12.06.2017, 20:16
Қараулар: 151
Донор болу – ізгі іс

Донор болу – ізгі іс

14 маусым — Дүниежүзілік донор күні

DSC03590


Бір тамшы қан… Адамның жаны қысылған сәтте бір тамшы қанның өзі де шыбын жанға демеу болып, кез келгенді ажалдан алып қалуы мүмкін. Сондықтан қан құю, оны қабылдау қызметінің өмірден алар орны ерекше.


Облыстық қан орталығының шежіресі сонау өткен ғасырдың 1937 жылғы қыркүйегінен басталған. Қолда бар дерекке қарағанда, сол жылы 3 маусымда ең алғаш рет облыстық аурухананың жанынан қан құю стансасы ашылған. Кейін қан құю стансасына меңгерушілікке Н. Киселев тағайындалыпты. Оның қарамағында бір медбике, кассир-есепші және кіші медициналық қызметкер болған екен. Міне, содан бері 80 жыл уақыт өтіпті. Демек, күзде өңірдегі қан құю қызметінің 80 жылдығы ұлықталмақ.

Қазір бұл мекемеде 151 қызметкер бар. Мұнда жоғары санатты мамандар, өз ісінің майталмандары еңбек етеді. Бәрі де ұжымның ортақ ісіне лайықты үлесін қосып жүр. Осыған орай алдыңғы жылдарды есептемегенде, тек былтырдың өзінде кәсіпорынға донор болуға тілек білдірген 12370 азамат келді. Соның 10097-сі қан тапсырып, қалғаны медициналық талапқа сай келмеген. Міне, адамдардың ізгі ниеті мен құлшынысына орай облыстық қан орталығы Орал қаласы мен өңірдегі медициналық мекемелерді түрлі құрамды қанмен толық қамтамасыз етуде. Соңғы он жылда облыста донорлық ерікті түрде және еш өтемсіз атқарылып жүр. Аталмыш көрсеткіш бойынша мекеме елімізде алдыңғы орындарға ие. Алайда ұжым қолда барда қанағат тұтып, қимылсыз отырудан аулақ. Білікті мамандар халық арасында донорлыққа үгіттеу жұмысын жүйелі жүргізіп, олардың қатарын үнемі жасақтап, толықтырады. Бұдан басқа ақ желеңді абзал жандар өзге медициналық ұйымдардағы әріптестеріне қан қызметі бойынша кәсіби деңгейін арттыруы үшін әдістемелік көмек көрсетеді және клиникалық трансфузиология медициналық қызметінің сапасына сараптама жүргізіп келеді. Әрі өңірдегі медициналық ұйымдардағы трансфузиология мамандары мен зертханашылары үшін әдістемелік нұсқаулар дайындайды.

Жалпы, облыс бойынша 1997 жылдан бастап енгізілген электрондық есепке сай донордың жалпы саны — 153 мың. Соңғы бес жылда медициналық ұйымдардың донор қаны мен оның құрамдас бөлімдеріне сұранысын өтеу үшін орта есеппен 15000-20000 адам қан тапсырды. Бір қуантатыны — соңғы жылдары жастардың донорлық қозғалысына ынтасы жоғары. Жыл сайын орташа есеппен 2300-2500 жігіт пен қыз қан тапсырып, ізгілікті іске лайықты үлесін қосуда. Әрине, мұндай еріктілік қашанда қолдауға, марапатқа лайық. Ұжым шежіресінен білгеніміз, 1974 жылы 97 жерлесіміз «КСРО-ның құрметті доноры» атағына ұсынылған. 1978 жылы қаңтар мен наурыз аралығында 444 донор «КСРО құрметті доноры» төсбелгісімен марапатталса, 1979 жылы 349 донор жоғарыда аталған атаққа ие болды. Содан кейінгі жылдары да марапатталған жандардың саны қомақты. Тәуелсіздік жылдарында оларды марапаттау 2007 жылдан бастау алады. ҚР 2005 жылдың 28 маусымындағы «Қан және оның компоненттерінің донорлығы туралы» заңына сәйкес, ҚР ДСМ-ның 2005 жылдың 22 қыркүйегіндегі «Донорларды марапаттау ережесін бекіту туралы» бұйрығы негізінде өңір бойынша ұсынылған 200 донордың 54-і «Құрметті донор» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен бірге 2015 жылдың 6 сәуіріндегі №299 ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі 167-бабының 1-тармағына өзгеріс енгізілуіне байланысты өтемсіз қан тапсырған донорға ақылы екі күн демалыс беріледі. Әрі «Донорлық функцияны өтеусіз және ақылы негізде жүзеге асырғаны үшін донорларға ақы төлеу мөлшерін және донорлық функцияны ақылы негізде жүзеге асыратын донорларға ақы төлеуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 мамырдағы №374 бұйрығына сәйкес, енді қан тапсырғаннан кейін адамның қуат шығынын толтыру үшін айлық есептік көрсеткіштің 0,25 пайызы мөлшерінде донорға ақшалай баламасы немесе тамақ күйінде төленеді.

Біздің өңір ежелден ерікті және өтемсіз қан тапсыратын донорға кенде емес. Солардың ішінен қан орталығының ұжымы Юрий Чахалиди, Александр Подлипалин, Болат Дәулетқалиев, Марат Мұхамбетов, Әділжан Алманов, Мәншук Тілеуғалиева және басқасының есімдерін құрметпен атайды. Бұл тізімді әрі қарай жалғай беруге болады. Өйткені жоғарыда аталғандар жастарға үлгі етерлік бүгінгі бейбіт заманның батырлары іспеттес. Себебі кез келген адам донор бола алмайды ғой. Қан орталығында еңбектері елеулі медицина қызметкерлері де жеткілікті. Атап айтқанда, дәрігерлер С. Исқақова, Г. Дәуенова, медбикелер Л. Ситникова, Л. Нүркенова, Н. Мырзағалиева, Г. Бекболатовалар ұжымда 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп жүр.

Серік ИХСАНҒАЛИ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар