12.06.2017, 19:48
Қараулар: 46
Көлік тонау азаймай тұр

Көлік тонау азаймай тұр

WhatsApp Image 2017-06-09 at 10.59.48


Облыстық  «Орал өңірі»,  «Приуралье»  газеттерінің тілшілері  Орал  қалалық  ІІБ  жергілікті  полиция  қызметкерлерімен  бірігіп, бөтеннің  көлігін  айдап  кету  және  тонау  қылмысының  алдын  алу  мақсатында  арнайы  рейдке  шықты.


Сақтық шаралары  Д. Қонаев  шағынауданындағы  көп қабатты үйлердің ауласындағы және  аутотұрақта тұрған көліктер иелеріне түсіндіру жұмыстарынан  басталды.

– Облыс бойынша соңғы бес айда  72 аутокөлікті тонау, 31 темір тұлпарды айдап  кету және жеті көлікті ұрлау деректері тіркелді. Аталмыш қылмыстардың ашылуы 75-80,5%-ды  құрайды. Тіркелген деректерге сүйенсек, көлікті ұрлау және тонау қылмысы  Д. Қонаев шағынауданында  жиі орын алады. Көлік тонау оқиғасына қатысты деректердің ашылмай қалуының басты себептерінің бірі – азаматтардың құқық қорғау органдарына кеш хабарласуы. Ал кейде көлік тонау оқиғасы  жүргізушілердің аңғалдығынан да орын алып жатады. Қанша жерден қауіпсіздігі сақталғанмен, қымбат көліктерге де абай болған жөн. Өйткені жүргізушілер көліктің дабыл қаққышы мен есік құлыптарына сеніп, ішіне қалта телефондарын, қол сөмкелерін тастап кете береді. Мұндай салғырт әрекеттердің арты көлік тонау оқиғасына әкеліп соқтырады,  – деді рейд барысында Орал қалалық ІІБ ЖПҚ-ның аға инспекторы Динара Әбділқалықова.

Рейд барысында осы шағынаудандағы №3, 4, 5, 6 көп қабатты үйлердің тұрғындарымен кездестік. Олар  аулада тұрған көліктердің тым көптігін  айтып шағымданды.

– Алтыншы үйде тұрамын. Зейнеткермін.  Үйдің алды толған машина. Кешқұрым ауырып қалып «Жедел жәрдем» көлігін шақырсақ, олар уақытында келгенімен, тоқтайтын орын таба алмай әуреге түседі. Күндіз қоя берсін, бірақ түнде автотұраққа орналастыруға болады ғой. Қанша ескертсек те, жүргізушілер құлақ аспайды.

Қала берді, есіктің алдына тақалғанша жылдамдығын азайтпайды. Жуырда аулада ойнап жүрген кішкентай қыз баланы басып кете жаздады, — дейді Амангелді Есмұқанов  есімді қала тұрғыны.

Ізінше  бұл  үйлерден 100 метр қашықтықта орналасқан аутотұраққа  барып, күзетшісіне жолықтық. Сыйымдылығы 60-70 көлік тұратын тұрақта 10 шақты көлік тұр екен.  Есімін атағысы келмеген аутотұрақ күзетшісі көлікті  бір түнге қалдыру 200 теңге тұратынын және көлік иелерінің  көбісі қауіпті болса да, темір тұлпарларын өз аулаларына қоятынын  жасырмады. Сонда   көліктің  тоналуына  немесе  оны «барымталап»  кетуге  «шығасыға  иесі  басшы»  болып  шықпай  ма?

Гүлсезім  БИЯШЕВА.

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар