21.06.2017, 23:12
Қараулар: 126
Оралда ит соятындар бар екен…

Оралда ит соятындар бар екен…

Itter 033


Мамыр  айында  Алена  Пригубова есімді  Орал  қаласы  тұрғынының  лабрадор  тұқымды  иті  жоғалады.  Ол  айналасынан  сұрастыра  келе,  өзі  тұратын Самал  шағынауданындағы  «Рябинка» саяжай  қоғамдастығында  күзетші  болып  жасайтын  ұлты  кәріс  Игорьмен  сөйлеседі.  Әңгімеге  араласқан  күзетшінің  әйелі  Аленаның  итін  Владимир  Палихов  есімді  таныстары  алып кеткенін,  оның  қай  жерде  тұратынын айтып  қалады.


– «Айгүл» шағынауданында атын Владимирдің үйіне аға-жеңгемді, достарымды ертіп бардым.

Есікті қызы ашып, әкесінің жоқ екенін айтты. Сыртқа шығып, көршілерін әңгімеге тарттым. Татьяна Кузеева есімді көршісі Владимирдің ит аулаумен айналысатынын растады. Сонымен қатар оның «Победа» гараж иелері қауымдастығында иттерді қамап ұстайтынын  айтты, – дейді  Алена.

Олар айтылған жерге барғанымен, гаражда ешкім болмайды. Гараж маңындағы қоқыс жәшігінен иттердің басы, шашылып жатқан жүні мен сүйектерін көреді. Сол айналада жүрген балалардың біріне болған жайды баяндап, Владимир гаражға келгенде хабарласуын сұрап, телефон нөмірін қалдырып кетеді.

– «Владимир келді» деп балалар телефон шалды. Қайтып барып Владимирмен кездестік. Менің лабрадор тұқымды итімді өзінің алып бара жатқанын көргендер барын жеткіздім. Владимир болса ондай қымбат тұқымды иттер болмағанын, өзінің тек өлген иттерді ақшаға сойып беретінін айтты.

«Игорьдің әйелі Татьяна бұл әңгімені ойдан шығарған», – деді ол. Ақыры Владимирден гаражын қарауға рұқсат алып, ішіне кірдік.

Гаражынан итті іліп соятын құралдарды, бір табақ қан мен қанға былғанған пышақтарды көріп шошып кеттік. Оған қоса гараж сыртында тұрған қоқыс жәшігінен иттердің терілерін көргеніміз тағы бар. Бірақ соңғы сойылған иттің терісі менің лабрадорыма ұқсамады. Владимир итті осылай бөлшектегені үшін 1000 теңге ақша алатынын мойындады, – дейді Алена.

Itter 055Алена келесі күні көргендерін баяндап, жергілікті газеттердің біріне хабарласады. Газет тілшілері ит сойылатын гаражға учаскелік полицеймен бірге барады. Алена «Омега» шағынауданындағы  контейнерлердің бірінде иттер қамаулы тұр деген хабарды естіп, сонда кетеді. Сөйтіп, ол Владимирдің гаражын қарауға полициямен бірге бара алмапты. Полиция барғанша гаражын тазалап қойған Владимир болса, Аленаның  ақпаратын  теріске шығарады.

– Бір кезде маған өзім хабарласқан газет тілшісі қоңырау шалды. Олар гаражға барғанын және ол жерде ешқандай иттің терісін байқамағанын, қоқыс жәшігінен қойдың терісі мен ішек-қарнынан басқа ештеңе көрмегенін айтты, – дейді  Алена  Пригубова.

Біз шулы оқиға кейіпкерлерімен бетпе-бет жүздесіп, мән-жайды өз көзімен көрген облыстық «За жизнь!» қоғамдық қозғалысының төрайымы Юлия Асиновскованы әңгімеге тарттық.

– Екінші күні барғанымызда Владимир Палиховке тиесілі гараж маңындағы қоқыс жәшігінен иттің терілері мен ішек-қарындарын және атылған оқтың гильзасын таптық, – деді Юлия Сергейқызы. Ол осы сөзіне айғақ ретінде бізге өзі түсірген бейнежазба мен фотоларды жолдады. Юлия Асиновскова қалалық прокуратура мен ішкі істер бөліміне осы оқиға жөнінде арыз жазған. Әзірге құзырлы  құрылымдардан  жауап  күтуде.

Итін жоғалтушы Алена Пригубова күзетші Игорь мен әйелі Татьянаның айтқан сөздерін диктофонға жазып алыпты. Күзетші кәріске Владимир Палихов иттің бауырын, өкпесін тегін әкеліп беретіні жазбада бар.

Ал осы сойылып жатқан иттердің еті қайда кетуі мүмкін?!. Итін жоғалтқан өзге де тұрғындар арасында сатылымдағы тартылған етпен бірге таралуы мүмкін деген қауіп бар.

Иә, тартылған еттің арзан бағамен саудаланатынын көріп жүрміз. Фаршты тамыр-таныс, үй аралап, көшелерде сатып жүретіндер де бар. Тартылған етті қандай жағдайда тұтыну керектігін білу үшін Орал қалалық ветеринариялық бөлімнің басшысы Рафик Лұқпановпен сөйлестік.

– Біз Орал қаласындағы 16 базардың барлығын қадағалап отырмыз. Барлық ет өнімдері тексеріліп кіргізіледі. Бірақ дүкендер мен супермаркет, гипермаркет сөрелеріндегі саттықта тұрған ет өнімдерін тексеру құзіретімізге кірмейді. Оның ішінде не болып жатқаны белгісіз. Алдағы уақытта мұндай өнімдерге тексеру ұйымдастыру жөнінде прокуратураға хат жолдадым. Заң бойынша фаршты дайын күйінде сауда сөресіне қоюға болмайды. Тұтынушы алдымен етті таңдап, сосын оны тартып беруді сұрағанда ғана сатушыға дайындап беруге рұқсат берілген, — дейді қалалық ветеринариялық бөлімнің басшысы Рафик  Лұқпанов.

Әділғазы  КЕРЕЕВ,

«Жайық  Пресс»  ақпарат  орталығы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар