21.06.2017, 23:06
Қараулар: 192
«Мал дәрігеріне жастар оқуын оқиды-ау, бірақ жұмыс істеп жарытпайды»

«Мал дәрігеріне жастар оқуын оқиды-ау, бірақ жұмыс істеп жарытпайды»

ветеринария


Елімізде  мал  шаруашылығының қайта дамуы бір кездері  Кеңес  Одағымен  бірге «жан-жаққа бытырап кеткен» мал  мамандарына  деген сұраныстың  артуына алып келді. Шаруашылықтардың  іріленуі,  ет  және  сүт  өнімдерінің экспортқа  шығарыла  бастауы  ветеринария  саласының  маңызын арттырды.  Қазіргі  таңда  бұл  сала Үкіметтің  басты  назарында.


Өңіріміздегі  ветеринариялық ахуал қандай, ауылдағы шаруа  қожалықтарының  ветеринар  мамандарымен қамтылуы  қай  деңгейде  және  аталмыш  саланың  түйткілді мәселелері  қалай  шешілуде?  Бұл  мәселелер  жөнінде  ҚР  Ауыл шаруашылығы  министрлігі  ветеринарлық  бақылау  және қадағалау  комитеті  Батыс  Қазақстан  облыстық  аумақтық инспекциясының  басшысы  Темірхан  Қонақбаев  әңгімелейді.

– Темірхан Мәулемғалиұлы, ветеринария саласында 30 жылдан астам уақыттан бері қызмет істеп келесіз. Яғни сіз кеңестік дәуірдегі және қазіргі заманғы ветеринарияны қатар көрдіңіз. «Кемелденген» социализм кезіндегі ветеринарияның мықты болғанын барша жұрт біледі. Ал қазіргі өзгерген қоғамдағы ветеринарияның жағдайы нешік? Жалпы, өңіріміздегі  эпизоотиялық ахуал жөнінде де айтып  берсеңіз.

– Кеңес дәуірінде мал атаулының дені колхоз-совхоздардың меншігінде болды. Сондықтан мал шаруашылығында профилактикалық шараларды ұйымдастыру қазіргіге қарағанда әжептәуір жеңіл еді. Шаруашылыққа жауапты адамдар барлық шаруаны мұқият тындырып қоятын. Ал қазіргі кезде мал атаулы жекелердің қолында. Яғни малдың басым бөлігі шаруа қожалықтарында және жеке аулаларда. Оның үстіне мал дәрігерлерімен барлық ауыл түгел қамтылмаған.

Сөйте тұра, өңіріміздегі эпизоотиялық ахуалды нашар деуге болмайды. Қазіргі таңда жалпы елімізде эпизоотиялық ахуал тұрақты. Былтыр, яғни 2016 жылы Атырау облысында ірі қара малға қатысты нодулярлық дерматиттің төрт ошағы тіркелген болатын. Бүгінгі күні бұл жұқпалы індетті жою бағытындағы іс-шаралар аяқталды. Мысалы, осы індетке қарсы екпе жұмыстары Атырау облысында, сондай-ақ қауіптілігі жоғары Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының шекаралық аумақтарында жүргізіліп, аяқтала келді. Халықаралық эпизоотиялық бюроның хабарламасына сәйкес Ресейдің Астрахан облысы, Краснодар және Ставрополь өлкелерінде, Қалмақ, Ингуш және Дағыстан Республикаларында ірі қаралар арасында нодулярлы дерматит (жұқпалы түйіншекті дерматит) ошақтары тіркелген. Малдың жүрмейтін жері жоқ, сондықтан барынша сақ болғанымыз  дұрыс.

Ал енді өз өңіріміздегі екпе жұмысы жөнінде айтар болсақ, биыл  Ақжайық, Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов,  Қаратөбе және Сырым аудандарында барлығы  278174 бас ірі қара мал (91,2%) жұқпалы ауруларға қарсы егілді. Жыл басынан бері жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларынан алты ошақ тіркелді, олар: пастереллез бойынша Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылынан екі ошақ, қарасан ауруы бойынша  Бөкей ордасындағы Сайқын ауылынан және Қаратөбе ауданындағы Қоскөлден төрт ошақ есепке алынды. Барлық ауру ошақтарында ветеринариялық шаралар  толық  көлемде  жүргізілді.

Соңғы үш жылды салыстырып көрсек, жұқпалы аурулар ошағының жылдан-жылға азайып келе жатқанын көреміз. Мысалы, 2014 жылы жануарлардың аса қауіпті ауруларының 68 ошағы анықталды, соның ішінде 37 құтыру ауруы, бір қой шешегі, 23 қарасан ауруы, алты  пастереллез, бір брадзот ауруы болды. 2015 жылы жануарлардың аса қауіпті ауруларының саны біраз кеміп, 44-ке түсті. 2016 жылы одан да азайып, жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларынан 25 ошақ  тіркелді.

Ағымдағы жылы жануарларды сібір жарасына, пастереллез, лептоспироз, листериоз, ірі қара қарасаны, құтыру, оба, брадзот, шешек, ірі қараның нодулярлы дерматиті ауруына қарсы екпе жұмыстарын жүргізу жоспарланып, вакциналар толық көлемде жеткізілді. Қазіргі уақытта тұрғындардың да, шаруа қожалықтарының да малдары егілуде. Аса қауіпті аурулардың алдын алу және диагностикалық іс-шаралар жүргізу жұмысы 2010 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың мал дәрігерлеріне жүктелген. Барлық ауылдық округтерге аса қауіпті аурулардың алдын алу және диагностикалық ісшаралар жоспарын орындау мақсатында бюджеттен қосымша қаражат бөлініп отырады. Жергілікті атқарушы құрылымдардың мал дәрігерлері сол қарастырылған қаржыдан өздеріне қажетті құрал-жабдықтарға қаражат бөлдіруі керек. Жалпы, облысымыздың барлық ауылдық округтері 148 ветеринарлық пунктпен қамтылған, солардың 65-інің арнайы жұмыс орындары бар. 82-сінің жұмыс орны ауылдық округ әкімдерінің ғимаратында орналасқан. Ал бір ветеринар маманның жұмыс орны жалға алынған үй-жайда. Арнайы жұмыс орындарымен қамту жұмысына қосымша қаржы қарастырылуда. Бұған қоса ҚР заңнамасында мемлекеттік ветеринар-дәрігерлер мен инспекторларға шарт негізінде қызметтік үй-жай беру белгіленді.  Осыған орай облыс бойынша 13 ветеринария стансасы және 148 ветеринарлық пункт қызметтік кеңселермен қамтылды. Осылайша мал мамандарының ауылдарға тұрақтап қалуы үшін мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалуда.

Облыс бойынша аудандық ветеринарлық стансаларда 178 бірлік және ауылдық округтердегі ветеринарлық пункттерде 606 штаттық бірлік бар. Қазіргі таңда қалалық  және аудандық ветеринарлық стансаларда 71 адам қызмет жасайды. Ал ветеринарлық пункттерде 529 адам жұмыс істесе, соның 167-сі – мал дәрігерлері, 297-сі – ветеринарлық фельдшерлер, 65-сі – ветеринарлық санитарлар. Мал мамандарының ауылдарда қаншалықты жетіспейтінін  (184 бірлік) осы деректерден-ақ байқауға болады. Біздің саладағы ең басты проблема, міне, осы. Облыста ветеринария саласындағы бақылау және қадағалау жұмысын  облыстық, аудандық аумақтық инспекциясының ветеринарлық-санитарлық инспекторлары атқарады. Олардың саны – 61. Облыс аумағында шаруашылық субъектілері бойынша аттестаудан өткізілген барлығы 33 мал маманы бар.

Мал дәрігері мамандығына жастар оқымайды емес, оқиды-ау, тек осы сала, осы бағыт бойынша жұмыс істеп жарытпайды.  Мал маманының тапшы болып отырғаны, міне, осыдан. Мал дәрігерлерінің тапшылығын жою үшін оларға ауылда жұмыс істеуге жағдай жасаумен бірге, грантпен оқыған жастарды мемлекет қаражатын толық өтейтіндей етіп, бір амалдар қарастыру керек деп ойлаймын.

– Ветеринария саласына мемлекет тарапынан қандай көмек-қолдаулар көрсетілуде?

– Былтыр эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізуге республикалық бюджеттен біздің облысқа 711,8 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ бруцеллез жұқтырған  малдардың иелеріне өтемақы төлеу үшін  жергілікті бюджеттен 644,2 млн. теңге  қарастырылды. Биыл осы мақсатқа 848 млн. теңге бөлініп, соның ішінде эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізуге бюджеттен 744,2 млн. теңге бөлінді. Бұған қоса бруцеллезге шалдыққан мал иелеріне өтемақы төлеу үшін жергілікті бюджеттен 103,8 млн. теңге бөлінді. Облысқа алдын алу шараларын өткізуге қажетті 3,2 млн. доза  вакцина  жеткізілді.

Аса қауіпті жұқпалы аурулар тізіміне енгізілген мал аурулары бойынша республикалық бюджет есебінен ауырған мал иелеріне өтемақы төленеді. Ол үшін жергілікті атқарушы органдардың мал мамандары аса қауіпті ауруларға патологиялық сынамалар алып, оларды ветеринариялық зертханаға жолдайды. Аудандық ветеринариялық зертханаларда сынамалар тексеріліп, ауруы нақтыланып, диагнозы қойылғаннан кейін ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық эпизоотияға қарсы отряды» ММ  БҚО филиалы іс-шаралар жоспарын жасақтайды. Анықталған диагнозға байланысты ауру малмен бірге тұрған  жануарларды вакцинациялайды және олар тұрған қора-жайларға бұқырлау жұмыстарын жүргізеді. Осы іс-шараларды атқарғаннан кейін жеке және заңды тұлғалардың есепшотына өтемақыларын аударту үшін  құжаттарын  дайындайды.

Қазіргі кезде ауылдық жерлерде мал – негізгі  күнкөріс көзі. Сондықтан мал арасында аурудың таралмауына тұрғындар да мүдделілік танытуы шарт. Ол үшін тұрғындар малдарын түрлі жұқпалы ауруларға қарсы ектіруі тиіс. Ал малдары ауырып қалған жағдайда бұл жөнінде жергілікті мал маманына жедел хабарлауы тиіс. Малдарын қорада жасырып, екпеге жұмсалатын азын-шоғын қаражатын үнемдеп жүргендер түптің түбінде өзіне, бала-шағасына және өздерін қоршаған ортаға  орасан зиян келтіретінін түсінулері керек.

– Аурудан өлген малдар қайда жіберіледі? Өңіріміздегі мал молалары жөнінде толық ақпарат берсеңіз.

– «Ветеринария туралы» заң талаптарына сәйкес аурудан өлген малдар мал иесі мен жергілікті атқарушы органдардың мал мамандарының қатысуымен мал моласына апарылып, жойылады. Қазіргі таңда облыс аудандарының аумағында 255 мал моласы бар.

Соның 50-і – үлгі жобадағы, 205-сі – қарапайым үлгідегі (Беккари шұңқыры) мал молалары. Сонымен қатар 2013-2014 жылдары облыста биологиялық материалдарды жою бойынша алты стационарлық және 12 жылжымалы инсинератор сатып алынды. Аталған жабдықтар аудандық ветеринариялық стансалардың құзырына берілді. Мал қорымдарының жағдайын веттехниктер мен ветеринарлық инспекторлар қадағалайды. Мал молаларын талапқа сай ұстау аудандық ветеринарлық  стансаларға  жүктелген.

– Темірхан Мәулемғалиұлы, мал соятын пункттердің жағдайы қалай? Жалпы, өңірімізде мал  соятын  неше  пункт  бар?

– ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы №1397 қаулысына сәйкес облысымызда жаңа мемлекеттік мекеме – ветеринариялық басқарма құрылды. Ветеринария саласындағы көптеген уәкілеттіліктер, соның ішінде ет өңдеу кәсіпорындары, мал сою пункттеріне берілетін алаңдарды  тіркеу, есептік нөмір беру құқықтары осы жаңа құрылған мекемеге берілді. Дегенмен облысымыздағы мал соятын пункттер бойынша білгенімді айтып берейін. Қазіргі таңда өңірімізде 67 мал сою алаңы бар.

Солардың  62-сі жұмыс жасап тұр, бесеуі әзірге жұмыс істемейді. Бұлардың барлығы да қажетті құралжабдықтармен толық жабдықталған.  Сондай-ақ ет өндеуші тоғыз кәсіпорында мал соятын арнайы орындар бар, соның алтауы жұмыс жасап тұр. Мал бекітілген тәртіпке сәйкес санитарлық талаптарды  сақтай  отырып  сойылады.

Сұхбаттасқан  Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар