15.05.2017, 20:20
Қараулар: 19
Өңір басшысы Бөкей ордасында

Өңір басшысы Бөкей ордасында

PRI_0086


Өңір  басшысы  Алтай  Көлгіновтің   Бөкей ордасындағы  сапары  аудан орталығы  Сайқын  ауылынан басталды.


Облыс әкімі Сайқын ауылындағы  су құбырын жаңғырту  жұмысымен танысты. Аталмыш жобамен «АлфаСервисСтрой» ЖШС айналысуда. Жобаның жалпы құны  369,425 млн. теңгені құрайды. Жоба жұмысы аяқталған жағдайда 3514 тұрғын таза ауыз сумен қамтылмақ. Жалпы, Бөкей ордасы ауданында 22 елді мекен мен жеті ауылдық округ бар. Елді мекеннің 10-ы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған, ал екі елді мекенге су тасымалданады. Құрылыс алаңында өңір басшысымен кездескен ауыл тұрғындары аудан орталығындағы тозығы жеткен мектеп интернатына жаңа ғимарат салу және Орал қаласындағы Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың ескерткішін өзінің кіндік қаны тамған Бөкей ордасы ауданына беру жөніндегі ұсыныс-пікірлерін білдірді. Мұнан кейін өңір басшысы бастаған делегация Сайқын ауылындағы ескі мектеп интернатына барып, оның жай-күйімен танысты. Содан кейін  Сайқын-Шоңай ауылы бағытындағы табиғи газ құбырын тарту жұмыстарын қадағалауға  бет алды. Бөкей ордасы ауданы бойынша  тоғыз елді мекенге газ тартылса, 1975 аулаға көгілдір  отын  кірген.

– Екі жылдың жоспары бойынша Шоңай, Сейітқали, Қарасу, Жиекқұм, Жамбыл, Көктерек, Бөрлі, Тереңқұдық, Ұялы, Кеңой, Саралжын секілді 11 елді мекенге газ жүргізілмек. Биыл бұл құрылыс нысандарына 500 млн. теңге  бөлінді. Жылдың аяғына дейін тағы қосымша қаржы көзі қарастырылмақ. Ал «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Көктерек, Жамбыл елді мекендеріне таза ауыз су тартылатын болады. Аудан орталығындағы тоғыз көшенің жолдары жөнделеді. Сондай-ақ  Сайқын ауылындағы мектеп-интернатының тозығы жетуіне орай сыйымдылығы 100 балаға арналған интернаттың жобалық-сметалық құжатын  дайындамақпыз. Жылдың басында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 16 тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл қосымша 10 үй бой көтеретін болады, – деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Кейін жұмыс сапары Бисен ауылдық округіне қарасты «Ораз» шаруа қожалығында  жалғасты. Мұнда «Ораз» шаруа қожалығының жетекшісі Ермек Момынов мемлекеттік бағдарламаның көмегімен мал басын асылдандыруды алғашқылардың бірі болып қолға алған. Бүгінде төрт түлік малды өсірумен қатар мал бордақылау алаңын ашып, шаруасын дөңгелентіп отыр. Облыс басшысы мал бордақылау алаңында болып, шаруашылықтың жай-жапсарымен танысты. Қожалық иесі атасының есімімен аталатын шаруашылықты әкесі Мәлік негізін қалағанын жеткізді.  Кейін жұмысы кенжелеп қалған қожалықты «жандандыруға» өзі белсене кіріскен. 2012 жылы  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша  13 миллион теңге несие алып, оған көрші ауылдардан мал сатып алады. Содан кейін Ресейдің Орынбор облысынан қазақтың ақбас тұқымды 50 малын сатып алып келеді. Жылдар  жылжыған сайын мал басы да артып, еңбегі де ақтала бастайды. 2014 жылы қазақтың ақбас тұқымды малын өсіретін шаруашылық мәртебесін алған «Ораз» шаруа қожалығы қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының мүшесі болып қабылданады. Ермек Момынов болашақта  мал бордақылау алаңын кеңейтпек  ниетте.

PRI_0179Өңір басшысымен кездесуге арнайы келген шаруа қожалықтарының жетекшілері малға судың тапшылығын жеткізді. Мәселені шешу жолдарын қарастыратынын жеткізген облыс басшысы өзге де ұсыныс-пікірлерге  құлақ  түрді.

Бұдан әрі өңір басшысының жұмыс сапары Темір Масин ауылдық округінің Бөрлі ауылындағы су құбырының құрылыс  нысанында жалғасты. Осы жерде  Бисен ауылдық округінің Жамбыл және Көктерек, Бөрлі елді мекендеріне кіргізілетін таза ауыз су құбырының құрылыс жоспары таныстырылды. «Жиенбай» ЖШС-ның мердігерлігімен басталған аталмыш құрылыс биылғы жылдың күз айларында аяқталмақ. Құрылыс толықтай жүзеге асқан жағдайда Көктерек мекеніндегі 542 тұрғын, Жамбылдағы 187 және Бөрлі ауылындағы 1260 жан таза ауыз сумен  қамтылмақ.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»