«Настоящий кардиолог!» (қаз-қалпында)

Күні , 108 рет оқылды

13.06.17 Марат саренғалиұлы


Жұмыста отыр едім телефон шыр ете қалды. Кардиолог Марат Ақашаев ағамыз… Екеуміз рудан қуып, балдыз-жезде деп арасында әзілдесіп, ара-тұра сөйлесіп тұрамыз. Қашан сөйлессек те, жас жігіттің лекіте күлетін күлкісіне салып, даусы саңқылдап, әзілдеседі де жатады. Бұл жолы да солай болды. Трубканың арғы жағынан күлкі деген ақтарылып жатыр. «Шыдай алмай, жезде, осы сіздің жасыңыз нешеде?» — дедім. «80-ге толамын ғой» — дейді одан әрмен мәз болып. Ал керек болса! «Жұмысқа кетіп бара жатырмын» — дейді тағы, онысымен қоймай. Есіме сонау 80-жылдардың аяғы оралды.


«Орал өңірі» газеті бастауыш кәсіподақ ұйымы «Ақжайық» шипажайына, бақандай 24 күнге, қояр да қоймай тегін жолдама берген. Ол кезде жастаумыз, курорт, санаторий дегенге пысқырып қарамаймыз, оған денсаулығы сыр берген шал-шауқан, кемпір-сампыр барады деп ойлаймыз. Ақыры бардым. Екі кісілік бөлмеге келсем, шалқасынан түсіп, өзім құралпы бір жігіт жатыр. Жалпақталдың Қарасуынан екен, «КамАЗ» айдайды. Танысып, бойымызды үйреткендей болғасын, өзімізше күн тәртібін түздік. Таңертең тамаққа дейін ерте тұрамыз, жүгіреміз, гимнастика. Кітапханаға барамыз, төрт мезгіл тамақты, «тихий часті» қаза жібермейміз. Осылардың бәрін сағатын көрсетіп, қағазға толтырып, қабырғаға ілдік. Сөйтіп, ешқайда алаңдамастан, екі күн шипажайдың нағыз белсенді демалушылары ретінде өзіміз түзген күн тәртібін қатаң сақтадық. Үшінші күні түс қайта, көз ұйқыда, көңіл ояу, әрлім-берлім жатқанымызда, есік тық-тық қағылды. Сықырлаған ақ халаты көз қарықтырғандай, шашы да аппақ, бір ағай келіп тұр.

— Келгендеріңе үшінші күн. Бұл не жатыс?.. Дәрігерлерге көрініп, процедура назначать етпейсіздер ме? — дейді онысымен қоймай. Біз екі жақтан шыр ете түстік.

– Еш жеріміз ауырмайды.

– Оны көрерміз… Тұрыңдар! Дәрігерлердің қабылдауына келесіңдер, — деп тықсырып барады.

– Сіз кімсіз? Бұл сұрақ екеуміздің аузымыздан бірдей шықты.

– Мен осы санаторийдің бас дәрігерімін. Аты-жөнім Марат Сәрсенғалиұлы Ақашаев. Бір сағат уақыт беремін. Төменде күтемін, — деп нығырлай сөйлеп, шығып кетті. Бас дәрігердің өзі келіп тұрса, қалай бармайсың. Сонымен «Еш жеріміз ауырмайды» — десек те, менен балшыққа, балауызға түсетін сырқат табылды, шопыр жігіттің қолқасында, жүрегінде кәдімгідей кінәрат бар болып шықты. Бас дәрігер екеумізге толып жатқан ем-шаралар белгілеп берді. «Санаторийге кел-генде дұрыстап, оның барлық мүмкіндігін пайдаланып, демалу керек қой…» — деп және ұялтты. Қалай ұялмайсың, ағамыздың айтып тұрғанының бәрі дұп-дұрыс болса. Марат Сәрсенғалиұлымен осылайша танысып едім. Мәкеңнің әкесі Сәрсенғали Атыраудың Қанішкен ауылының тумасы екен. Алматының рабфагін тауысқан. Содан көп ұзамай, фин соғысына қатысыпты. Одан осы өзіміздің Оралдың ауыл шаруашылығын механикаландыру мектебінде директордың орынбасары болады. Осы жерден Ұлы Отан соғысына аттанып, одан да аман-есен Же-ңіспен оралыпты. Чапаев ауаткомында төрағаның орынбасары, кейін шаруашылықтарда партия ұйымының хатшысы сияқты лауазымды қызметтерді абыроймен атқарыпты. «Анам Гүлшара үй шаруасымен айналысты» — дейді Марат ағай.

*      *      *

Аузы дуалы, тауып айтқанда, алып та жығатын, шалып та жығатын Мұрат Нәсимуллин деген ағамыз болған. Сол азамат Маратты өз мамандығының білгірі ретінде қатты қадірлеген. «Маған Мараттан өзге дәрігердің қажеті жоқ» дейді екен. Бірде сол азамат Мәскеуге, атан жіліктей академикке барып қаралып, емделіпті. Акдемик өзінше диагноз қойып, оны Марат Сәрсенғалиұлының қойған диагнозымен, емдеу шараларымен салыстырып, олай қарап, бұлай қарап: «Вот молодец, настоящий кардиолог!» — деп басын шайқап, таңдайын тақылдатыпты. Мәкеңнің қойған диагнозы, соған орай қабылдаған емдеу тактикасы академиктің қо-рытындысымен айнақатесіз бірдей болып шыққан ғой. Сосын да ғой таңдайын тақылдатып, таңғалып отырғаны.

Сеңгірлі 80-ге толып отырған сол «настоящий кардиолог!» сол сексеннің 60 жылын медицинаға арнапты. Әлі де арнап келеді. Күлкісі баяғы, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы ол да баяғы. Жігіттерді жолда қалдырғандай. Әуелі, Оралдың медицина училищесін бітіріп, еңбек жолын 1957 жылы Чапаевтағы Дөңгелек медпунктінде бастайды. Арасында азаматтық борышын қаза қылмай, үш жыл әскерге барып, онда да санинструктор болған. Жеті жыл бойы Ақтөбенің мемлекеттік дәрігерлік институтында және оқиды. Содан кейін Чапаев ауданында, ауылдарында, «Ақжайық» шипажайында ылғи бас дәрігер қызметінде болып, балтыры сыздап, басы ғана емес, жүрегі ауырған жандардың да талайын емдейді, талайының өмірін ұзартуға себепші болады. Зейнетке шыққан 1997 жылдан бермен қарай «Ақжайық» шипажайы директорының орынбасары, дәрігер-терапевт болып істеп келеді. «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі», оған Мәкең ие болған медальдарды, алғысхаттар мен Құрмет грамоталарын, дүркін-дүркін сайланған аудандық кеңестің депутаттықтарын қоссаңыз, «настоящий дәрігердің» өзі болады да шығады.

Жарты ғасырдан астам жансерігі Сара апамыз екеуінің ұлдары мен қыздарынан өрген бес немере, алты шөбере бар, бәрі — бір қауым ел. Бақыт деген осы шығар. «Жезде, күлкіңіз анау, қалыңдығына ұрын барғалы жүрген жігіттей қияпатыңыз мынау…

Ол, сірә, 60 жыл бойы айналаңызда үзілмей келе жатқан мейірбикелердің шуағы шығар…» — дейміз әдейі. «Жоқ, жоқ! Апаңның арқасы ғой, Сара ғой, мәпелеп келе жатқан» — дейді. Ол да рас шығар. Ендеше, Сара апай екеуіңіз жасай беріңіз, қызыққа кенеле беріңіз!..

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика