14.04.2017, 21:24
Қараулар: 63
«Білім мен ұлттық рух ұштаса келе жаңғыртуды жеделдетеді»

«Білім мен ұлттық рух ұштаса келе жаңғыртуды жеделдетеді»

PRI_4637


Кеше  облыс  әкімдігінің  «Астана»  залында  Елбасының  «Егемен  Қазақстан»  газетінде  жарияланған «Болашаққа бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты  бағдарламалық мақаласын  талқылауға  арналған  облыс  активінің  жиыны өтті.


Жиынды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына жан-жақты тоқталып, оның өзектілігі және тарихи мән-маңызын атап өтті. «ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы рухани сілкініске жол сілтеуші бағдар  болды. Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы – заңдылық.  Бұл құжат – өткенмен сабақтаса жаңашылдыққа бастайтын жол.  Елбасы жаңа ғасырдағы ұлттық санамызды жаңғыртудағы бірнеше бағыттарды айқындап берді. Онда бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, еліміздің революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы сөз етілді. Сонымен қатар сананың жаңаруы жолында таяу жылдардағы негізгі міндеттерге тоқталды», — деп атап көрсетті Алтай Көлгінов. Сонымен қатар өңір басшысы Елбасы мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын және «Туған жер» бағдарламасын қолға алу, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларын іске асыру секілді нақты тапсырмалар берілгеніне тоқталды.

– Елбасы модернизация ұлттық санадан, яғни өзімізден басталу керектігін айқындады. Рухани жаңғыру, заманауи сананы қалыптастыру және озық білімді игеру арқылы ғана инновациялық, технологиялық, экономикалық модернизацияға қол жеткіземіз. Жарқын болашағымыз, ұлт ертеңі – интеллектуалды әлеуетпен тікелей байланысты. Ал оның діңгегі – білім. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек.

Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап өтті Елбасы.  «Ұлтқа қызмет ету тек білімнен емес, мінезден» деп тура бір ғасыр бұрын Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов айтқандай, Мемлекет басшысы ұлттық рух мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл – ұлттық сана-сезім мен болмысты жаңғырту, көкжиегін кеңейту. Білім мен ұлттық рух ұштаса келе модернизацияны жеделдетеді, — деді облыс әкімі.

Актив жиынында сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар Елбасы мақаласын Отанымыздың рухани жаңғыруының стратегиялық құжаты деп бағалап, барлық қазақстандықтардың Елбасының көрегендігіне тағы да тәнті болғанын айтты. «Елбасы «Туған жер» бағдарламасын қолға алып, оны кеңейтіп, «Туған ел» бағдарламасына ұластыруды ұсынып отыр. Бәріміз де ауылда өстік. Орта мектепте білім алдық. Әлі күнге дейін баршамыздың туған жерге деген ыстық ықыласымыз басылған емес.

Сол себепті де мақалада: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салтдәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген Елбасының сөздері әр қазақстандықтың жүрегіне жететініне сенемін», – деген Мәлік Иманқұлұлы ауылдық округтер мен аудан орталықтарындағы мектептер жанындағы музейлер өлкетану жұмыстарының орталығы болуы керектігіне тоқталды. Сондықтан жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін мектеп музейлеріне қажетті жер, сәулетті орындар бөліп, оларды жөндеуден өткізу, жүйелі түрде тарихи жәдігерлермен толықтыру жөніндегі ойларымен бөлісті. Сонымен қатар өңірдегі мектептердің әр жылдардағы түлектері туған ауылына, оқыған мектебіне қамқорлық жасау бағытындағы жұмыстарын жергілікті қоғамдық кеңеспен, тұрғындармен ақылдасып, үйлестіруді, бұл жайында БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы насихаттау  керектігін айтты. «Бұл бағыттағы жұмыстарға атқарушы органдармен, жергілікті депутаттармен бірлесіп жұмыстанатын боламыз», – деп қорытты сөзін Мәлік  Құлшар.

– Тіл маманы ретінде Елбасы мақаласында айтылған мемлекеттік тілді латын әліпбиіне біртіндеп көшіруді қолдаймын. Егеменді елдің ертеңін ойласақ, бірауыздылық танытып, латын әліпбиіне көшкен елдердің қателіктерін қайталамай, жұмысқа жұмыла кірісуіміз керек, уақыт жетті. Шөжені көжеден айырмай жүрміз. Билікте отырып, «былдырлайтындар» көбейді, халықтың ортасынан қаһарман шығып, қайда барса да, қақылдайтындар көбейді. Біз осыдан арылуымыз керек, – деді жиында еңбек ардагері Шолпан Қыдырниязова. Ол мақалада айтылған «Туған жерге туыңды тік» жобасын «кіндігімізден байланған, қимасымызға айналған, адамзаттың бесігі, адалдықтың есігі, төзімнің төбесі, көңілдің көбесі, өнегенің өресі ауылды ұрпаққа ұлықтап», еліміздегі барлық ұлт-ұлыстың патриоттық сезімін оятатын ауылдарды дамытуды, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіруді көздейтін жоба екендігін айтты. Айтып қана қойған жоқ, ақын апа «Жайықтың жауһарлары – балбал  тастар, ескерткіштер» деген облыстық, аудандық жобалар  жасауды  ұсынды.

М. Өтемісов атындағы БҚМУдың оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев мақалаға қатысты өз ойын былай бөлісті:

– Бұл мақаладағы Президенттің айтқысы келген негізгі ойы не? Осы ретте Президент ұлт зиялыларына қандай міндеттер жүктеп отыр? Біз Президент ұсынған рухани жобаның тұңғиығына бойлай алдық па? Елбасы мақаласының негізгі алтын арқауы «ұлттық санаға» арналған. Президент былай дейді: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық теңестіру мүмкін емес».

Ал «Грамада» белорус этномәдени орталығының мүшесі Анастасия Сафина «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы екендігіне тоқталды.

– 2016 жылы Оралда республикалық «Ұлы дала құндылықтары» атты жоба басталды. Экспедиция мүшелері әрбір ауданнан тарихи және ел дамуына үлес қосқан тұлғаларға қатысты материалдар жинақтады. Сонда ел тәуелсіздігінің 25 жылы бойына еліміздің дамуына үлес қосып, жыл санап жаңа жетістіктерге жеткен аға буын өкілдері жайында қызықты материалдар жинал-ды. Мемлекеттің қалыптасу жылдарында абдырап қалмаған аға буынның еңбекқорлығының арқасында Қазақстан әлемге таныла түсті. Мұндай адамдардың есімін күллі еліміз білуі керек. Жас толқын соларға қарап бой түзеуіміз керек. Өзімізден кейінгілерге туған жерді қалай сүю керектігін, үлкендерді қалай құрметтеу керектігін көрсетуіміз керек, – деп ой түйіндеді Анастасия Сафина.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар