Жергілікті өнімдерге басымдық беруді тапсырды

Күні , 71 рет оқылды

PRI_8199


Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  сенбі  күні  Зеленов  ауданына барып,  аталған  аумақтағы  әлеуметтік  нысандар  мен  жолдарға жүргізіліп  жатқан  жөндеу  жұмыстарын  тағы  бір  мәрте қадағалап қайтты.


Ол сондай-ақ  осы сапарында ауылдық өндірістік кооперативтердің тыныс-тіршілігімен  де  танысты.

Өңір басшысы ең алдымен Володар ауылындағы су құбырларын қайта жаңғырту жұмысымен танысты.

– Қазіргі таңда Володар ауылында 2-ші көтермелі сорғы стансасы құрылысының жұмыстары жүргізілуде. Сорғы стансасында сыйымдылығы 50 текше метр су мұнарасы және әрқайсысының сыйымдылығы 200 текше метр екі резервуар бар. Нысанның сметалық құны – 192,935 млн. теңге. Құрылыс ұзақтығы – 8 ай, іске асыру кезеңі  2017 және 2018 жылдар.

Биыл осы қаражаттың 97 млн. теңгесін игеруіміз керек. Мұнда 23 адам жұмыс істейді, солардың төртеуі – жергілікті тұрғындар. Жоба бойынша осы жұмыс аяқталған соң сапалы ауыз су әр үйдің ауласына дейін жеткізілетін болады. Су құбырының жалпы ұзындығы – 19,070 метр (19 км).

Володарка ауылында қазіргі таңда 338 аула, 1200 адам бар.  Су сорғыш стансасының құрылысы аяқталған соң осыншама адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Жұмыс 13 сәуірде басталды, бұйырса  қарашада аяқтаймыз деп отырмыз, – деді жұмыс барысын баяндаған «Алатау Альдан Агро» ЖШС-ның учаске бастығы Қуат Сералиев. Мұндағы құрылыс жұмысымен мұқият танысқан өңір басшысы мердігерлерге жұмысқа қажетті өнімдерді таңдау барысында қашан да жергілікті өнімдерге басымдық беруді тапсырды. Алтай Сейдірұлының айтуынша, құрылыс компаниялары отандық өнімдерді пайдалану арқылы   жергілікті кәсіпорындар жұмысына қолдау жасайды. Сөйтіп, жергілікті бюджеттің толығуына септігін тигізеді.

Бұдан соң өңір басшысы Дариян ауылында салынып жатқан 100 орындық интернаты бар 300 оқушыға арналған мектеп құрылысымен танысты. Аталған құрылыс нысанын «СКФ Отделстрой» ЖШС (директоры Валентина Михно) жүргізбек. Қазіргі уақытта келісім жасалып, құрылысқа дайындық жұмысы жүргізілуде. Жоба бойынша мектеп ғимаратының көлемі 6766,4 м2, ал интернат ғимаратының көлемі 1991,92 м2. Жобаны жүзеге асыру кезеңі 2017-2018 жылдар.

PRI_8619– Нысанның сметалық құны 1105,515 млн. теңге. Биылға 401,403 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражат биылғы жұмысымызға жетіңкіремейді. Сондықтан бізге қосымша тағы 200 миллион теңге қаражат керек. Соған көмектессеңіз екен, – деген Валентина Павловнаға өңір басшысы алдымен жұмысты бастап, қарқынын көрсету керек екенін айтты. «Қажет болып жатса, қаражат жағынан көмек болады» деген әкім мердігер компанияның басшысына балалар мекенін жылы да жарық етіп, сапалы салуды және жергілікті жұмыссыз жүрген адамдарды жұмысқа тартуды тапсырды. Бұған жауап ретінде В. Михно құрылыс жұмысына тек қана жергілікті компания өнімдерін пайдаланатындарын және жұмысқа тартылатын 102 адамнан қазірдің өзінде 14 дарияндық азаматтың жұмыс  істеп  жүргенін  жеткізді.

Бұдан соң әкім бастаған топ Дариян ауылындағы мәдениет үйіне соғып, ондағы күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Кездесу барысында мәдениет үйі қызметкерлері 40 жылдан бері жөндеу көрмеген нысанға қаржы бөліп, оның жаңғыруына мүмкіндік берген облыс басшылығына алғыс айтты. Мәдениет үйінде бүгінгі таңда 12 үйірме жұмыс істейді. Және осы үйірмелерге 200-ден  астам  адам  қатысуда.

Әкім жолай Дариян ауылындағы орталық стадионға соғып, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге таптырмайтын орынның азып-тозып тұрғанын көрді. Бұған қынжылыс білдірген басшы керемет жерде орналасқан стадионды жаңғырту жағдайын қарастыратынын  жеткізді.

Бұдан соң Алтай Сейдірұлы «Махорин» шаруа қожалығында, «Каверин» сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу орындарында болып, ұжым мүшелерімен кездесті. Табиғи азық-түлік өндіруді мақсат тұтқан қос нысанның басшылары оны өндіріп қана қоймай, оларды өңдеп, халыққа түрлендіріп, дәмді етіп жеткізуді мақсат  тұтыпты.

2004 жылы құрылған «Махорин Г. В.» ШҚ бүгінде аудан халқын ет және ет өнімдерімен  толық қамтып отыр. Кәсіпкер әр ауысымда екі тонна шұжық өнімдерін, 1000 дана ет құбырын және бір тонна жартылай фабрикат өнімдерін шығарып, саттыққа шығарады. Қорасын ірі қараға толтырған  Г. Махорин мал азығын өзі дайындайтындықтан, өндірген өнімдерін тұрғындарға нарықтағыдан едәуір төмен бағамен беруде.

Ал сүт өнімдерін өндіретін «Каверин» ЖК (жетекшісі Сергей Каверин) әр ауысымда 40 тонна сары май мен Чечил ірімшігін даярлайды. 2014 жылы 185 литр ғана сүт өндірген кәсіпкер бүгінде өндіріс көлемін 2 500 000 литрге дейін көбейткен. Келесі жылы сүт мөлшерін 3000 000 литрге жеткізуді жоспарлауда. Жергілікті 42 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің өнімдері Орал қаласынан басқа Шымкент, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Петропавл, Астана қалаларына тарайды. Кәсіпкерлік жеке тұрғындардан өздері аяқтай жүріп, сүт жинайды, оны сақтайтын арнайы орындары бар. Әкім отандық өнімдерді даярлап, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген кәсіпкерлердің жұмысына  ризашылығын  білдірді.

Одан әрі өңір басшысы «Рубцов» ауылдық өндірістік кооперативінде болып, олардың жұмыстарымен танысты. Кәсіптерін қарапайым әйнек кесуден бастаған әкелі-балалы бизнесмендер енді ауыл шаруашылығын дамытуға біржолата бет бұрыпты. 2015 жылы құрылған өндірістік кооперативтің бүгінде 400 гектар егіс алаңы бар. Биыл 156 гектар жерге картоп және 35 гектар жерге көкөніс еккен. 17 адамды тұрақты жұмыспен және 10 адамды маусымдық жұмыспен  қамтып отыр. Жаңа техникалар сатып алғанын айтқан кооператив жетекшісі Анатолий Рубцов бұған субсидия алғанын айтып, мемлекеттік қолдауға риза екенін жеткізді. Оның сөзінше, қазіргі уақытта сыйымдылығы 2000 тоннаны құрайтын көкөніс қоймасы бар. Осы қойманың көлемін 4000 тоннаға дейін ұлғайтуды мақсат еткен кәсіпкер қазіргі уақытта қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп, күтіп отыр. Бұйырса, күзге дейін қойманы жабдықтау жұмысын аяқтап, биылғы жаңа өнімді осы жерде сақтауды жоспарлауда. Кәсіпкерлердің егіс даласындағы шаруасымен және болашақ жоспарларымен танысқан Алтай Сейдірұлы олардың жұмысына сәттілік тіледі.

Осыдан кейін өңір басшысы «Орал-Кирсанов» аутожолының жөндеу  жұмыстарымен  танысты.

– Жөнделетін жолдың жалпы ұзындығы – 47 шақырым. Орташа жөндеуге бөлінген жалпы қаражат көлемі 2286,07 млн. тең-ге. Жұмыс 2015 жылы мамырда басталды. Былтыр 33 шақырымын жасадық, биыл 10 шақырымнан астамы істелді. Дәл қазір біз жолдың 33-48 шақырымдағы аралығын жөндеп жатырмыз. Биылға 900 млн. теңге бөлінді.  Жұмыс кестедегі көрсетілген уақыттан ертерек бітуде, соған қарап биылғы жұмысты жоспардағы көрсетілгендей қарашада емес, тамыз айында тапсырамыз деген ойдамыз, — дейді жұмыс барысын баяндаған жоба жетекшісі, «Бірлік» ЖШС өкілі Төрехан Қоспанов. Оның сөзінше, жөндеу жұмысын 22 арнайы техника жүргізуде. Жұмыс күші,  қаражат  жеткілікті.

Осы жерде сәл-пәл үзіліс жасаған өңір басшысы бүгінгі іссапарда көрген-білгендерін ортаға салып, қорытынды сөзін айтты.

– Жалпы, өңіріміз бойынша биыл 470 шақырымнан астам жол жөнделмек. Осының 200 шақырымнан астамы республикалық маңызы бар жол, қалғаны – облыстық және аудандық жолдар. Осы жолдарды жөндеуге биыл мемлекеттік бюджеттен 36 млрд. теңгенің үстінде қаражат бөлінді.

Биыл Ресей елінің Саратов қаласына апаратын шекаралық жолдың 86 шақырымын бітіретін боламыз. Қалған 18 шақырымы келесі жылы жөнделіп бітеді. Келесі жылы Орынборға баратын жолды жасау жоспарда тұр, мұны тиісті министрлік қарастырып жатыр. Осы жұмыстардың барлығы Елбасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында жүзеге асырылуда. Бұрын «Орал-Кирсанов» аутожолының сапасы нашар болды. Себебі, бұл жерден ауыр жүк көліктері жиі өтеді. Жолдың нашарлығынан осы жолмен өтетін жолаушылар және шаруа қожалықтарының көліктері зардап шегуде. Сондықтан халыққа ыңғайлы болсын деп осы жолды жөндеуді қолға алдық. Биыл, бұйырса, бұл жолдың 17 шақырымға жуығы жөнделіп бітеді. Алдағы уақытта жолдардың жөнделуін қатаң бақылауда ұстап отырмақпыз.

Сондай-ақ аудандарда және елді мекендерде де жолдар жөнделуде. Солардың бірі – Дариян ауылы. Осы ауылда биыл сегіз көше және аудан орталығында 10 көше, аудан бойынша барлығы 18 көше жөнделмек. Облыста Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының жолдары сын көтермейді. Алыс аудандардың тұрғындары жолдың нашарлығынан қиналып жүр. Қазіргі уақытта бұл мәселелер министрлікте қарастырылуда. Бұйырса,  алдағы уақытта  шешіліп қалар.

Ал енді әлеуметтік нысандарға келсек, биыл ауданда 100 адамдық интернат  бар,  300 орындық  мектеп салынбақ. Переметныйда спорт кешені салынуда. Дарияндағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп жатыр және бес елді мекенді орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етпекпіз. Осы ауданға биыл бөлінген үш жарым  миллиард теңге жоғарыда аталған жұмыстарға жұмсалуда. Бұл — мемлекеттің үлкен қолдауы.

Бүгінгі кездесу барысында Дариян ауылының тұрғындары стадионды жөндетуді сұрады. М. Шолохов атындағы музейге реставрация жасаудың қажеттігін айту-да. Аудан халқының бұл өтінішін қаперде ұстап, мұны жоспарға енгізбекпіз.

Жаңа өздеріңіз көрдіңіздер, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығында  жергілікті кәсіпорындардың өнімдері пайдаланылуда. Бұл – жергілікті кәсіпорындар үшін үлкен көмек және жергілікті салық көлемінің ұлғаюына септігін тигізеді. Сондай-ақ жер-жерде жүргізіліп жатқан осындай игілікті істер жұмыссыздар санын азайтып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына да ықпал етуде, – деді Алтай Сейдірұлы ауданға жасаған  іссапарын  қорытындылап.

Іссапар соңында облыс басшысы Зеленов ауданы аумағында орналасқан «Жайықмұнай» ЖШС-да  болып, ірі кен орнының жұмыс барысымен  танысты.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

Зеленов  ауданы,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика