19.04.2017, 20:49
Қараулар: 88
Адам құқықтарына арналды

Адам құқықтарына арналды

image-19-04-17-15-44-1


Орал  қалалық  әкімдігінде  «Қазақстандағы  адам  құқықтарын қорғаудың  ұлттық  және  халықаралық тетіктері»  тақырыбында семинар-тренинг  өтті.  Семинарға  облыс  әкімінің  орынбасары  Марат  Тоқжанов  қатысты.


– Адам құқықтарын қорғау, оған кеңінен түсінік беру секілді аса маңызды мәселені міндеттеріңізге алған жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деген Марат Лұқпанұлы жиналғандарға  қонақтарды таныстырды.

Басқосуға қатысқан мемлекеттік қызметкерлердің, ҮЕҰ-ның өкілдерімен жастар алдында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев шағын хабарлама жасады.

– Елбасымыз қашанда адам құқықтарының сақталуына және қорғалуына зор көңіл бөліп келеді. Конституциямыз еліміздегі адам құқықтарының сақталуы мен қорғалуына кепілдік береді, – дей келіп, Тастемір Дәуітұлы күн тәртібіндегі мәселенің түйінін тарқатты. Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері адам құқықтарына қатысты 150-дей халықаралық келісімшарттарға қол қойған әрі олардың мүлтіксіз орындалуын ұдайы қадағалап отырады. Қазақстан Республикасының әр азаматы мен азаматшасы заңды құқықтарын қорғау үшін БҰҰ-ның өкілетті және құзырлы орындарына шағымдануға мүмкіндігі бар. Тек онда домалақ арызға жол берілмейді және бірден екі-үш орынға шағымдануға болмайды.

Кездесуде ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы, елші Дьерд Сабо әлемдегі және Қазақстандағы  адам құқықтарының қорғалуы мен сақталуы жайында ой-пікірімен бөлісті.

Семинарда облыс прокурорының аға көмекшісі Валентина Исқалиеваның, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшысы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, заң ғылымдарының кандидаты Светлана Жәркенованың, облыс прокуроры орынбасарының міндетін атқарушы Жаннұр Ахметбектің баяндамалары тыңдалды. Жиын барысында тыңдаушылардың сұрақтарына  жауап  берілді.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар