Ғажап бір сапар болды…

Күні , 90 рет оқылды

DSC_0576


Сырым  ауданының  әкімі  Абат  Шыныбеков  көршілес Қаратөбе,  одан  әрі  Атырау  облысына  қарасты  Қызылқоға ауданына  жұмыс  сапарымен  барды. Сапардың  негізгі  реті ақын, қоғам  қайраткері,  халықаралық  «Алаш»  әдеби  сыйлығының  лауреаты  Ақұштап  Бақтыгерееваның  аталған аудандарда  кездесу өткізуіне  байланысты  шығып  отыр.


Уағда бойынша біздің ауданның әкімі ақын анамызды Орал қаласынан Жымпитының басына алдырып, кейін Қаратөбеге бірге жүретін болды. Күтіп алып, бірге жүрді де. Жаздың жақсы күндерінде ақынмен әкімге сапарлас болу біздің де  маңдайымызға  бұйырды.

«Адамды  алақандай туған  жерге  тамған  маңдай  тері  асырайды!»

Кешкілік Қаратөбе ауданындағы мәдениет үйінде ақын Ақұштап Бақтыгерееваның халықпен кездесу кеші өтті. Кешті ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Ертай Бимұханов жүргізді.  Ақын Ақұштаптың негізгі сөзі рухани жаңғыру жайлы болды.

– Елбасы рухани жаңғыру жайлы текке айтып жүрген жоқ. Рухани жаңғыру – туған елді сүю, ата-бабаңның кіндік қаны тамған жерді сүю. Ғажап өмір болар Америкада. Еркін. Кім боламын десең, сол боласың ол жақта. Бірақ атамекен деген құдірет бар ғой. Сол құдіретке басқа бірдеңе жетеді ме? Менің Фариза деген замандасымның өлеңі бар: «Сені қалай сүюдің керектігін, Мен ешқандай кітаптан оқымадым!» деп келетін. Туған жерді сүюді кітаптан оқып керегі жоқ. Туған жерді сүйіңдер, адамдар! Иә, өзгеден қалмау үшін алғы күнге ұмтылу керек. Бірақ кім екеніңді де білу керек. Аяғыңның астында жатқан мына топырақ несімен қасиетті? Соны ойлансын бүгінгі заманның адамы. Жаңғыру үшін керек дүниенің бірі – еңбек. Бүгінгі күні кімдер көбейді? Дипломы бар, жұмысы жоқ жастар көбейді. Жұмыс неге жоқ? Жұмыс бар. Жұмыс табаныңның астында. Жеріңе бақша сал, мал өсір, егін ек. Елге еңбек ету деген – осы.  Адамды алақандай туған жерге тамған маңдай тері асырайды! – деді Ақұштап  Бақтыгереева.

Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров пен Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков қатысқан «Ақжайықты жырлайды ақын жүрек!» атты бұл кеште жергілікті өнерпаздар мен ақын оқырмандары да лебіздерін сахнаға шығып жеткізіп жатты.

Миялы  сапары

Келесі күні ауылдың шетіндегі Қалдығайты өзенін кесіп өтіп, Аққозы ауылының үстімен Миялы ауылына қарай жолға шықтық. Кешегідей емес, бүгін құрамы-мыз толықты. Ақын анамыз бар, екі ауданның әкімі бар, олардың жауапты қызметкерлері бар, шағын баспасөз қосыны бар, әнші-термешілер бар, әйтеуір, біраз болдық.

Миялы ауылы – Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының орталығы. Бұл аудан біздің Қаратөбемен қоңсы қонған елді мекен.

Негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып есептелетін Қызылқоға ауданы бүгінгі күні өз өңірінде экономикалық әлеуеті артқан, мәдени мәртебесі де биік аудан ретінде  орныққан.

Қызылқоғалықтар да ақын бастаған керуенді құрметпен күтіп алды. Түске дейін бізге ауданмен танысуға жақсы мүмкіндік туды. Әуелі Қызылқоға ауданының тарихи-өлкетану музейінде болдық. Қос ауанның әкімдері болса, мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсібін ширатып отырған кәсіпкерлік нысанын аралап көрді.

Қызылқоға ауданының орталығында төрт бірдей мемлекеттік балабақша бар. Ақын Ақұштап Бақтыгереева түс әлетінде «Нұр-Шуақ» бөбекжай балабақшасындағы балғындармен кездесті. «Нұр-Шуақ»  200 орындық ірі балабақша екен. Тәрбиеленушілері республикалық байқаулардың жүлдегері екенін де айта кетейік. Аудан меймандары үшін балалар керемет концерт қойды.

Осы күні Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов, Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров және Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков ауданаралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық біраз тарапты қамтиды.

Түстен кейін «Арман» мәдениет үйінде ақын, қоғам қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгерееваның  кеші  өтті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Жымпиты – Қаратөбе – Миялы – Жымпиты


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика