500 ардагерге «ЭКСПО» билеті табысталды

Күні , 55 рет оқылды

20170608_110417


Бұл туралы бейсенбі күні ҚР Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз брифингінде мәлім болды. Жиында  сондай-ақ  облыстық ардагерлер кеңесінің 30 жылдығы,  кеңестің  негізгі жұмыстары мен бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігі, мерейтойға байланысты  атқарылатын  жұмыстар  туралы  айтылды.


Жиынға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ғибатолла Тілебалиев, Орал қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ольга Исаева және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Миргүл Құрман-баева қатысты.

Ғибатолла Тілебалиевтің мәлімдеуінше, «Ардагерлер қозғалысы» өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап еліміздің барлық аймақтарында, облыстық, аудандық, ірі кәсіпорындар мен шаруашылықтарда құрыла бастаған. Бүгінде аталмыш ұйымға тіркелген 68648 қария облыс зейнеткерлерінің 80 пайызын құрап отыр.

– «Нұр Отан» партиясының облыстық, қалалық, аудандық филиалдары, мәслихат депутаттары, облыстық әлеуметтік қорғау мекемелері, ардагерлер ұйымдары бірігіп, соңғы екі жылда 4615 ардагердің тұрмыс жағдайлары мен денсаулығына көңіл бөліп келеді. Соның дәлелі ретінде өткен жылы аталмыш жандар үшін ақшалай және заттай керек-жарақтарына, үйлерін жөндеу, газ, су құбырларын жүргізу жұмыстарына 136 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Олардың ішінде 1968 жалғызбасты және мүгедек қариялар болса, 1650-іне әлеуметтік қызметкер үй жағдайында қызмет көрсетеді, – деген Ғибатолла Тілебалиев одан әрі ме-рейтойға әзірліктері туралы баяндады. – Облыстық ардагерлер кеңесінің өткен жылғы соңғы пленумында республикалық ардагерлер ұйымының 30 жылдығын мерекелеу жөнінде іс-шаралар қабылданып, тапсырмалар берілген болатын. Облыстық ардагерлер ұйымы облыстағы қоғамдық ұйымдардың, жекелеген үкіметтік емес ұйымдардың ішіндегі ең үлкені, 600 активі белсенді жұмыс істеуде. 30 жылдық мерекемізге Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мұхтар Әжіғұлов, Хамза Сафин, Ибат Абдулов, Иван Гапич, Алевтина Митрохина, сондай-ақ Меруерт Жолдықайырова, Роза Көжекова, Софья Иманғалиева, Ғазиз Хаймулдин сынды ардагерлеріміз  ұйымдастыру жұмыстарына үлкен қолдау көрсетуде. Мерейтойға орай алдағы уақытта түрлі байқаулар өткізіліп, спорттық жарыстар ұйымдастырылмақшы. Одан бөлек Астана қаласындағы «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалауға «Конденсат» АҚ-ның демеушілігімен 500 ардагерге тегін билет таратылса, Сырым ауданынан 15 ардагерге тегін жолдама берілді. Ал Бөрлі ауданындағы 145 ардагер түрлі санаторийлерде тегін емделуге мүмкіндік алды, — деп атап өтті.

Орал қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ольга Исаева  ардагерлерге көрсетіліп жатқан медициналық қызметтің түрлеріне, сондай-ақ «Қазпошта» қызметі арқылы соғыс ардагерлері мен 80 жастан асқан зейнеткерлерге, І топтағы мүгедектерге зейнетақы мен жәрдемақылардың үйге тегін жеткізіліп отырғандығына да баса көңіл бөлді.  Оның айтуынша, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың тұрғын жайларына жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қала әкімдігінің 2014 жылғы қаулысына сәйкес, соғыс ардагерлері мен Ленинград қоршауында қалғандар, кәмелетке толмай фашистердің тұтқынында болғандардың барлығы коммуналдық өтемақыларды төлеуден босатылып отыр. Аталған азаматтардың әрқайсысы ай сайын жергілікті бюджеттен 5 АЕК, ал оған теңестірілгендерге 2 АЕК  қаражат бөлінеді. Бүгінде барлық ҰОС қатысушылары «дабыл қоңырауы» орнатылған ұялы телефондармен қамтамасыз етілсе, қала ішінде тегін жүріп-тұру үшін «Такси Сити» көлігінен дисконт-карталар берілген. Өткен жылы екі  ардагер және 476 мүгедектігі бар жан «Бурабай» санаторийінде тегін емделіп, денсаулығын түзесе, тылда еңбек еткен 60 ардагер «Ақжайық» санаторийіне жолданған.

Брифинг соңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Миргүл Құрманбаева соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткендерге, мүгедектер мен зейнеткерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін түрлі көмектер мен жеңілдіктер жөнінде кеңінен мәлімет берді.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика