19.04.2017, 19:51
Қараулар: 29
«Ашық әкімдік» ауылда да өтті

«Ашық әкімдік» ауылда да өтті

IMG_8477


Бүгінгі билік – ашық, жариялы, бастысы, қолжетімді. «Ашық әкімдік» шарасын осы сөзімізге анық дәлел қылып айтар едік.


Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында өткен «Ашық әкімдік» шарасы аясындағы қабылдауға сегіз  тұрғын келді. Олардың мұң-мұқтажын, өтініш-ұсынысын Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтің өзі тыңдады. Сол сәтте-ақ әріптестерімен ақылдасып, тиісті жауапты берді. Әрине, қабылдауға келген адамдардың саны азаңдау екені рас. Біз мұны жергілікті билікті халықпен жасаған тығыз жұмысының белгісі деп білеміз. Себебі арнаулы күндерде ғана емес, Сырым ауданының билігі әр тұрғын үшін аптаның әр күні қолжетімді.

Аудан басшысынан бөлек, аудандық әкімдікке қарайтын жеті  мемлекеттік бөлім, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының екі мекемесі, «Атамекен» ұлттық палатасының Сырым аудандық филиалы, аудандық орталық аурухана, «Қазпошта» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ сияқты қаржылық ұйымдардың аудандағы өкілдері қабылдау жүргізді. Осы сияқты тұрғындардың аудан прокурорының уақытша міндетін атқарушы Қанабіл Төремұратовтан кеңес алуға да мүмкіндігі болды.

Түстен кейін «Ашық әкімдік» шарасы Өлеңті ауылында өтті. Бұл жерде сегіз тұрғынның мәселесі тыңдалды. Жалпы, қабылдауға келген тұрғындар көбіне мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасу, кәсіп ашу сияқты мәселелерді көтеруде.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

* * *

IMG_1270Жуырда Қазталов аудандық орталық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде «Ашық әкімдік» шарасы өтті.

Бұл шарада аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр, аудандағы мекеме және кәсіпорын басшылары қазталовтықтарды жекелей мәселелерімен қабылдап, сұрақтарына жауаптар берді.

«Ашық әкімдік» шарасында тұрғындар жұмыспен қамту, қысқа мерзімді оқу, «Өрлеу» бағдарламасы, тұрғын үй мәселесі және кәсіп ашу туралы сұрақтарына жауаптар тапты. Қабылдауға ауданымыздың 70-ке тарта тұрғыны қатысты.

— Менің қабылдауға келген себебім, жеке басыма және жанұяма қиыншылық туған кезде аудан әкімі Нұрлан Мағазұлы бастаған азаматтар қолұшын созып, өртеніп кеткен үйімнің орнына жаңа үй салуға көмектесіп, 800 мың теңгенің үстінде қаражат жинап берді. Ал ауыл әкімі Сәрсенбай Молдашев құрылыстың басы-қасында жүріп, тез аяқталуына өз септігін тигізді. Бүгін осы ел ағаларына көрсеткен көмектері үшін зор алғысымды білдірейін деп келдім. Осындай кездесудің халыққа берері көп деп ойлаймын, — дейді Қазталов ауылының тұрғыны Нұрлы Айтмағамбетова.

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы

* * *

Қаратөбедегі «Ашық әкімдік» шарасында аудан әкімі Асхат Шахаров пен аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауда жекелеген тұрғындар жұмыспен қамту және әлеуметік бағдарламалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, кәсіпкерлік және басқа да салалардағы мәселелер жөнінде толғандырған сауалдарын сала басшыларына қойып, толымды жауап алды.

— Тұрғындардың дені үй кезегі мен жер телімін алуға байланысты мәселемен келген. Алдағы уақытта бұл шара өз жалғасын табатын болады, — деді аудан әкімі аппаратының жалпы бөлім басшысы Армат Самиғоллаұлы.

Маралбек  АМАНТАЕВ,

Қаратөбе ауданы