15.05.2017, 20:39
Қараулар: 16
Қордаланған мәселелер шешімін таппақ

Қордаланған мәселелер шешімін таппақ

PRI_0431


Облыс басшысы Алтай Көлгіновтің оңтүстік аудандарға үш күндік жұмыс сапары Жаңақала ауданында жалғасты.


Күн бата өңір басшысы бастаған делегация Жаңақала ауданының Мәстексай ауылына жетіп, Жаңақазан, Жаңажол, Жаңақала, Мәстексай ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғындарының алға тартқан мәселелерінің басым бөлігі жол салу, газ кіргізу, әлеуметтік нысан тұрғызу, таза ауыз су және малға қажетті судың тапшылығы, каналдардағы судың тартылуы төңірегінде болды. Кездесу барысында өңір басшысы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

— Биыл Жаңақала ауданындағы төрт елді мекенге «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауыз су кірсе, төрт ауылдық округке көгілдір отын тартылады. Аудан орталығындағы алты көше жөндеуден өтеді. Чапаев – Жаңақала – Сайқын облыстық маңызы бар автожолының жөндеу жұмыстарына 1 млрд. 700 млн. теңге бөлінді. Құлшық жер асты су қорынан 10 елді мекенге таза ауыз су тартылатын болады. Аудандағы жалпы құрылыс жұмыстарына 6 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Қазіргі уақытта сол қаржының жартысы аударылды. Мердігер мекемелер жұмысты неғұрлым сапалы және уақытынан бұрын атқаратын болса, қосымша қаражат аударамыз. Газ бен ауыз су құбырлары тартылатын аудандарда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ малға қажетті судың тапшылығын шешетін боламыз, — деді облыс басшысы Алтай Сейдірұлы.

Кездесу барысында «Батысгазстрой» ЖШС-ның жетекшісі Сапарғали Айтқалиев Жуалыой, Мұқыр, Сарыкөл, Жанкелді елді мекендеріне тартылып жатқан көгілдір отынның жобасымен және «ПМК — 117» ЖШС-ның жетекшісі Ольга Попова Құлшық жер асты су қорынан тартылатын су құбырының қайта құру жұмыстарымен таныстырды. Айта кетсек, мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Мәстексай ауылына және оған қарасты Мұқыр елді мекеніне су құбырын тарту жұмысына бөлінген қаржының 400 млн. теңгесі игерілуде. Ал жалпы келісімшарт құны 631 241, 632 мың теңгені құрайды. Бұл қаржыға насостық стансалар, сыйымдылығы 250 текше метр болатын екі резервуар және Мәстексай ауылына сыйымдылығы 25 текше метр болатын су мұнарасы тұрғызылады. Сондай-ақ ДВУ-10-16 су тазартқыш құрылғымен қоса 219 құдық, 71 гидрант орнатылмақ. Жоба толықтай іске асқан жағдайда 437 аула таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда құрылыс нысанын дайындау жұмысын бастап кеткен серіктестік 1,5 шақырым су құбыры траншеясын қазып, оның 1,0 шақырымына құбырды салып көмсе, құрылыстың 8,5 шақырымына құбыр жеткізілген. Ал көгілдір отын мәселесіне келер болсақ, аудандағы 27 елді мекеннің 12-сі газдандырылған. Аудан бойынша барлығы 23287 тұрғын болса, соның 20121-і табиғи газбен қамтамасыз етілген. Қазір көгілдір отын тартылмаған елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасуда. «БҚО Жаңақала ауданы Жуалыой, Мұқыр, Сарыкөл, Жанкелді елді мекендерін газбен жабдықтау» жобасы бойынша «БатысГазСтрой» ЖШС айналысуда. Нысанда екі шынжыр табанды экскаватор, бір жүк тиегіш техника траншея қазу және басқа құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс нысанын толықтай аралаған өңір басшысы жауапты мердігер мекеменің басшысына техника қауіпсіздігін қатаң қадағалап, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды тапсырды.

Таң сәрісінде Жаңақала ауданындағы жұмыс сапарын жалғастырған өңір басшысы «Мұса» шаруа қожалығына ат басын тіреді. Тілеген Мусин басшылық жасайтын бұл шаруа қожалығы 2013 жылы АҚШ-тың Монтана штатынан 124 бас асыл тұқымды ірі қара герефорд сиырын, 2014 жылы қазан айында Қостанай облысының Арқалық ауданына қарасты «Нұр-Жайлау НС» ЖШС-дан шетелдік селекциядан өткен 398 бас етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара ангус сиырын алып келген.

2005 жылы құрылған шаруашылықтың 60 000 гектар жайылымдық жері бар. Қазір шаруашылықтың аналық малы 503 басқа жеткен. Шаруашылықта қосымша 300 қой, 50 жылқы малы өсірілуде. Өткен жылы герефорд сиырының алғашқы төлі – асыл тұқымды бірінші категориялық бұқашықтары сәтті сатылып, батыс өлкесіне герефорд тұқымы тарады. Сол жылы герефорд тұқымының алғашқы төлі, асыл тұқымды бірінші категориялы қашарларын сатып алуға ниет білдірген көпжасарлық «Ақбота» ШҚ-мен сатып алу шартын жасасты. Қазіргі таңда асыл тұқымды ірі қара малын аудан бойынша «Мұса» шаруа қожалығынан бөлек «Ақбота», «Жаныс» шаруа қожалықтары өсіруде. «Мұса» шаруа қожалығы 2014 жылы республикалық герефорд тұқымы палатасына, 2015 жылы республикалық ангус тұқымы палатасына толық құқылы мүше болып қабылданған. 2014 жылы алыстағы жайылым жерлерді суландыру бағдарламасына қатысып, 20 метр тереңдіктегі тұщы су скважиналарын іске қосқан. Қазір қожалықтың үш қыстағында орналасқан скважина шаруашылықты сумен толықтай қамтамасыз етуде. Білімді де білгір басшы қарамағындағы 30-ға жуық шаруаның жағдайын жасауда. Қожалықтағы техникалық парк толықтай жаңартылған, жеті «МТЗ», үш шөп буғыш, бес үш орақты шөп шапқыш және алты тіркеме, қосымша шөп тасушы екі «ЗИЛ-131» автокөліктері бар. Сондай-ақ шаруа қожалығында күн мен желден қуат алатын электр тогын беруші қондырғылар орнатылған. «Мұса» шаруа қожалығының Базарқұдық қыстауында 20 кВт-тық, Қонақайда 13 кВт-тық, Жиекқұмда 8,5 кВт электр панелі бар.

Шаруашылық иесі Тілеген Мусин облыс басшысымен кездесу барысында Базарқұдық қыстағында ашқан ғылыми оқу-әдістемелік үйін таныстырды. Бұл жерде асыл тұқымды ірі қара малы туралы сала мамандарымен, Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің ветеринар мамандығында оқитын студенттермен тәжірибе алмасады екен. Аталмыш қожалықтың жетістіктеріне риза болған өңір басшысы мұндай тәжірибені облыстағы басқа да қожалықтарға енгізу қажеттігін айтты. Одан әрі өңір басшысы бастаған делегация ат басын «Бірлік» ЖШС-на бұрды. Бұл жерде облыс басшысы шопандардың хал-жағдайын сұрап, асыл тұқымды еділбай қойларының ерекшелігімен танысты. 1968-2016 жылдар аралығында шаруашылық республикамызға, алыс-жақын шетелдерге 159500 бас асыл тұқымды еділбай қойын сатқан. Жыл сайын бұл серіктестік асыл тұқымды 18 айға дейінгі қошқардан 700 бас, 800 ұрғашы тоқты, 200 еркек тоқты және 600 саулық сатуда. «Бірлік» ЖШС-да 100-ден аса шаруа жұмыспен қамтылуда. Шаруалар малға қажетті судың тапшылығы, бөгеттердегі судың тартылуы секілді мәселелерін ортаға салды.

— Шалғайда орналасқан бұл шаруа қожалықтары заманауи талапқа сай күн сәулесі панелін қолданып отыр. Жаңа технологияның арқасында күннен, желден энергия алатын құрылғы орналастырып, электр энергиясын тиімді пайдалануда. Жұмыс сапары барысында «Мұса», «Бірлік» шаруа қожалықтарының мамандары су мәселесін көтерді. Әрине, су болмаса, мал азығы болмайтыны белгілі. Бұл орайда ең бірінші су жүретін арналарды тазалауымыз керек. Өйткені Көшім арнасы арқылы Жайықтың суын жіберсек, аталмыш арнаны қамыс қаптағаны себепті елді мекендерді су алып кетуі мүмкін. Жаңақала ауданындағы су қоймаларының техникалық паспорттарын дайындадық. Енді жобалық-сметалық құжаттары жасалса, су жіберілетін болады. Жуық арада Көшім, Дөңгелек, Пятимар су қоймаларының қақпалары ретке келтіріледі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының елді мекендерді көркейту үшін алға қойған тапсырмаларын халықпен бірге жұмыла жасаймыз. Аудан әкімдеріне ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, кәсіпкер азаматтарды қолдау туралы біраз тапсырмалар берілді, — деді Алтай Көлгінов сапар барысында журналистерге берген сұхбатында.

Өңір басшысы Пятимар ауылындағы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша тартылып жатқан таза ауыз су құбырының құрылысымен танысып, ауыл тұрғындарымен тілдесті. Ауыл ақсақалдары өңір басшысының атқарып жүрген жұмыстарына оң баға беріп, ақжарма тілектерін жеткізді. Кездесу барысында Алтай Көлгінов аудан жастары атынан сөйлеген Жаңақала аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ж. Хайреловке аудандағы газ, су тарту жұмыстарына жастарды орналастыру арқылы жұмыссыздықты жою мәселесін тапсырды. Жұмыс сапарының соңында Алтай Сейдірұлы «UNISERV» ЖШС құрылыс компаниясы жөндеп жатқан Чапаев – Жаңақала – Сайқын автожолының құрылысын тексеріп, жұмысқа қойылар басты талап – сапа екенін ескертті.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»