Жайықтың екі бетін ен жайлаған ел

Күні , 89 рет оқылды

DSC_0132


Бір ғасырлық мерейтойын шілде айының соңғы күндері атап өткелі отырған облыстық «Орал өңірі» газетінің журналистері жылда ауыл-елді аралап, оқырманмен ой бөлісуді, жергілікті жерлердегі игі істерді дүйім жұртқа таратуды көп жылдан бері дәстүрге айналдырып келеді. Жайықтың екі бетін ен жайлаған ірі аймақтардың бірі – киелі Ақжайық ауданында болу бұл жолы біздің еншімізге бұйырды.


Сапарымыздың «біссіміләсін» аудан тізгінін ұстаған Әділ Тауфиқұлы Жоламановқа жолығудан бастап, Жайықтың қос бетін ен жайлаған елмен жүздесумен жалғастырдық.

Еңбекті еншілеп, ертеңгі күндеріне сеніммен қараған ажарлы Ақжайықтың еңбек тынысы төмендегідей.

Жалпы аудан үшін биылғы жыл жақсылыққа толы болмақ. Атқарылар игі істерді өңір тұрғындары естіп, оқып жүргендіктен, таңсық болмаса да, соның ішіндегі ауқымдыларына қысқаша тоқталып өтсек. Жалпы, биылғы жылы бұл ауданды дамытуға 4,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Екі жылға жоспарланған жоба негізінде аталмыш ауданның 11 елді мекеніне газ тартылып, 100% көгілдір отынмен қамтылатын болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 18 тұрғын үй салынып, жеті елді мекенге таза ауыз су тартылмақ. Жайықтың Бұқар бетіндегі Есенсай ауылының мектебі күрделі жөнделіп, Шабдаржап ауылынан жаңа білім ошағы салынады деп жоспарлануда. Аудан орталығы Чапаев ауылында алты, Тайпақ ауылында екі көше күрделі жөндеуден өтпек. Чапаев ауылынан Жаңақала ауданы бағытындағы республикалық жолдың 36 шақырымы жөнделетін болады. Қысқасы, ауданда осындай ауқымды істер қолға алынуда. Бұл – Елбасымыздың, елдегі саясаттың, өңір билігін тізгіндеген азаматтардың қарапайым халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған игі бастамалары. Біз бұл жолғы ауданға сапарымыздың «форматын» сәл-пәл өзгертіп, ауыл-елдің тыныс-тіршілігін, жан-жағына жалтақтамай кәсібін ашып, өз күнін көруге талпынған жандарды көбірек насихаттауды ұйғардық. Бірқатар елді мекендерде болдық. Діттеген жерімізге барып, шаруақор жандармен жолықтық. Ендеше, солардың бірқатарын оқырман назарына ұсынамыз.

«Берекенің» берекесін көрген

Елбасының тапсырмасына сәйкес, ауыл халқын өнімді жұмыспен қамту мақсатында министрлік «Береке» атты жаңа жоба әзірлеген болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерде өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындарды микронесиелеу арқылы жаңа өнім өндіру бағытын дамыту. Бұл «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының қаражатынан іске асырылуда. Бірінші кезекте басты бағыт ретінде министрлік тарапынан сүт қабылдау бекеттерін және кішігірім мал бордақылау алаңдарын құру бойынша жобалар жүзеге асырылатын болады. Бұл жобалардың ерекшелігі – тікелей ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру арқылы жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің сиыр етін өндіру бағытындағы жоспары аясында 5-20 бас мал бордақылау алаңы қаржыландырылады. Осылайша жеке шаруа қожалықтары кәсіпкер ретінде тіркеліп, ай сайын белгілі бір деңгейде табыс табады. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындары ашылып, жергілікті бюджетке түсім түсіп отырады.

мадиярМіне, Ақжайық ауданының бірқатар жеке кәсіпкерлері осы бағдарламаның шапағатын көріп те үлгерген. Солардың бірі – чапаевтық «Ақнұр» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Мадияр Әжігереев (суретте). Ол өзі сықылды отызға жуық жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелерінің басын біріктіріп, «Ақжайық» ауыл шаруашылығы кооперативін құрған. Әрқайсысы өз шама-шарқынша кепілдік салып, жекеден мал алып, бордақылау алаңдарын ашқан. Отыз жасқа да толмаған Мадияр жеке үйі мен автокөлігін кепілге қойып, 4 миллион теңге несие алуға қол жеткізген.

— Осы жылдың басында «Береке» бағдарламасының жүзеге асып жатқандығын естіп, кооператив құрып, несие алуға құжат жинадық. Негізі мал бордақылаумен көп жылдан бері шұғылданамын. Табысты кәсіп екеніне де көз жеткіздім. Кепілдікке тұрғылықты үйіммен қатар жеке автокөлігімді де салдым. Қолыма тиген қаражат есебінен мал алумен қатар жем-шөпті де қамдадым. Өзім қызметте болған соң ауладағы малды баптау үшін ауылдың бір азаматын жұмысқа алдым. Екі-үш ай дегенде бордақылауға қойған малдарым өте жақсы қоң жинады. Семіртілген малдарымызды Атырау, Ақтау өңірлеріне апарып, ойлаған бағамызға өткіздік. «Береке» бағдарламасы 6 пайыздық үстемеақымен төрт жарым жылға берілді. Алғашқы алты айда несие қайтарымынан босатылдық. Бұйырса, жақын күндері алған несиемнің алғашқы жарналарын төлей бастаймын. Еңбектеніп тапқан қаражатымның қалған бөлігіне тағы да мал алып, бордақыламақшымын. Жалпы, ауылдық жерде еңбек етіп, пайда табамын деген адамға мемлекет тарапынан барлық жағдайдың жасалуы қуантады, — дейді Мадияр.

Жас кәсіпкердің алға қойған жоспарлары да мығым. Өзі жетекшілік ететін кооператив иелерінің басын біріктіріп, ортақ бордақылау алаңын салу да Мадиярдың ойында бар.

Керемет тойхана

DSC_0042Ақжол ауылындағы «Алтын тамыр» мейрамханасы бұл ауылға келген жанның назарын аударады екен. Заманауи үлгімен салынған ғимараттың айналасы да жып-жинақы. Әсемделіп қоршалған, өрнектас төселіп, түнгі жарықтар орнатылған, айналасына түрлі тал-терек отырғызылып, орындықтар қойылған. Келбеті келіскен мейрамхана 250-300 адамға есептелген. Облыс орталығындағы кейбір мейрамханаларды басып озатын ғимарат ішінде сондай-ақ азық-түлік дүкені мен наубайхана орналасқан. Дүкенде күнделікті халық тұтынатын тауарлар сатылса, наубайханада осы ауылдың тұрғындарына арналып 50-60-таған, сұранысқа қарай кейде 70-80 бөлке нан пісіріледі. Мейрамхана 5-6 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, қосымша тойтопыр күндері осы жерден 13-14 ауыл тұрғыны өз нәпақасын табады. Аталмыш мейрамхананың иесі – Ақсуат ауылына қарасты «Мұқадес» шаруа қожалығының жетекшісі Ақылбек Сағитов есімді азамат. Негізі мал өсіруді кәсіп еткен жеке шаруа мейрамхананы 2015 жылы мемлекет тарапынан несие алмастан өз қаражатына салған.

— Біз ата-анамыздан ерте қалдық. Әке-шешеміз осы Ақжол ауылында тер төгіп, көп жыл қызмет еткен жандар болатын. Інім Ақылбек осы жерден мейрамхана салып, оның атын үлкен кісілеріміздің құрметіне «Алтын тамыр» деп қойды. Шүкір, мейрамханамыз қалыпты жұмыс жасап, халықтың игілігіне жарауда. Жаз айларында той өткізушілерден тапсырыс көп болады. Бағасы да ауылдық жерге қолайлы. Тапсырыс тек осы ауылдан ғана емес, көршілес елді мекендердің тұрғындарынан да жиі түседі. Оның сыртында ел болғасын қайғылы жағдайлар да кездеседі. Ондай жерлерде қолымыздан келген жеңілдіктерді ұсынамыз. Қаза орын алған үйдің иесі тек аспазшылар мен газ, свет секілді мейрамхана шығындарын ғана төлейді. Бір ауылда тұрғасын бір-бірімізге қарайласуымыз керек. Азық-түлік дүкені мен наубайхананың қызметіне де халық дән разы, — дейді мейрамхана иесінің әпкесі Аққойсын апай.

Қарлығаш бауыр басқан Қарабек

Қырдағы қарлығаш— Өй, мынау қайтеді, адамды тапай ма? — деп Алтай безілдеп келе жатқан баспақ, тайөгіз, сиырлардың алдынан қарсы жүгірді. – Әк, былай, ұят қайда, журналиске қарай жүгіріп, ертең «Орал өңірі» газетіне «Алтайдың баспақтары тәртіпсіз екен, кісіге қарай шауып» деп жазып қойса… Алтекең осылай деп сөйлей жүріп, шауып келе жатқан бес-алты ірі қараны қораға қарай бұрды. Олар да әбестік жасағанын «білді-ау» дейміз, «ұялғандарынан» жалт бұрылып, қораға қарай салды. «Антенна» секілді құйрықтары жығылмайды-ау, жығылмайды. Шодыраның әлегі. Құйрықтарын аспанға шаншып тастап, сиыр біткен көздері желкелерінен шығып, боратып шауып жүр. Өздері жондары жылт-жылт еткен қоңды-ақ. Анандай жердегі құдықтан су ішіп жатқандары да бар. Базартөбелік Алтай Сабырұлы Сұлтанбековпен осыдан елу жыл бұрын екеуміз бір мектепте, бір сыныпта бірге оқыдық. Малын алға салып, бізді қағытып жатқан кластасымызға үнсіз қала алмай: «Сиырларың қожайынымыз газетке шығатын болды деп қуаныштан шапқылап жүрген шығар…» — дейміз. «Келе жатқандарыңды естідім, бірге оқыған ұялас күшік еді, маған соқпай кетер ме екен?..» — деп отыр едім. Қош келдіңіздер, «Орал өңірінің» журналистері күнде келіп жатқан жоқ, қонақ боласыңдар, қой соямын деп пышағын қайрап, Алтекең қораға қарай жүгірді. Зорға тоқтаттық. Уақытымыз тығыз, баратын жеріміз көп, деп жарты сағаттай сұхбаттасып, жүретінімізді айттық. Шашы бұйра, қыр мұрынды сұлу бала болып еді. Сабаққа да мығым. Бірақ қырсықтау, мұғалім даусын көтеріп ұрысса немесе дөрекі сөйлесе, аузын ашпай, сабақты айтпай, қасарысып үндемей тұрып алатын. Орта мектепті қотарып оқуға көнбей Базартөбесінің Қызылжарына кетті. Әкесі Сабыр сол кезде Тайпақ өңіріне аты мәлім абыройлы азамат әрі сыйлы ұстаз болатын. Содан көп ұзамай оқуын бітірген ғой, жүйткітіп трактор айдап жүрді. Арада тағы бір төрт-бес жыл аунағанда, еңбек озаты атанып, атын ылғи жақсылықпен еститін болдық. Содан бері көріп тұрғаным. Баяғы тастай бұйра, қара шаш сиреген, маңдайы жалаңаштанып, төбеге қарай жылжыған. Содан бергі уақытта өзінің жеке басындағы жаңалығы — үйленген, Алтын екеуі ұл-қыз сүйген. Қазір шаруа қожалығы бар, қорасы малға толған Базартөбенің білдей бір «буржуйі». Шаруашылығының жәйін сұрап, әңгімеге тартсаң, «Алтын біледі, сол айтады» — деп әңгімені қалқатайына қарай бұра береді. «Ойбуй, Алтеке, билікті құрбымызға әбден беріп қойыпсыз ғой» — дейміз қалжыңдап. Бір кездегі қою бұйра шаштың сарқындысын жөнді ештеңе ілікпесе де, қолымен бір сипап, «Генеральный директор сол кісі, біз соның қарауындамыз» — дейді ол да ұстатпай. Баласы Бердіғалиды да осы балам біледі деп көтермелеп отырады екен. Бір кездегі жас Алтайдың көшірмесіндей Бердіғали да «қыздар бұрылып қарайтындай, келіншектер атын сұрайтындай» көрікті жігіт-ақ. Тек үйленуге асықпай жүргені болмаса… Әкесі құрдастың баласы да құрдастың ретімен Бердіғалиды «Биылдан қалмай үйлен» — деп біраз мүйіздедік. «Бұйыртса» — дейді танадай көздері жайнаған жігітіміз, жарқырай күліп.

*       *       *

DSC_0207«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген Алтайдың сыртынан талай жылы лебіздер естіп, көңіліміз марқайды. Бәрін былай қойғанда, өткен қыс қарлы, жауынды-шашынды болғаны белгілі. Жиі-жиі боран соғып, ауыл ішін, сыртқы, ішкі жолдарды жиі басып қалған. Сол кезде Алтай жеке тракторын беріп, үнемі жол аршуға көмектесіп отырған. Басқалай жағдайларда да көмегін аямайды екен. «Қыран жемін шашып жейді» — дегендей, Алтайдың азаматтығы жайлы жақсы әңгімелерді көп естідік. Қарабек елді мекенін 1984 жылдан құтты мекенге айналдырыпты. Шаруашылық тарағанда пай да алмаған. Алайын десе де, шаруасы жүрмеген кооператив тарап тынғандықтан ештеңе тимеген. 2002 жылы қолдағы азын-шоғын малын салып, әкесінің атындағы «Сабыр» шаруа қожалығын құрады. Мектептегі оқуын толық аяқтамай, тракторшылықты қалағанында «Оқуың керек еді, балам-ай!» — деп ұрыспаса да, өкінішін жасырмаған әкесінің атын өшірмей, өзінше сақтап қалғысы келген. Содан бері қандай қиыншылық кездессе де, қажырлықпен жеңіп, бүгінде шаруашылығы аяғынан қаз тұрған. Асыл тұқымды мал өсіруге біржолата бет бұрыпты. Қазір басқаларын айтпағанда, 120 сиыры оларға тиісінше тегі асыл тұқымдық бұқалары бар. «Жұмыс істеймін деген адамға жағдай бар ғой қазір. Айта кетуім керек, аудан басшылары, ауылдағы әкіміміз кездескен сайын, «үкіметтің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып қалыңыздар» — деп айтады да жатады. Қолдап, демеп жатыр. Аудан әкімі Әділ ініміздің, өз ауылымыздың әкәмі Артур баламыздың да шаруаларға деген пейілдері бөлек дедім ғой жаңа. Соның арқасында өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 17 млн. теңге несие қаржы алдым. Әр сиырымның басына демеуқаржы ретінде 18 мың теңгеден аламын. Бұл біз құсаған мал баққан адамға кереметтей көмек қой. Мүмкіндік, жағдай туғызылды, енді денсаулық болса, арман-мақсат көп алдымда» — дейді шаруақор азамат.

«Сыбаға» Алтекеңнің екінші тынысын ашқандай. Өзінің қолда бар тракторларының үстіне тағы да жаңа трактор және шөп тайлағыш алмақ. Қазірдің өзінде баласы мен жиенін, Алтын мен өзін айтпағанда, ауылдың үш азаматына жұмыс тауып беріп отыр. Алтай Сұлтанбеков тек асыл тұқымды малын бағып қана қоймай, жыл сайын жазда ауылдың жеке малын да бағып беріп отыр. Ерінбеген адамға ол да әжептәуір табыс. Бордақылауға мал қояды, ол да жақсы өтіп, қарауындағыларға еңбеккүнге жұмсалады. Малына қажетті шөбін жылда өзінің қолда бар техникасымен өзі дайындап алады.

— Екі мың гектардың үстінде жайылым мен шабындығым бар. Жылда шөпті артығымен дайындаймыз. Өзімізден артылғанын ауылдастарыма — базартөбеліктерге саудалаймыз. Ертеден келе жатқан екі құдығым бар. Біреуі ауыз суға, екіншісі малға молынан жарап тұр. Былтыр малым қолға желтоқсанның 17-де тұрды. Содан наурыздың 17-сіне дейін бағып-қақтық. Қыстан жақсы шықтық. Қазір қора-аулаларымды алдағы қысқа мұқият әзірлеу үшін кейбір тұстарын бұзып, қайта салып, жөндеудемін.

— 120 сиырыңа қанша бұзау ілесті, — дейміз біз Алтекеңді одан әрі әңгімеге тартып. Құрдасымыз:

— Оны Алтын біледі, содан сұраңыздар, — деп тағы қалжыңға бұрады. Қаңтар айынан бермен қарай 50-ден астам торпақ алған. Сиырлары қараша айына дейін әлі төлдейді. «Арық айтып, семіз шық, деген 70-80 бұзау аламын» — дейді Алтекең Алтынға көзінің астымен қарап қойып. Алтын да «бұйыртса» — деп қояды.

*       *       *

Базартөбелік шаруа Алтай Сабырұлымен оның жары Алтынмен, ұлдары Бердіғалимен әңгімелесіп отырғанымызда, құлағымызға бала кезімізден таныс, бірақ сағынышқа айнала бастаған қарлығаштың шықылықтағаны келгендей болды. Елең ете түстік. Сөйтсек, үйге кіреберіс сенеге балапандарына жем тасып, сынық сүйем қанаттары сусылдап кіріп, шығып жүрген қарлығаштар екен… «Жылда келеді, әбден бауыр басқан» — дейді Алтекең. Шаруа баққан азаматтармен қимай қоштастық. Ата-анасымен бірге біздерді шығарып салып тұрған Бердіғалиға «Сенің қарлығашың Қарабекке қашан келіп қонақтайды?..» — дедік. Дүр жігіт жымың-жымың етеді. Бір ойлағаны болар…

Айқарма беттерді ұйымдастырған «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшілері Нұрбек ОРАЗАЕВ, Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

Ақжайық ауданы


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика