«Сан қырлы өнер иесі»

Күні , 43 рет оқылды

8404dc21-743f-4d39-b62d-fd694f6462ed


Дәл осындай тақырыпта Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында журналистика саласының майталманы, ғұмырының отыз жылдан астам  кезеңін «Орал өңірі» газетіне арнаған Мәжит Қайырғалиевпен кездесу кеші өтті.


Шара аталмыш орталық фойесінде ұйымдастырылған «Өмірі толған өнеге» атты көрмемен ашылды. Онда Мәжит Қайырғалиұлының басылым беттеріне шыққан мақалалары, өлеңдері мен әңгімелері, кітаптары, салған суреттері мен ағаштан ойып жасаған мүсіндері қойылды.

Кеште сөз алған орталық директоры Бауыржан Халиолла журналистика ардагерінің өмір жолына ой жүгіртті. Осынау кештің өтуі не ұйытқы болған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың алғысхаты мен естелік сыйлықты табыстады. Содан соң сахнаға көтерілген кеш иесінің сыныптасы, Қонаев қорының төрағасы Нұрлан Ізтілеуов мектеп қабырғасында бірге өткен кездерін, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріков студенттік шақтарды, редакциядағы алғашқы еңбек жолдарын еске алды. Әуесқой композитор Ғұбайдолла Хибашев кеш иесін 1966 жылдан бері білетінін айтып, сол кезде Тайпақ аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болып жүрген Мәжит Қайырғалиұлы оның мәдениет саласына келуіне, ән жазуына ұйытқы болғанын жеткізді. Ал әріптес інісі, белгілі ақын Ғайсағали Сейтақ журналистерге көп құрмет көрсетіле бермейтіні, бүгін сол олқылық ескеріліп, облыстың баспасөз тарихында өзіндік орны бар Мәжит ағамызбен кездесу кеші ұйымдастырылғанына қуанышты екенін атап өтті. «Биыл «Орал өңірі» газетіне 100 жыл толады. Мәжақаң соның 32 жылында редакцияда еңбек етті. Он жылдан астам уақыт газеттің бас редакторы болды, — деді Ғайсағали Самиғоллаұлы. — Ол жетекшілік жасаған кез ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағы болатын. Газет шығаруға да, еңбекақы төлеуге де қаржының болмай қалған кездері бастан өтті. Соған қарамастан, көпшілікті елдің ертеңіне сендіріп, алға жетелей білді. Жазатын редактор болады, жазбайтын редактор болады. Мәжақаң жазатындардың қатарынан табылып, өзгелерге, соның ішінде жастарға үлгі көрсете білді. Әсіресе, тәуелсіздігімізді сақтау, оны баянды ету бағытында көптеген мақала жазды. Мысалы, «Түріміз қазақ болғанша, тіліміз қазақ болсыншы» деген көлемді мақала дайындап, қоғамдық сананы дүр сілкіндіргені әлі есімізде. Cондай-ақ газеттегі мақалаларды өзі салған суреттерімен көркемдеп отырды. Белгілі қаламгерлер оның прозасын да жоғары бағалады».

Кеш барысында берілген сауалдарға байланысты Мәжит Қайырғалиұлының өзінің өмір, еңбек жолдары, шығармашылығы турасында әңгімелеп, кезінде редакцияда бірге еңбек етіп, қазір арамызда жоқ әріптестерін еске алды, өзін мазалайтын қоғамдағы мәселелерге тоқталды.

— Қазақтың Қадырының есімін алған орталықта кешімді өткізгеніме қуаныштымын. Дегенмен де орталық басшылары, қызметкерлері хабарласып, осындай шара өткізу туралы ұсыныстарын айтқанда, бірден келіскен емеспін. Жасым 80-ге келгенде ыңғайсыз көрдім. Артынан келісімімді бердім. Сол себепті кешті ұйымдастырушыларға, менің шашбауымды көтеріп келген әріптестеріме, достарыма, замандастарыма, жалпы жиналған жұртшылыққа өз ризашылығымды білдіремін. Мен өзім кітап шығаруға қызықпаған жанмын. Содан болса керек,  бір ғана кітабым бар. Бірінші кезекте азамат болуды мақсат санадым, — деді ол.

Шара барысында оқушылар мен студенттер Мәжит Қайырғалиұлының өлеңдерін оқыса, әнші Омар Хибашев ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады. Кеште жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

“Орал өңірі”


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика