19.04.2017, 20:52
Қараулар: 78
Көктемгі егіске сақадай сай

Көктемгі егіске сақадай сай

СЦК Денис Умашев


Өңір  диқандары  көктемгі  егіске  сақадай  сай қамданған.  Зеленовтық  шаруашылықтар  көктемгі далалық  жұмыстарды  бастап  та  кеткен.  Бұл  туралы  Орталық  коммуникациялар  қызметі  өңірлік  филиалының  алаңында  өткен брифингте  облыстық  ауыл  шаруашылығы  басқармасының  бөлім  басшысы  Денис   Омашев   әңгімеледі.


Денис Молдағалиұлының айтуынша, дәнді дақылдар егісі 253 мың гектарды құрайды. 2016  жылы егістік алқаптарының аумағы 215,6 мың гектар болғанын ескерсек, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 14,7 пайызға артық. Ал жаздық дәнді дақылдар 181 мың гектар  алқапқа егіледі. Оның құрылымында жаздық бидай 119,1 мың гектарды, арпа 53 мың гектарды, тары 4,2 мың гектарды, басқа дәнді дақылдар 4,5 мың гектарды құрайды. Майлы дақылдардың егіс алқабы 52 мың гектар, соның ішінде күнбағыс алқабы 40 мың гектарға жетпек. Ал картоп және көкөніс-бақша дақылдарының  егіс көлемін 9000 гектарға  жеткізу  жоспарланған.

Мал шаруашылығын дамыту үшін биыл мал азықтық дақылдардың егісі 168,1 мың гектарды құрайды. Соның ішінде біржылдық шөптер 31 мың гектарға, сүрлемдік жүгері 0,4 мың гектарға, көпжылдық шөптер 15 мың гектарға егілуі тиіс. Өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптер егісі 121,6 мың га құрайды.

– Облыс тұқыммен толық қамтылған. Жаздық дәнді дақылдар тұқымы жоспардан 24,9 пайызға артық дайындалды. Оған қажеттілік 19,8 мың тоннаны құраса, күні бүгінге нақты дайындалғаны – 24,8 мың тонна (124,9%). Майлы дақыл тұқымы 21,7% артық әзірленді, жоспар – 460 тонна, нақты дайындалғаны 560 тонна (121,7%). Мал азықтық дақылдар тұқымы 20,5 пайызға артық әзірленді, оған қажеттілік 782 тонна болса, іс жүзінде 942 тонна (120,5%), тұқымдық картоп бойынша қажетті көлемдегі 11,7 мың тонна тұқым толықтай дайындалды, –  деді Денис Омашев.

Биыл көктемгі далалық жұмыстарға 4173 трактор, 4965 дәнсепкіш, 793 қопсытқыш,  жоғары өнімді 46 егіс кешені техникасы қатысады. Бүгінде техника дайындығы толығымен  аяқталуға  жақын. Өңір диқандарына көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге 12 мың тонна дизель отыны бөлінді. Жанар-жағармайды жеткізуші оператор болып «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС анықталды. Наурыз-сәуір айларында шаруашылық құрылымдарына бір литр дизель отынының бағасы 122 теңгеден босатылуда.  Сонымен қатар көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кеңдала» бағдарламасы арқылы 600 млн. теңге қарастырылған (6%-дық мөлшерлемемен). Бұл қаржы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының аудандық несие серіктестіктері арқылы беріледі. Биыл мамыр айынан бастап ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестерімен, соның ішінде саяқ шегірткемен күрес жұмыстары басталмақ. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 62 млн. 900 мың теңге бөлініп, аталмыш шаруаны «Мактасин», «Қаздезинфекция» ЖШС-лары атқарады.

«Көктемнің әр күні жылға азық» демекші, өңір диқандары көктемгі ылғалды тиімді пайдаланып, далалық жұмыстарды уақытында аяқтауды көздеп отыр. Биыл өңірдегі 480 шаруашылық дәнді және мал азықтық дақылдар, картоп, бау-бақша егеді. Өткен жылы ондай  шаруашылықтар  саны  327  болыпты.

– Биыл ылғал мол. Егін шығымы жақсы болады деп үміттеніп отырмыз, – деді Денис  Омашев.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Людмила  КАЛАШНИКОВА,

«Уральская неделя»  газеті:

– Өткен жылдардағы бағалармен салыстырғанда биыл дизель отынының  бағасы 50 пайызға қымбаттады. Мұның өзі шаруалардың  егіс  алқаптары  аумағын  қысқартуына  соқтырмай  ма?

Денис ОМАШЕВ,

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Өңірдегі дизель отынының бағасы 122 теңге еліміз бойынша орташа баға саналады. Кейбір облыстарда баға біздегіден жоғары, Атырау, Ақтөбе секілді кейбір облыстарда біздегіден сәл-пәл төмендеу. Көктемгі егіске жанар-жағармай жеткізушіні анықтау іс-шарасына тек ««ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС компаниясы қатысты.

Наталия ПОРТНЯГИНА,

«Приуралье» газеті:

– Облысқа жыл сайын бөлінетін дизель отынының көлемі бір қалыпта ма?

Егіс алқаптары аумағының өсуі, шаруашылықтардың санының көбеюі ескеріле ме?

Денис  ОМАШЕВ:

– Әрине, ескеріледі. Мал азықтық дақылдар егістігі алқабы 168 мың гектар, соның 122 мың гектары өткен жылғы көпжылдық шөптер егісі. Сондықтан көлем өзгермейді. Майлы, дәнді дақылдар алқабы аумағы ұлғаюда, ал мал азықтық дақылдар өткен жылғымен салыстырғанда артығырақ.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі» газеті:

– Экспорттық  әлеуеті мол майлы  және жемдік дақылдардың егістігі көлемін арттыру жөнінде еліміз бойынша нақты индикаторлар белгіленген. Өңірімізде осындай индикаторлық көрсеткіштер бар ма? Өзіңізге белгілі, биыл Қазақстан Қытайға бидайдың кебегін  шығаруға келісті. Бұған облыстағылар атсалыса ма? Үшінші сұрақ, шетелден инвестор тарту өзекті мәселе. Зеленов ауданы аумағында қытайлық компания жер алып, қызанақ өсіру, оны өңдеу жобасын қолға алмақ деген ақпарат болды. Соның жайы  не  болды?

Денис  ОМАШЕВ:

– 2017-2021 жылдарға Ауыл шаруашылығы министрлігімен облыстық әкімдігі арасында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс құрылымын әртараптандыру бойынша меморандумға қол қойылды. Алдағы бес жылға қандай дақылдарды өсіретіндігі туралы барлық көрсеткіштер қамтылған. Осыбағытта алдағы жұмысымызды жоспарлап жұмыстанамыз. Екінші сұраққа келсек, диқандар егіннен жақсы өнім алып жатса, кебекті сыртқа шығаруға мүмкіндіктері бар.  Ал қызанақ өсіру, оны өңдеу жобасы бойынша Қытай азаматтары келіп, жердің жайын көрді.  Бірақ олар соңғы шешімдерін әлі айтқан жоқ. Тек біздің өңірде емес, өзге облыстарда да қызанақ өсіру жобасы қолға алынған. Алдағы уақытта өңірімізге келіп, инвестиция саламыз десе, қарсылық  жоқ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар