12.06.2017, 19:58
Қараулар: 51
Табиғат аясындағы мереке

Табиғат аясындағы мереке

IMG_7264


Сенбіде  Орал  қаласындағы «Евразия»  туристік-сауықтыру кешенінде  Кәсіподақтар  күніне арналған  салтанатты  шара  өтті.


Басқосуға қатысушыларды, яғни өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенділерін, ардагерлерін, мемлекеттік органдардың және БАҚ-тың өкілдерін  Кәсіподақтар күні мерекесімен облыс әкімі атынан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов құттықтады.

– Қазіргі нарықтық қатынастар жағдайында кәсіподақтардың рөлі маңызды. Сараптамашылардың айтуынша, еліміздегі кәсіподақтардың  белсенділігі аса жоғары болмағанымен, «Кәсіподақтар туралы»  жаңа заңның қабылдануына, Еңбек кодексіне түзетулердің енгізілуіне орай кәсіподақтардың рөлі мен әлеуметтік саладағы жауапкершілігі күшейді, олардың қоғамдық бақылау қызметі нығая түсті. Барлығымыздың міндетіміз – кәсіподақтарды қолдап, олардың рөлін күшейту және одан әрі дамыту. Жарқын мерекемен барлығыңызды құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық, отбасылық бақыт тілеймін, – деді Игорь Стексов. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары бір топ кәсіподақ белсенділерін облыс әкімінің алғысхатымен марапаттады. Олардың ішінде Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың есеп және қаржы кафедрасының аға оқытушысы Толқын Абдулова, «Жайық Таза қала» ЖШС-ның бас инженері Серік Ғұбашев, «Батыс су арнасы» ЖШС-ның машинисі Силбай Әлібеков, «Жайықжылуқуат» ЖШС-ның жетекші инженері Диляра Қуанышқалиева, «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның техника қауіпсіздігі жөніндегі инженері Мирғали Қадырбаев, «ҚПО б.в.» компаниясының кәсіподақ ұйымының төрағасы Марс Хайруллин және өзгелері бар.

Жиында мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің, денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіптік одақтарының облыстық ұйымдары қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары Айдар Батырханов, Әділғазы Нұрғалиев, Салауат Ақдауытов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, өздеріне қатысты салалардағы мекеме-ұжымдардың қызметкерлеріне, кәсіподақ белсенділеріне Қазақстан Республикасының Кәсіподақтары федерациясының, облыстық  кәсіподақтар орталығының алғысхаттарын табыс етті. Ал «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Даупаевқа, облыстық аймақтық инспекциясының кәсіподақ ұйымының төрағасы Парух Мұқановқа Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен оның куәлігі салтанатты түрде табысталды.

Кәсіподақ ардагерлері атынан сөз алған Роза Көжекова кәсіподақ жұмысының қоғамдық негізде атқарылатынын, Елбасының еңбек өнімділігін екі есеге өсіру жөніндегі тапсырмасына орай бұл ұйымның жастарды еңбек етуге, өмір сүруге, өндірісті дамытуға тәрбиелеп отырғандығын айтып, кәсіподақ қызметінің дами беруіне  тілектестігін  білдірді.

– Кәсіподақ ұйымдары облыста жоспарлы шаралардың өтуіне ұйытқы болуда. 2014 жылы «Кәсіподақтар туралы» заңына байланысты кәсіподақтардың міндетмиссиясы нақтыланды. Кәсіподақтар – қоғамдағы  үлкен күшке ие, азаматтық қоғамның бір бөлшегі. Облыс бойынша 9700-ге жуық кәсіподақ ұйымы белсенді жұмыс істеп, 62 мыңнан астам адамды ұйымдарға біріктіріп отыр. Кәсіподақ мүшелері өңірдегі түрлі комиссиялардың құрамында жұмыс істейді, соның ішінде облыс әкімдігі жанындағы үш жақты  комиссияның мүшелері болып табылады, – деді көпшілікті аталмыш орталықтың төрағасы Ербол Салықовтың атынан мерекемен құттықтаған облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайырғали Серікқалиев. Сондай-ақ ол шара қонақтары, кәсіподақ ардагерлері Мұхтар Әжіғұловқа, Хатеп Ишанбековқа, Роза Көжековаға мерекелік сыйлықтар табыс етті.

Табиғат аясында өткен Кәсіподақтар күні мерекесіне арналған шара концерттік бағдарламамен өріліп отырды. Одан кейін мерекеге орай шағын футбол мен волейболдан ұйым-ұжымдардан келген командалар өзара күш сынады.

Ерлер арасында шағын футболдан  өткізілген жарысқа кәсіподақ ұйымдарынан 10, әйелдер арасында волейболдан өткізілген жарысқа сегіз команда қатысты. Шағын футболдан жүлделі 1-орынды облыстық білім саласы, 2-орынды облыстық денсаулық сақтау саласы, 3-орынды «ҚПО б. в.»  компаниясы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының командалары иеленді. Ал волейболдан өткізілген жарыста І орынды «ҚПО б.в.» компаниясы, ІІ орынды облыстық білім саласы, ІІІ орынды «Батыс су арнасы» ЖШС-ның қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының командалары иеленді. Команда ойыншылары «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қақпашы» аталымдары бойынша  да  марапатталды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар