21.06.2017, 23:09
Қараулар: 112
Маса мазаны алып тұр…

Маса мазаны алып тұр…

20170620_105938


ҚР  Орталық  коммуникациялар  қызметі  облыстық  филиалы алаңында  Орал  қаласы  аумағындағы масалар  мен  олардың дернәсілдеріне  қарсы  профилактикалық  дезинсекциялық өңдеу  жұмыстарын  талқылаған  баспасөз  отырысы  өтті.  Шараға облыстық  қоғамдық  денсаулық  сақтау  департаментінің  басшысы  Жайдар  Құрманов,  облыстық  энергетика  және  тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы  басқармасының  бөлім  басшысы Серікқали  Қанапин  және  «Дезинфекция»  облыстық  бірлестігі»  жеке  медициналық  орталығының  директоры  Мұрат  Танкеев қатысып,  журналистердің  сауалдарына  жауап  берді.


Мамандар қала аумағында дезинсекциялық өңдеу шараларын өткізу үшін республикалық бюджеттен 48 901,00 мың теңге бөлінгенін мәлімдеді.

– Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы тапсырыс беруші ретінде мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақтылы өткізді. Нәтижесінде «Дезинфекция» жеке медициналық орталығы 23 600,00 мың теңге көлемінде қызмет көрсетуші ретінде бекітілді. Ал қалған қаражат үнемделіп, үкіметке қайтарылуы тиіс. Осылайша екі кезеңге бөлінген масамен күресу шаралары басталды. Алғашқы кезеңнің жұмыстары масаның дернәсілдерін улауға негізделген болатын. Ол 16 сәуірде басталып, мамыр айының ортасына дейін созылды.

Дернәсілдерді улау үшін вектобак биологиялық ларвицид дәрісі аспалы субүріккіш арқылы қолданылды. Аталмыш дәрі өсімдіктер мен жануарларға зиян келтірмейді. Негізінен өзен-көлдердің су тасқыны болған аймақ, тайыз су тоғандары, қысқы қар суы жиналған жерлер және этномологиялық белгілері бар Серебряков, Круглоозерный, Коминтерн, Желаев ауылдары – барлығы 600 гектар  жер  аумағы  қамтылды.

Ал мамыр айының ортасында басталған екінші кезеңде барлығы 6000 гектар аумақты улау жоспарланды. Шыбын-шіркейлер мен масаларға қарсы жұмыстар арнайы техникамен жүзеге асырылуда. Бұл кезеңде қала аумағында орналасқан орман алқаптары, саябақтар және саяжайлар агран препаратымен өңделуде. Қолданыстағы дәрі токсинді болғандықтан, тұрғын үй массивтерінің айналасын өңдеуге біздің құқығымыз жоқ. Авиация арқылы улау көрсетілген сомадан үш-төрт есе көп қаражатты талап етеді, — деді Серікқали Қанапин.

«Дезинфекция» жеке медициналық орталығының басшысы өздеріне бөлінген қаражаттың жеткілікті екенін айтты.

– Тендер уақытында өткізілді. Жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Соған қарамастан маса азаймай тұр. Қала тұрғындарының  арыздары жиілей түсті. Мұның бірден-бір себебі – ауа райының шыбын-шіркейдің көбеюіне қолайлы жағдай туғызуында. Мәселен, жыл сайын Жайық өзені көктем мезгілінде шамамен тоғызыншы мамырға дейін көтерілетін еді. Ал биыл судың келуі 28 мамырға дейін созылды. Сондай-ақ жауыншашын көбейді. Біз дәрінің көлемін қаншалықты көбейтіп улағанымызбен, жауған жаңбыр барлығын шайып кетеді. Ал ол жерді қайта улауға қаражат бөлінбеген. Белгіленген аумақтың 5000 гектары өңделді. Тек қала іші өңделіп қоймай, өзен жағасында орналасқан Зеленов, Теректі аудандары да  дәрімен өңделуі керек. Сонымен қатар тендер ақпан айында өтеді, ал мамырда өзеннің қаншалықты деңгейде көтерілетінін дөп басып айта алмаймыз. Сол себепті жыл сайын қосымша қор қарастырылуы тиіс. Қорыта айтқанда, бөлінген қаражат масаны улауға жеткілікті, дегенмен оң нәтиже көру үшін уланатын жердің көлемін әлі де ұлғайту қажет, – дейді Мұрат Танкеев.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайдар Құрманов өз сөзінде масалардың эпидемиологиялық  зияны бар жәндіктер қатарына жататынын айтып өтті. Сондықтан денсаулық сақтау мекемелерінде маса арқылы жұққан жұқпалы аурулармен ауырған адамдардың  тіркелуі  жіті  қадағалануда.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар