан арнайы шақырылған теологтар енгізіліп отырады. Діни сауаты терең, білімді мамандар мектеп оқушыларымен және жастармен көбірек кездесіп, сақтандыру шараларын ескертуде. Тұрғындарымызды діни ақпараттандыру мақсатында, сондай-ақ мектептерде тарих сабағы мен дінтану курстарында, сонымен қатар тәрбие сағаттарында қолдану үшін аудандық «Ауыл тынысы» қоғамдық-саяси газеті дін істері басқармасында дайындалған ақпараттық-танымдық мақалалар жариялап келеді. Ақпараттық топ биыл екі бағытта жұмыстана бастады. Бір топ аудан тұрғындарына, мектеп оқушыларына діни дұрыс ақпарат беру бағытында, екінші топ дәстүрлі емес бағытты ұстанып жүргендермен жұмыстануда. Аудандағы Достық, Переметный, Мичурин, Трекин сынды ірі ауылдық округтерде жат ағымға арбалған тұрғындармен кездесіп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыруда. Жамағаттың дұрыс жол таңдап, дәстүрлі дінге бет бұруларына жергілікті мешіт имамдары да ерекше ықпал етуде.

Жат діни ағымдарды ел ішінен біржола аластату үшін халқымыз ел болып жұмылып отыр. Соңғы екі жылда аудан көлемінде үш бірдей мешіттің бой көтеруі – осының айғағы. Дариян ауылындағы мұсылмандар мешітінің құрылысы аяқтала келсе, Переметный және Асан ауылынан салынып жатқан мешіттер биыл пайдаланылуға берілмек. Халықтың үлкен қолдауы, кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен салынып жатқан ғибадат үйлері ел игілігіне қызмет етеді деп ойлаймын.

— ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруының басым бағытының бірі ретінде адам капиталының сапасын арттыру екендігін екпін түсіріп айтқаны мәлім. Сіздің ауданда бұл бағытта нендей іргелі шаруалар қолға алынып, атқарылуда?

— Елбасының биылғы Жолдауының төртінші басымдығы – адам капиталының сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстанудамыз. Бұл бағыт бойынша аудандық штаб құрылып, мобильді топтар жұмыстануда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы сынды өміршең өзгерістер туралы ауыл-ауылда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек аудан тұрғындарының әлеуметтік мәртебесін анықтау жұмыстары жүруде. Сонымен қатар ауданда жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың болжамды тізімі анықталды, 2018 жылға 716 адамы бар 139 отбасыға 24862,0 мың теңге қаражат қажеттілігі есептеліп, облыстық басқармаларға жолданды.

Мемлекеттік «Өрлеу» жобасына ағымдағы жылы 25 отбасын қатыстыру жоспарланса, сәуір айынан бастап шартты ақшалай көмек беріле бастады. «Өрлеу» жобасына жергілікті бюджеттен 3062 мың теңге, республикалық бюджеттен 10756 мың теңге бөлінді.

Президентіміздің биылғы Жолдауынан бастау алған 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы тұрғындар тарапынан кең қолдауға ие болды. Аудандық ведомствоаралық комиссия және мобильді топтар арқылы тұрғындарға бағдарламаның артықшылықтары түсіндіріліп, «БастауБизнес» жобасымен 35 тұрғын курстан өтсе, екінші лекте 32 адам оқытылуда. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының «Береке» бағдарламасы арқылы 29 тұлға, «Ырыс» бағдарламасы арқылы үш кәсіпкер жеңілдетілген несие рәсімдеп, өз істерін бастады.

— Кәрім Кәримоллаұлы, өңірде егілетін егіс алқабының айтарлықтай ауқымы Зеленов ауданына тиесілі. Биыл егіс науқаны қалай ұйымдастырылды? Зеленовтық диқандар қанша гектарға қандай дақылдардың тұқымын септі?

Көктемгі егіс науқаны табиғаттың аз-мұз қолайсыздығына қарамастан, тиімді ұйымдастырылды. Ылғал жабу, тырмалау, жер жырту, тұқым дәрілеу шаралары толыққанды атқарылып, 210,0 мың гектар алқапқа дән себу жоспарланды. Науқан қорытындысында жоспар артығымен орындалып, 215,8 мың гектарға жетті. Соның ішінде күздік бидай 41,1 мың гектар, жаздық дәнді дақылдар  91,0 мың гектар (соның ішінде: жаздық бидай – 72,0 мың га, арпа – 15,5 мың га, тары – 1,36 мың га, сұлы – 0,05 га, дәнді құмай – 1,654 мың га, ноқат – 0,44 мың га, қарақұмық – 0,04 мың га) алқапқа себілді. Бұған бұрын егілген 41,1 мың гектар күздік бидай мен 35,0 мың гектар көпжылдық шөп те кіреді. Сонымен қатар 14,9 мың гектарға мал азықтық дақылдары, 30,6 мың гектарға майлы дақылдар себілсе, 1,562 мың гектарға картоп, 1,24 мың гектарға көкөніс, 0,45 гектарға бақша егу жұмыстары атқарылды. Биыл егілетін күздік және майлы дақылдарға дайындалған сүдігер көлемі 60 мың гектарды құрады. Көктемгі егіс науқанына ағымдағы жылы литрі 122 теңгеден 4 945 тонна дизельді жанар-жағармай бөлініп, 156 шаруашылыққа үш айда таратылып берілді. Мемлекеттің айтулы қолдауының арқасында диқандар мен бағбандар мүмкіндікті мүлт жібермей, науқанды тиянақты атқарып шықты.

— Соңғы кездері Елбасы ұсақ шаруа қожалықтарының ірі агрокооперативтерге бірігуі даму талабы екендігін жиі айтып жүр. Зеленов ауданы бойынша осы шаруаның жүзеге асу қарқыны сізді қанағаттандыра ма? Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан қанша гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды?

— 2015 жылы аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде ауыл шаруашылығы мақсаты бойынша пайдаланбайтын, яғни игерілмейтін жалпы көлемі 78068,36 мың гектар жер анықталып, соның ішінде 57464,9 мың га егістік, 18006,8 мың га жайылым, 2432,4 мың га шабындық жер учаскелері қайтарылып, басқа тұлғаларға беру арқылы айналымға енгізілді.

2016 жылы жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын, яғни игерілмейтін жалпы көлемі 18710,3 мың га, соның ішінде 12478,2 мың га егістік, 5893,4 мың га жайылым жер учаскелері қайтарылып, басқа тұлғаларға беру арқылы айналымға түсті.

2017 жылы анықталған пайдаланымнан тыс жер учаскелерінің жалпы көлемі 4843,8 мың гектарды құрады. Соның нәтижесінде 4233,8 мың га егістік, 576 га жайылым, 20 га шабындық мемлекет меншігіне қайтарылды.

Түйіндей айтсам, игерілмей жатқан жерлер қайтарылып, жер қадірін білетіндерге берілді.

— Кәрім Кәримоллаұлы, Зеленов ауданындағы мал шаруашылығына қатысты жағдайдың жай-жапсарын айтып берсеңіз. Сонымен қатар құрылыс қарқынын төмендетіп алған жоқсыздар ма?

— Аудан бойынша бүгінгі күнге отбасылық бордақылау алаңдарын құру үшін 29 жеке шаруа қожалығы несие алуға өтініш түсірді. Жиырмаға жуық отбасы несие алса, тағы алпысқа жуық отбасы өтінім берді. 312 отбасы бордақылау алаңының үлескерлеріне айналды. Өткен жылдары құрылған кооперативтер қайта тіркеуден өтіп, жұмыстарын жүйелей түссе, жыл басынан бері ауданда мал тұқымын түрлендіру, бордақылау, ет өндіру, сүт өңдеу, бау-бақша егу бағытында жеті АӨК (ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі) құрылды. Әлі де тұрғындардан кооператив мүшелігіне енуге өтінімдер қабылдануда.

Ауданда құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Өткен 2016 жылдың өзінде Трекин ауылдық округіне қарасты Володар ауылының солтүстік-батыс жағындағы тұрғын үйге арналған 360 жер телімі электр желісімен жабдықталды. Аудан орталығы Переметный ауылы аумағындағы тұрғын үйге арналған 200 жер телімі электр желісі, ауыз су құбырымен жабдықталды. Переметный ауылдық округіне қарасты Озерный елді мекенінде 48 орындық мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Былтыр біраз жыл күн тәртібінен түспей келген көпір салу мәселесі де шешімін тапты. Мичурин ауылдық округінің Зеленый ауылы мен Макаров ауылдық округіне қарасты Садовый ауылының тұсынан Шаған өзені үстінен көпір салынды. Сонымен қатар Белес ауылындағы тұрғын үйлер аумағына электр желісі мен ауыз су құбыры тартылды.

Ағымдағы жылы ауданымыздың инвестициялық жобалары үшін 3,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қаржы негізінен ауыл көшелеріне жол салуға, су құбырын тартуға, елді мекендерді газдандыруға, сондай-ақ тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салуға бағытталмақ. Атап айтсақ, Переметный, Дариян ауылдарында көшелерге асфальт төселеді. Ауыз су мәселесі күрделі болып келген Ақжол, Павлов, Володар, Көшім, Щапов ауылдарына таза ауыз су құбырын жүргізу жұмыстары басталып кетті. Ауданымызда әлі күнге көгілдір отынға қолы жетпей отырған ауылдар бар. Биыл жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, Факел, Владимир, Кіші Шаған, Горбунов, Павлов, Красный свет, Кирсанов ауылдарын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттары мен техникалық-экономикалық негіздемесін дайындаудамыз. Аудандағы құны 1 млрд. 106,5 млн. теңге болатын ең «сүбелі» жоба – Дарияннан бой көтеретін мектеп-интернат кешені. 300 оқушыға арналған мектеп пен 100 орындық интернаты бар кешен құрылысы басталды. Сонымен қатар мәдениет және спорт нысандарына бағытталған жоба аясында аудан орталығынан спорттық-сауықтыру кешені салынып, Дариянда мәдениет үйі күрделі жөнделуде. Переметныйды іргелей ағатын Деркөл өзенінің суын бау-бақша мен мал шаруашылығына тиімді пайдалану мақсатында гидротехникалық құрылым салынуда. Бұған қоса аудан аумағында 26 тұрғын үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындаудамыз. Әрі ауданда әлеуметтік маңызды нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Тек биылдың өзінде Дарияндағы аудандық аурухананың балалар бөлімі мен күндізгі стационары, гараж қосыны күрделі жөнделсе, Павлов, Котельников, Володар, Озерный, Рубежка, Чесноков, Новенький, Үлкен Шаған, Белес, Шалғай ауылдарындағы денсаулық сақтау нысандарына түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Білім саласында Калинин, Янайкин, Зеленый, Достық мектептерін күрделі жөндеу әрі қосымша құрылыс салу үшін құжаттамалары дайындалуда, яғни бұл келер жылдың міндетіне енетін болмақ.

Сұхбаттасқан Бауыржан САЛЫҚҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар