12.06.2017, 19:49
Қараулар: 31
Көше бойындағы көпшілік жүгіру

Көше бойындағы көпшілік жүгіру

IMG_7126


ҚР  Ішкі  істері  құрылымдарының   құрылғанына  25 жыл  толуына орай Орал  қаласында  2000  метрлік  көпшілік   жүгіру  ұйымдастырылды. Орал қалалық  ІІБ  мен  «Динамо»  облыстық   дене   шынықтыру және спорт қоғамының  қолдауымен  өткен  шараға  200-ден астам қызметтік формасын  киген  полицейлер  қатысты.


– Еліміз егемендік алғаннан кейін 1992 жылдың 23 маусымында Президентіміздің Жарлығымен ҚР Ішкі істер органдары құрылды. Биыл оған 25 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай әр түрлі спорттық және мәдени шаралар өткізудеміз. Солардың бірі – бүгінгі полицейлер арасындағы көпшілік жүгіру. Ішкі істер қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау шарамыздың басты мақсаты болып табылады. Соның ішінде полицейлер әр уақытта  өздерін үнемі бабында ұстауы қажет, – дейді Орал қалалық ішкі істер басқармасы басшысының  кадрлармен жұмыс жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Наурызбай Ғұмаров.

Аталмыш шараға қатысқан полицейлер Жамбыл көшесінен бастап, қалалық ішкі істер басқармасына дейінгі аралықты жүгіріп өтті. Мәре сызығына бірінші болып жеткен Темірлан Тоқсымбаев І орын алса, ІІ және ІІІ орындарды Жәнібек Серіков пен Сәбит Төлеуов өзара бөлісіп, диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар