19.04.2017, 21:30
Қараулар: 43
Қоскөлде мал шығыны тыйылмай тұр…

Қоскөлде мал шығыны тыйылмай тұр…

DSC_0160


Осыдан  тура  бір  апта  бұрын  Орталық коммуникациялар қызметінің  облыстық  филиалында  Қаратөбе ауданының Қоскөл  ауылындағы  мал індетіне байланысты  брифинг өткен  еді.  Жиында  аталмыш  ауылдағы  мал  ауруы бойынша облыстық ветеринариялық  зертханаға 26  патологиялық материал  жолданып,  соның  бірінен  пастереллез  ауруы анықталғаны  мәлім  етілді.


Мәселені облыстық деңгейдегі құзырлы мекемелер бақылауға алғанымен, Қоскөлдегі мал өлімі күннен-күнге артып тұр. Әсіресе, жас төлден шығын көп. Оның үстіне әуелден мал баққан көзі қарақты тұрғындар бұл індетті «Пастереллез  емес,  аусыл»  дейді.

Осы орайда мәселенің мәнісіне тереңірек бойлау үшін Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дағы Биотехнология және табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу институтының биотехнология зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымының докторы, профессор Ғайса Абсатировқа жолығып, пастереллез және аусыл ауруларының басты айырмашылықтары мен клиникалық белгілері туралы сұраған едік.

– Аусылдың ең басты клиникалық белгісі – ірі қараның ауыз қуысынан көбікті сілекей шұбырып, ағып тұрады. Бұдан бөлек тұқайларының арасы, желіндері, ауыз қуыстары, тұмсығы зақымданып, жараға айналуы кездеседі. Аусылдан жас бұзаулардың шығыны көп болады. Бұзауларда аусылдың сыртқы белгілері ірі малдағыдай айқын байқалмайды. Ал пастереллезде мал аузынан көбікті сілекей шұбырмайды. Пастереллез ауруының басты белгілері – сиыр малының әукесінде, төсінде, жағында ісіктер пайда болады. Малдың тыныс алуы демікпе секілді жиілейді. Тыныс алу жолдары қабынған кезде жөтеледі. Бұл екі індет ұсақ малдарда да, ірі жануарларда да кездеседі. Аталмыш екі аурудың ұқсас белгісі – дене қызуының көтерілуі. Жылқы ғана аусылмен ауырмайды. Ғылыми әдебиеттерде аусылдың адамға жұғуы мүмкін екендігі жазылған. Ал пастереллезбен адам ауырмайды. Аусыл қаулаған өрт сияқты, оның жұғымталдығы өте жоғары. Адам аусылмен зақымданған кезде тұла бойында дақтар пайда болады. Ауыз қуысы уылып, дене қызуы көтеріледі. Адамға жұққан аусыл медициналық жолмен емделетін, яғни емге көнетін дерттердің қатарына жатады. Көпшілік жағдайда бұл аурулардың негізгі таратушы көзі ветеринарлық тексерістен өткізбей әкелінген өзге аймақтың малынан шығады, – дейді Ғайса Ғарапұлы.

DSC_0205Біз аталмыш індеттің ошағына арнайы барып, Қоскөл ауылдық округінің әкімімен және мал иелерімен тілдесіп қайттық.

– Қазір індет алғаш басталған көшенің малдары түгелдей жазылды. Ауру кейін таралған малдардың да алды тәуірленіп, жайылысқа шыға бастады. Бүгінгі таңда нақты есепке алынған мал шығыны алты  ірі қара, 27 бұзау, жеті  қой, 80 шақты қозы-лақты құрап отыр. Ауыл тұрғындары бұл ауруды әп дегенде аусыл деген болатын. Алайда зертхана қорытындысы пастереллез екенін анықтады. Пастереллезбен ауырып өлген мал шығынына үкімет тарапынан өтемақы төленбейді. Бірақ аудан әкімі Асхат Берлешұлы ауылға арнайы келіп, жағдайды көзімен көргенде, қандай ауру болғанда да, зертханадан талдау қорытындысы келген малдардың шығынына өтемақы төлеудің амалдарын қарастыратынын айтты. Сол себепті халыққа бір көмек болар деген үміттеміз. Өз иелігімдегі 12 бас ірі қара да ауырды. Ауыздарынан су ақты, кейбіреулерінің дене қызуы көтерілді. Кей тұрғындар малдарының аузына жара шыққанын айтты. Қызуы көтерілген малдарды «Бициллин-3» деп аталатын антибиотикпен ектік. Ауыздарына йод жақтық. Әлсіз мал ашығып қалмас үшін быламық ішкіздік. 3-4 күн өткенде ауруларының беті бері қарап, жазылып кетті, – дейді Қоскөл ауылдық округінің әкімі Берік Жақсығалиев.

Қазіргі уақытта аталмыш мал індеті қатынас көліктері арқылы өзге елді мекендерге тарамас үшін Қоскөлден Егіндікөл ауылы бағытына шығар жолға және Самара – Шымкент күре жолына қатынар тұсқа дезинфекциялық ерітіндісі бар жол өткелі – дезбарьер жасалған. Сын сағатта аудан әкімі Асхат Шахаровтың ауылға арнайы келуі, жағдайды көзімен көріп, тұрғындармен тілдесуі және оның шығынға ұшыраған мал үшін өтемақы төлеу жолдарын қарастырамын дегені әзірге шаруа баққан жандардың дәтіне қуат болып  тұр.

DSC_0208– Алғашында үш сиырым қатар ауыздарынан көбік ағып, шөп жемей қалды. Мал мамандары оларды егіп, барынша ем жасады. Әйткенмен індет ауылға жайылып кетті. Бір сиыр, бір бұзау, отыз-қырықтай ұсақ малым шығынға ұшырады. Қазіргі уақытта тұтас ауыл бойынша малымыздың етін жеуге, сүтін ішуге болмайтыны туралы тәртіп енгізілді, – дейді тұрғындар ішінен алғаш болып малынан індет білінген Әділхан Жауынбаев.

Бір түсініксіз жәйт, Әділхан Жауынбаевтың қора-жайына мал мамандары тарапынан ешқандай бұқырлау жұмыстары жүргізілмеген. Малдары ауруға шалдыққан өзге ауыл тұрғындары да бізбен жүздесу барысында қоралары бұқырланбағанын айтты.

– Бес бұзау, он екі қозым өлді. Шығынға ұшыраған лақтарымның санын айтпай-ақ қояйын. Қазір тағы екі бұзауым қызулап тұр. Соларға дәрі іздеуге шықтым. Сиырларым жазылды. Індет баспақтардан кейінірек байқалды. Олар да ауырып тұр. Жем-шөп таусылғасын малдарымды жайылысқа шығарып жібердім, – дейді  Қоскөл ауылының тұрғыны, зейнеткер Ұмсындық Сағынғалиқызы.

Ауыл тұрғындары бұзауы өлген, өрістен желіндері дертіп келген сиырларын сауып, пайдаға жарамсыз сүтін аяқ баспайтын жерге төгіп  жатқандарын  айтады.

Баққан малын күнкөрісіне айналдырып отырған қоскөлдіктерді күйзелтіп, әуре-сарсаңға салған індет тезірек басылғай, келер күндерде ауылдағы ағайынның мал-жаны тегіс аман болғай деген тілекпен, алаңдаулы көңілмен қалаға қарай аттандық…

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»,

Қаратөбе ауданы