19.04.2017, 21:12
Қараулар: 117
«ҚСжАЕК – әр үйге» жобасының қоғамға тигізер пайдасы көп

«ҚСжАЕК – әр үйге» жобасының қоғамға тигізер пайдасы көп

инфо 42


Прокуратура органдарымен қарапайым азаматтарды құқықтық ақпаратпен қамтамасыз етуге, олардың мұқтажын қанағаттандыруға бағытталған түрлі іс-шаралар қолға алынуда. Соның бірі – «ҚСжАЕК – әр үйге» жобасы. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен дайындалған бұл жобаға батысқазақстандықтардың да қызығушылығы жыл өткен сайын артып келеді.


Бүгінде аталмыш комитет порталында азаматтардың өмірін айтарлықтай жеңілдетуді мақсат тұтқан «service.pravstat.kz» ақпараттық сервисі бар. Мұнда өмірдегі түрлі жағдай қамтылған. Интернет желісі арқылы аталмыш ақпараттық сервистің парақшасын ашқаннан соң, онда 12 қызмет түрінің ұяшығы орналасқанын көруге болады. Комитеттің БҚО бойынша басқармасының бөлім басшысы Ержан Мұхитов бұл қызметтердің қай-қайсысы да маңызды екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, «Қылмыстар туралы өтініштер беру» деп аталатын бірінші ұяшыққа кіру арқылы тұрғындар үйден шықпай-ақ, құқық қорғау органдарына арыз бере алады. Арыз беру тәртібі сол ұяшықтың ішінде баяндалған. Жалпы, бұл ұяшықпен жұмыс істеу үшін ХҚО-дан алынған электрондық сандық қолтаңба болуы керек. Екіншісі – «Қылмыстар туралы өтініштерді бақылау». Жоғарыда айтқандай, өтінішті құқық қорғау органдарына электронды нұсқада жолдаған соң немесе аяқтай барып берсе, оның қалай қаралып жатқанын осы ұяшық арқылы білуге болады. Яғни қазір кез келген мемлекеттік құрылымға өтініш жолдағанда, ол жақтан түбіртек-қосымша беретіні белгілі. Аталмыш ұяшықты ашып, сол түбіртекте көрсетілген нөмірді теріп, іздеу пәрменін басқан соң, сол хат бойынша мәлімет шығады. Мәселен, өтініш қай қызметкерге жолданғаны, ол бойынша қандай ма бір шешім қабылданса, қысқаша жауабы жазылады. Дәл осылайша «Мемлекеттік органдарға жүгіну» деп жазылған үшінші ұяшықпен де жұмыс істеуге болады. Тек мұнда жергілікті атқарушы органдарға жолданған хаттар туралы мәлімет беріледі. Ал «Тұлғаларды іздестіру» ұяшығынан іздеу салынған, яғни із-түзсіз жоғалған, қылмыс жасап немесе түрлі бережақтары үшін іздеуде жүрген жандар туралы ақпараттарды алуға мүмкіндік жасалған. Оның тағы бір артықшылығы бар. Мәселен, үй немесе көлік алып-сатып жатқанда, біреулерге қарыз бергенде, азаматтарды жұмысқа алғанда, не басқа да жағдайларда екінші тараптың түрлі қылмыстық істерге немесе құйтыртқы әрекеттерге қатысы бар-жоғын білуге болады. «Балалары оларды іздеуде» деген ұяшық алимент төлемей жүргендерге қатысты. Егер жолдасынан балаларына алимент ала алмай, оның қайда жүргенін білмей жүргендер болса, осы жерден біраз дерек жинауына мүмкіндік мол. Қолдан көлік алуды жоспарлап жүрген жандар үшін «Көлікті жол-көлік оқиғасына тексеру» ұяшығы аса пайдалы. Себебі автокөліктің VIN (шанақ) нөмірін осы ұяшыққа салып тексеру арқылы оның жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоғын білуге болады. «Айыппұлдар туралы» ұяшықтан азаматтар өздеріне тиесілі айыппұлдар жөнінде біле алады. Республикамызда, оның ішінде өңірлерде жыл басынан бері тіркелген қылмыстар, олардың түрлері туралы мәліметтерді «Статистикалық деректер» ұяшығынан көруге болады. Ал «Анықтамаларды тексеру» ұяшығы құжаттарды қолдан жасау қылмысын алдын алуға бағытталған. Мысалы үшін жұмыс беруші қызметке алынғалы отырған азаматтың ұсынған соттылық туралы құжатының дұрыс-бұрыстығына осы жерден көз жеткізе алады. «Жеке сот орындаушылар жұмысының тиімділігі» ұяшығы аты айтып тұрғандай, жеке сот орындаушылардың жұмысын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жерде біздің облысымызда, басқа өңірлерде қанша жеке сот орындаушы бар, олар өндірістегі қанша істі орындағаны, қанша сома өндіргендігі жөнінде мәліметтер жазылған. Оның аталмыш құрылымға күні түскен адам үшін пайдасы көп. Яғни осы ұяшыққа кіру арқылы олардың атқарған жұмыстарына қарап, жеке сот орындаушысын таңдай алады.

«Бизнес тірегі» тексерулерді тіркеу» деп аталатын ұяшық кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік құрылымдардың тексеруіне қатысты жасақталған. Қазіргі таңда кез келген тексеріс аталмыш басқармада тіркелетіні белгілі. Тіркеместен бұрын мұндағы мамандар кәсіпкерлік нысанын тексеруге қандай негіз бар екенін  анықтап, біледі. Егер бәрі дұрыс болса, оны тіркейді. Содан соң он алты таңбалы тіркеу нөмірі бар акт береді. Тексеруге барған мемлекеттік құрылым өкілдері кәсіпкерге осы актінің бір данасын беруі тиіс. Сол кезде кәсіпкер «Бизнес тірегі» тексерулерді тіркеу» ұяшығына кіріп, тіркеу нөмірін жазып, бұл тексеріс заңдылығын біле алады.

«Service.pravstat.kz» ақпараттық сервисінде елеулі маңызы бар ұяшық «Геоақпараттық жүйелер» деп аталады. Бұл «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 32-қадамында айтылған тапсырмаға орай жасақталған. Яғни бұл қоғамдағы қауіпсіздікті, ішкі істер органдары, жергілікті атқарушы билік жұмыстарының тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді.

— «Геоақпараттық жүйелер» ұяшығының ішінде 6 карта бар. Карталар визуалды түрде көрсетуге арналған. Біріншісі, «Қылмыстық құқықбұзушылықтар картасы» деп аталады. Бұл жүйеге ену арқылы біз республикамыздағы, облысымыздағы қылмыстық ахуалды бағамдай аламыз. Мысалы үшін Орал қаласын таңдасақ, картаның жоғарғы бөлігінде жыл басынан бүгінгі күнге дейін қанша қылмыстық құқықбұзушылық жасалғаны туралы мәлімет тұрады. Ал картаның оң жағында бұл қандай қылмыстар екені, оның ҚР Қылмыстық кодексінің қандай бабына жататыны жазылады. Әр қылмыс түрі арнайы белгілермен белгіленген, яғни қапшық арқалап бара жатқан адам сұлбасы тұрса ұрлық, маска киген адам – бұзақылық, шприц – заңсыз есірткі айналымына қатысты қылмыс дегенді білдіреді. Картаға қарап отырып, қаланың қай аудандарында қандай қылмыстар орын алғанын көреміз. Қылмыстық әрекет белгіленген сұлбаның үстін пернемен бассақ, ол қай полиция бөлімінде тіркелгенін, қашан қылмыстық іс қозғалғанын, қай көшеде, қай үйде орын алғаны туралы ақпарат шығады. Осы картаға қарап оралдықтар өздері тұратын ауданы қаншалықты қылмысты болып саналатынын, қандай қылмыстар жиі орын алатынын біле алады және одан сақтану шараларын жасағандары жөн. Өткен жылдан бастап, бұл картаға аудандарды енгізу қолға алынды. Қазір өңіріміздегі 12 аудан орталығы және Тайпақ, Жалпақтал, Дарян, Подстепный сынды үлкен ауылдар картаға салынды. Ал биылдан бастап барлық ауылдық округ орталықтары енеді.

«Жасөспірімдермен жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар картасының» жұмысы да жоғарыда айтып өткен ұяшықпен ұқсас. Мұнда қылмыс жасаған жасөспірім қай мектептің не колледждің оқушысы екендігі шығып тұрады. Бұл білім ұялары басшыларына оқушыларының тәртібін бақылауына мүмкіндік береді және ата-анаға қай мектепте жақсы тәрбие бар екеніне бағыт сілтейді.

«Жол апаты картасы» жол-көлік оқиғалары туралы ақпарат береді. Картаны ашқаннан соң, жоғары жағындағы «Көрсету» деп аталатын ұяшықты пернемен бассақ, еліміздің картасы түрлі түске боянып шыға келеді. Ал Астана, Алматы, облыс орталықтары және ірі қалалардың аумағы қызыл түске енеді. Картаның сол жақ бөлігінде әр түске байланысты сипаттама жазылған. Мәселен, жасыл болса, ол аумақта жыл басынан бері 0-7, ашық жасыл 8-14, сары 15-21, сарғыш 22-28 дейін, қызыл 29 және одан көп жол-көлік оқиғасы болғандығын білдіреді. Облысымыздың аумағында тек Орал қаласының маңы ғана қызыл түспен көмкерілген. Сол қызыл түстің үстінен бассақ, өңірде осы уақыт аралығында орын алған жол-көлік оқиғасының нақты саны, қанша адам зардап шеккені туралы мәлімет шығады. Егер Орал қаласының өзін перненің көмегімен үлкейтіп қарасақ, қай шағын аудандарда, көшелерде жол-көлік оқиғасы болғандығы сұлбалар арқылы бейнеленгенін көреміз. Осы сұлбалардың үстінен басып, бұл оқиға қашан, қай жерде орын алғанын, оның қандай құқықбұзушылыққа жататынын, сол кездегі жол жағдайы, тәулік мезгілі қандай болғандығын, жолдың жа-рықтануын, жарақат алған, өлген адам санын, кімнің кінәлі екенін, кінәлі адамның ішімдік ішіп-ішпегенін білуге болады. Аталмыш карта, әсіресе, қоғамдық көлік жүргізушілеріне қай жолмен жүргенде мұқият болу керектігіне көмекші бола алады.

«Азаматтардың жергілікті атқарушы билікке жүгінулер» картасының жұмысы да жол апаты картасына ұқсас. Мұнда да әр түрлі түспен белгіленеді. Облысымыздың аумағында қызылмен боялып тұрған — Орал қаласы  маңы. Қызыл түс 3 мыңнан аса жүгіну болғанын білдіреді. Қызыл түстің үстінен басқанда жыл басынан бергі мәліметтерді көреміз. Астында оның қаншасы өтініш, арыз екендігі, қаралғаны, қанағаттандырылғаны, өзге мекемеге жолданғаны және басқа да мәліметтер жазылған. Ал картаның жоғарғы бөлігіндегі параметрлер ұяшығының ішіндегі мәселелер тізілімі дегенді бассақ, жұмыспен қамту, еңбекақы бойынша бережақ, әлеуметтік көмек, коммуналдық шаруашылық қызметі сынды түрлі мәселелер шығады. Солардың біреуін таңдасақ, онда аудандардың аумақтары қызылға боялады, яғни әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы мәселелер ауылдық жерлерде көбірек екенін бағамдаймыз. Бұл жергілікті атқарушы билік өкілдеріне қандай мәселелерге баса назар аудару керектігіне жәрдемдеседі.

«Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалды қылмыс жасалғандар картасы» қанша педофил, яғни бұл бағытта жазасын өтеп шығып, қазір бостандықта жүрген жандар бар екені туралы ақпарат береді. Арнайы сұлбаның үстінен бассақ, олардың фотосуреті шығып, аты-жөні, туған жылы, қашан, қай сотпен, Қылмыстық кодекстің қандай бабымен сотталғаны, түзету мекемесінен қашан шыққаны, қай мекенжайда тіркелгендігінен хабардар боламыз. Бұл мәліметке қарағанда, қазіргі таңда облысымызда осындай санатқа жататын сегіз жан бар. Оның жартысы Оралда болса, екеуі Бөрлі, екеуі Жәнібек ауданында. Осынау карта қарапайым халықты сақтандыру мақсатында, нақтылап айтқанда, қасымызда тұратын көршілеріміздің кімдер екенін біліп жүру үшін жасалған.

«Кәсіпкерлерді тексеру картасы» әлі толық жасақталып біткен жоқ. Карта дайын болған кезде бұл карта тұтынушылар үшін өте тиімді болады. Себебі тексеріс қорытындысы да осы картаға енеді. Соған қарап тұтынушылар өз таңдауын жасай алады. Яғни сапалы өнім ұсынатын, көпшіліктің көңілінен шығатын қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысаны тұтынушылар сұранысына ие болары анық, — дейді Ержан Мұхитов.

Айта кетейік, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО бойынша басқармасының қызметкерлері біраздан бері осы жобаны насихаттап келе жатыр. Аудандарға шығып тұрғындармен, мекеме-кәсіпорындарға барып қызметкерлермен кездесіп, БАҚ-тарға сұхбат беріп, арнайы роликтер түсіріп, оларды қала көшелеріндегі экрандарға шығарып еңбектеніп жүр. Әлеуметтік желілерден өз парақшаларын ашқан. Олардың бұл бағыттағы қызметтері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге, ашықтық пен жариялылыққа қол жеткізуге айтарлықтай үлесін қосса, онда мақсаттарының орындалғаны.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар