19.04.2017, 21:21
Қараулар: 86
Жанат НҰРМАҒАМБЕТОВА: «Қылмыс туралы бірде-бір ақпарат есептен тыс қалмай, тіркеледі»

Жанат НҰРМАҒАМБЕТОВА: «Қылмыс туралы бірде-бір ақпарат есептен тыс қалмай, тіркеледі»

DSC_0230 (копия)


22 сәуірде ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің құрылғанына 20 жыл толады.


Осы уақыт аралығында аталмыш құрылым еліміздің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына қаншалықты үлес қосқанын, олардың алдына қойылған міндет-миссиялардың қаншалықты орындалғанын білу мақсатында аталмыш комитеттің БҚО бойынша басқармасының басшысы, аға әділет  кеңесшісі  Жанат  Нұрмағамбетовамен сұхбаттастық.

– Біздің комитет құрылғанға дейін құқық қорғау саласына қатысты мәліметтер, яғни қылмыстық, әкiмшiлiк құқықбұзушылық жөнiндегi мәлiметтер түрлі құрылымдарда жинақталған түрде ҚР Iшкi iстер министрлiгiнің, Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң ақпарат орталықтарында, соттар қарауына жататын мәлiметтер Әдiлет министрлiгiнде тіркелетін. Бірақ қылмыспен күресте бұрынғы ақпараттық-статистикалық жүйеде түрлі кемшiлiктер орын алды, қылмыстық ахуал бұрмаланып көрсетілді. Осындай олқылықтарды жою үшін арнайы құрылым құру қажеттiлiгi туындады. Аталмыш кемшіліктерге тосқауыл болатын тек прокуратура құрылымдары болғандықтан, 1997 жылдың 22 сәуірінде ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау органдары жүйесін әрі қарай реформалау шаралары туралы» Жарлығымен ҚР Iшкi iстер, Әділет министрліктері мен Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң осы бағыттағы қызмет базаларының негізінде ҚР Бас прокуратурасы жанынан Құқықтық статистика және ақпарат орталығы құрылды. Құқықтық статистиканы әрі қарай дамыту мақсатында 2003 жылдың 28 наурызында ҚР Президентiнiң Жарлығымен осы орталықтың негiзiнде Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетi дербес мемлекеттiк мекеме болып қайта құрылды. Ал сол жылдың желтоқсан айында бұл саланы реттейтін «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» заң қабылданды.

Дер кезінде құрылған құрылым өзіне жүктелген миссияны толықтай орындады. Елдегі құқықтық статистика бір жерге жинақталып, көптеген аса маңызды заң мен нормативтік құжаттардың заман талабына сәйкес қайта қаралуына, қазіргі реформалық өзгерістердің жүзеге асуына себепші болды және бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын тауып келеді. Қазіргі уақытта комитет Президент Әкімшілігінен бастап, түрлі деңгейдегі үкіметтік, мемлекеттік мекемелерді, құқық қорғау саласын, жеке және заңды тұлғаларды шынайы құқықтық ақпаратпен қамтамасыз етіп, анықтамалық қызметтер көрсетуде. Бүгінде комитет пен оның құрылымдары өзiндiк ерекше мiндеттері бар мемлекеттiк институтқа айналып үлгердi. Еліміздің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына қаншалықты үлесін қосқанын осыдан-ақ бағамдауға болады.

– Жанат Жандоллақызы, құқықтық статистика құрылымы құрылған кезде елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мәз болмағаны белгілі. Сол кездегі қиындықтар мен қазіргі жетістіктер жөнінде айтып өтсеңіз…

– Орынды сұрақ. Осыдан жиырма жыл бұрынғы және қазіргі комитетті салыстыруға келмейді, екеуі екі бөлек әлем деуге болады. Өзгермеген бір-ақ нәрсе – ол қызметіміздің мақсаты, яғни шынайы құқықтық статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ету. Өзіңіз айтып өткендей, құқықтық статистика құрылымы жаңа құрылған кезде еліміз қиын-қыстау кезеңді басынан кешіріп жатты. Жас мемлекетімізде қылмыс өршіп тұрды, заңсыз көшіқон белең алып, әлемде саяси дағдарыс орын алған еді. Одан бөлек отандастарымыз бұрынғы қалыптасқан өмір сүру салтынан айырылып, дағдарып қалған, болашаққа сенімсіздікпен қарайтын кез болатын. Біздің құрылым осындай қиынқыстау жағдайда жұмысын бастады. Материалдық-техникалық жағдайымыз мүшкіл халде. Кеңсе жабдықтарымыз заман талаптарына сай келмейтін, статистикалық карточкалар қолмен толтырылып, есептерді калькулятордың көмегімен шығаратынбыз. Бүгінде мұның бәрі келмеске кетті. Қазір комитет – мүлдем жаңа тұрпаттағы, заманауи құрылым. Комитеттің ақпараттық сервистері біршама жетілдіріліп, әлемдік стандарттарға сәйкестендірілді. Егер бұрын азаматтың соттылығына қатысты анықтама орталықтан берілген болса, 2012 жылдан бастап бұл құжатты электронды сандық қолтаңба арқылы «электронды үкімет шлюзынан» алуға мүмкіндік туды. Анықтаманы ұсыну мерзімі үш күнге дейін қысқартылды. 2006 жылдан бастап мемлекеттік құрылымдарға жүгінген азаматтар өздерінің өтініштерінің қаралу барысын бақылап отыратын деңгейге жетті. 2008 жылы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін бірыңғай есепке алудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (ТӨБЕ ААЖ) іске қосылды. Ол лауазымды тұлғалардың азаматтардың өтініштерін қарауда енжарлық пен құлықсыздыққа жол бермейтін механизмге айналды. Осы жүйе аясында жыл сайын 20 миллионның шамасында өтініш есепке алынып отырады. Мұның заңды жалғасы ретінде 2012 жылдан бастап комитеттің «Айқын» жобасы іске қосылды. Бірегей нөмірлі түбіртек алған әрбір азамат өзінің өтінішін осы жүйе арқылы бақылап, кез келген ұсыныстары мен шағымдарын Бас прокуратураның Сall-орталығына жеткізе алады. Ақпараттық сервисіміз барлық қолданушы үшін ақпарат жеткізуші құрал болып табылады. Статистикалық ақпарат ведомстволық сайтта жарияланады және кез келген жанға қолжетімді. Қылмыс туралы хабарламалардың толық форматты статистикалық есебін жүргізу, мәліметті бұрмалаудың кез келген дерегіне шұғыл түрде шара қабылдау осы жұмыстардың басты бағыты болып табылады. Бұл ретте прокурорлардың негізгі көмекшісі — инновациялық технологиялар. Комитетте автоматты түрде тек қылмыстылық туралы мәліметтер емес, сонымен қатар сот шешімдері, прокурорлық қадағалаудың нәтижесі, кәсіпкерлікті қолдау, азаматтардың жүгінулерін қарауда мемлекеттік құрылымдардың заңдылықты сақтауы туралы мәліметтер де жинақталады. Жалпы алғанда, бұл механизм өзін ақтауда, өйткені өзге құрылымдарда осы тектес жүйелерді құрудың қажеттілігі жоқ. Оларға қуатты сервермен және арнайы бағдарламамен қамтамасыз етілген комитеттің мәліметтерін қолдану ыңғайлы әрі тиімді. «Қадағалау» ақпараттық жүйесіндегі прокурорлардың күнделікті қадағалау қызметін автоматтандыру бойынша жұмыс жалғасын табуда. Нақтылап айтсам, аталмыш жүйе прокурорға жұмыс орнында отырып, өзінің құзыретіндегі барлық салаға электронды түрде қадағалау жасауға мүмкіндік береді және барлық тиісті құжаттарды жүйеге электронды форматта енгізіп отырады.

– Бүгінгі таңда комитет «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға да өзіндік үлесін қосып жатқанынан хабардармыз…

– Иә, Ұлт жоспарының 32-қадамында айтылғандай, «Қылмыстық құқық бұзу картасы» ұлттық ақпараттық жүйесі негізінде «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталын құру міндеттелген болатын. Бұл картада елімізде бір аптаның ішінде жасалған барлық қылмыстық құқықбұзушылық тіркеледі. Бұл қоғамға ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл тапсырма бүгінгі таңда толығымен орындалды деуге толық негіз бар. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті қысқа мерзім ішінде интерактивті қылмыстылық картасының жобасын жасақтап, оны республика бойынша іске қосып үлгерді. Біздің басқармамен де бұл бағытта ауқымды істер атқарылды. Сондай-ақ ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдар аралығындағы құқықтық саясатының тұжырымдамасын» жүзеге асыру шеңберінде нашақорлыққа қарсы күрес жүйесін жетілдіру сияқты бірқатар күрделі мәселелердің шешімін табу ұсынылады. Осыған байланысты комитет “Есірткілік, психотропты заттарға қатысты қылмыстар картасын» жасақтап шығарды. Жалпы, біздің комитетпен дайындалған жобаның бәрі Елбасының тікелей нұсқауымен жасақталған дүниелер екенін айта кеткен жөн.

– Басқармамен жүргізілген талдау жұмыстары биылғы үш айда облысымызда қандай қылмыстардың көбейгенін, азайғанын көрсетті және олардың себебі қандай?

– Басқарма әр апта сайын қылмыстылықтың жай-күйін талдап, мониторинг, зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Осы деректерді қорытуда комитеттің барлық ақпараттық жүйесінен түскен мәліметтер пайдаланылады. Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне сәйкес, облысымыз бойынша биылғы үш айдың нәтижесіндегі қылмыстылықтың жай-күйіне тоқталсақ, жалпы тіркелген қылмыстар саны 17%-ға азайғанын көреміз, яғни былтыр осы мерзімде облысымызда 3763 қылмыс тіркелсе, ал ағымдағы жылы 3124 қылмыс орын алған. Оның ішінде әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар саны 574, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар саны 22-ге тең. Қылмыстар санатына қарай, яғни жеңіл дәрежелі қылмыстар 21,6%-ға (519-ден 407-ғе дейін), орта деңгейлі қылмыстар 15%-ға (2284-ден 1941-ге дейін), ауыр қылмыстар 5,7%-ға (263-ден 248-ғе дейін) азайған. Ал аса ауыр қылмыстар 87,5%-ға өсіп отыр (8-ден 15-ке дейін). Жалпы, тіркелген қылмыстардың 75,5%-ын жеке мүлікке қатысты қылмыстар құрады. Тағы бір айта кетер жайт, қоғамдық жерлерде жасалған құ-қықбұзушылықтар (22,1%-ға) және бұрын қылмыс жасаған тұлғалар тарапынан орын алған қылмыстар (20,4%-ға) кемігені байқалады. Жалпы, кейбір қылмыстық құқықбұзушылықтардың артуына қарап, облыс бойынша криминогенді жағдай нашарлап кетті деп бағамдауға болмайды. Өйткені қазіргі уақытта құқық қорғау органдарында қылмыс туралы бірде-бір ақпарат есептен тыс қалмай, тіркеледі. Бұл да комитет жасақтаған қылмыстық құқықбұзушылық карталарының арқасында қол жеткізген жетістік екені сөзсіз.

– Жанат Жандоллақызы, болашақта комитет тарапынан тағы да қандай жобалар жүзеге аспақшы? Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз…

– Өздеріңізге белгілі, комитет төрағасы болып Бағдат Мусин тағайындалды. Жас, іскер, мүлдем жаңа тұрпаттағы басшы болып табылатын ол кісінің басты талабы – комитет тарапынан көрсетілетін қызметтерді толықтай автоматтандырып, электронды жүйеге көшіру, сөйтіп қағазбастылықтан арылу. ХХІ ғасырдың екінші жартысына аяқ басқан кезде ІТ әлеміне ұмтылу, сандық мемлекет негіздерін құру, қоғамдық сананы жаңа бетбұрысқа бағыттау, әр азаматтың құқықтық белсенділігін ояту – біздің айқын басымдықтарымыз болмақ. Қазірдің өзінде «Электронды қылмыстық іс» деген жоба жасақталуда. Бұл жоба құқық қорғау органдарының өзара әрекет етуін күшейтіп, қылмыстық істің барлық қаралу кезеңін тездетіп, істің сапалы, заң шеңберінде дұрыс қаралуына бақылауды нығайтып, шұғыл ақпарат алмасып отыруға үлкен мүмкіндіктер туғызады. Сондықтан алдағы уақытта да комитет осындай жаңа жобаларды ұсынады. Олар қоғамның әр мүшесі үшін пайдалы болары анық.

Үкімет «Цифрлық Қазақстан» атты ірі көлемді бағдарламаны жасақтауды қолға алды. Мемлекет тарапынан алдағы уақытта атқарылар іргелі іс өте көп екендігі аян. Ал ертең оларды жүзеге асыруға мамандарымыз қаншалықты әзір? Сонымен қатар қызметкер-кадрлар инновациялық технологияларды меңгеруі, сандық ақпараттық жүйелермен жұмыс жасай білуі, тосын жағдайларда тез әрекет жасап, дұрыс шешім қабылдауға қабілетті болуы қажет. Соған орай біз мамандарымызға білімдерін арттыру, біліктіліктіліктерін жетілдіру бағытында талап қойып отырмыз. Жедел құрамдағы қызметкерлеріміз (оперативник) түрлі оқу семинарларына қатысып, комитеттегі тағылымдамалардан өтуде. Білімді де білікті қызметкер алға қойылған кез келген міндетті іркілместен орындай алады, қызмет бабында қия басар қадамдарға жол бермейді. Осыны түсініп, соған ұмтылғандар заман талабына сай әрі бәсекеге қабілетті  болары  анық.

Сұхбаттасқан Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар