14.04.2017, 21:18
Қараулар: 47
Кәсіпкерлікті көк тиынсыз да бастауға болады

Кәсіпкерлікті көк тиынсыз да бастауға болады

тиынсын касипкерлдик


Қымбатшылықтың  қыспағынан  өзінің  төл  кәсібі  ғана құтқаратынына  көзі  жеткендер  мемлекет  қолдауын  пайдаланып,  өздерінің  жеке  жұмыстарын  баяғыда-ақ  бастап кеткен.


Ал кәсіпкерлікпен айналысуға жүрексінгендер күнделікті тапқан азын-шоғын нәпақасын қанағат тұтып, әлі күнге әрі-сәрі күй кешіп жүрген сыңайлы. Олардың бірқатары мүмкіндігі бола тұра, өздеріне өздері сенбей, жеке жұмысқа кірісіп кете алмай жүрсе, мал-мүлкі мен жиған-тергені жоқтар жеке кәсіппен айналысу жөнінде мүлдем ойламайды да. Өйткені олар жеке кәсіппен тек жағдайы барлар ғана, яғни қалталы азаматтар ғана айналысады деп ойлайды екен. Сөйтсек, кәсіпкерлікті қаражатсыз да бастауға болатын көрінеді. Бұған біздің жақында облыстық кәсіпкерлік палатасында өткен семинар барысында көзіміз жетті. «Бизнескеңесші» жобасы бойынша өткізілген семинарға жеке кәсіппен айналысқысы келетін көптеген жастар қатысты. Бизнес-тренингті тәжірибелі оқытушылар Нұрлан Әбдірахманов пен Зүлфия Халелова жүргізді.

– Қарапайым халықты кәсіпкерлікке үйрету мақсатында біз мұндай семинарларды 2011 жылдан бері өткізіп келеміз. Бұл жолы біз семинарды облыстық кәсіпкерлер палатасының тапсырысымен ұйымдастырып отырмыз. Семинарларда біз жеке кәсібін ашқысы келген адамдарға бизнесті қалай және неден бастау жөнінде кеңес береміз. Сондай-ақ оларға бизнес-жоспар жасауға көмектесіп, жеке кәсіпті дамытудың құпиялары мен табысқа жетудің қыр-сырын, салық төлеу тәртібін және есеп-қисап жүргізу амалдарын үйретеміз. Сәуір айынан бастап «Бастау-бизнес» жобасы бойынша Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Теректі және Зеленов аудандарына барып, осы аудандардың әрқайсысында бір-бір айдан болып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту мақсатында семинар өткізбекпіз. Оқып болған соң семинарға қатысушыларға арнайы сертификат беріледі. Осындай сертификаты бар адамдар мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, тың жобаларға берілетін қайтарымсыз қаражатқа ие болады. Осы жолы мемлекеттік грантты ұтып алуға үміткер 300 адам біздің семинарларымызға қатысуға тілек білдіруде. Бұл жұмыс облыстық кәсіпкерлік палатасымен және жұмыспен қамту басқармалымен, олардың аудандардағы бөлімшелерімен бірігіп атқарылады. Аудан орталықтарына алыс ауылдардан келгендерге стипендия төленеді деп жатыр.

Бұдан басқа жобалық оқыту деген де бар. Яғни сіздің жаңа жобаңыз болса, оның жүзеге асырылуына көмектесеміз, – деген Нұрлан Әбдірахманов қазіргі уақытта банктерден несие алып, кәсібін бастағысы келген адамдардың осындай семинарларға қатысқаны жөн екенін жеткізді. Оның сөзінше, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, бизнесте бақтарын сынағысы келгендерден банк қызметкерлері міндетті түрде «Бизнес-мектебінен» өткендігі жөнінде сертификат талап етеді.

Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, жеке кәсіппен айналысу үшін тек қана қаражат емес, сонымен қатар адамның өзінің ниеті, ынта-ықыласы және белгілі бір мақсаты болуы керек.

– Жеке кәсіппен айналысатын адам, біріншіден, еңбекқор және өзіне сенімді болуы керек. Екіншіден, қиялы ұшқыр, дүниетанымы кең, жан-жағында болып жатқан өзгерістерді қалт жібермейтін және соған сәйкес тез әрекет жасайтын, жедел қимылдайтын адам болуы тиіс. Үшіншіден, оның ұйымдастыру қабілеті мол болуы керек және ол ақшаны тек қажетті жерге жұмсайтын үнемді адам болуы тиіс. Төртіншіден, кәсіпкер өз әріптестерімен және қарамағындағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білгені абзал. Міне, сонда ғана кәсіпкердің жолы болып, жасаған жұмысы жемісін береді.

Көп адам жеке қаражаты болмаған соң кәсібін бастау үшін банктерді жағалайды. Олардың кейбіреуі банктің талабынан өте алмайды. Сөйтіп, жеке кәсібін бастау туралы ойынан айнып, әр жерден тапқан нәпақасын қанағат қылып жүре береді. Шындығында, ақшаға қарап қалған ештеңе жоқ. Кәсіпкерлікті көк тиынсыз да бастауға болады. Ол үшін әр адам өзінің ақыл-ойын, білімі мен біліктілігін, қол күшін, бойындағы күш-қайратын түгел пайдалануы керек. Мысалы, қазіргі кезде мұғалімдер репетиторлықпен айналысып, білімін пайдаланып ақша табады, дәрігерлер ақылы кабинеттер ашуда, есепшілер де ақылы қызмет көрсетуге көшті, әншілер мен актерлар тойдан табыс табуда. Біліміңіз жоқ болса, біреудің үйін салуға немесе бақшасын өсіруге көмектес. Тіпті біреудің балаларын бағып та қаражат тауып жүргендер бар.

Мен жеке жұмысын қаражатсыз бастаған талай адамды білемін. Мысалы, Жәнібек ауданындағы ІІІ топтың мүгедегі Молдашева дейтін азаматша жеке кәсіпкерлігін қара бақырсыз бастады. Ол кәсіпкерлікке қол жеткізу үшін өзінің қабілетін және мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланды. Бұл әйел заманның қиын кезінде қолдан көрпе-көпшік жасап сатқан. Бұған шикізат ретінде ауыл-ауылдарда текке шашылып жатқан қой жүнін пайдаланған. Ал көрпенің сыртқы тысын тігу үшін матаны бұдан бұрын сатылған көрпелердің ақшасына сатып алды. Оның қолынан шыққан бұйымдар көпшілікке ұнап, уақыт өте келе оған тапсырыстар көптеп түсе бастады. Кейін ол жеке кәсібінің өрісін кеңейтуді ойлап, көрпе тігетін жүнді жуатын және оны тазартатын құрылғылар сатып алуды ойластырды. Сөйтіп, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға қатысып, демеушілер арқылы жүн жуатын құрылғыға ие болды. Одан кейін мемлекеттік грант арқылы жүн түтетін және тазартатын құрылғылар алды. Жаңа құрылғылардың арқасында оның қол жұмысы жеңілдеп, уақытын үнемдеді. Сөйтіп, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланудың нәтижесінде көрпе-көпшікті бұрынғыдан да сапалы, бұрынғыдан да көбірек даярлауға мүмкіндік алды, – деген Нұрлан Әбдірахманов жеке кәсібін көк тиынсыз бастаған тағы бір кәсіпкерді мысалға келтірді.

-Қаланың көп қабатты үйлерінің ауласынан сіздер пластикалық шөлмектерге арналған контейнерлерді көріп жүрген шығарсыздар. Бұл контейнерлер тектен тек тұрған жоқ, олар бір жағынан, экологиялық қауіпсіздіздікті қамтамасыз етіп тұрса, екінші жағынан, осы жұмысты ұйымдастырған адамға ақша жасауда, – дейді ол әңгімесін одан әрі жалғастырып.

– Мен осы жобаның иесімен бұдан біраз уақыт бұрын кездесіп, одан шығынсыз табыс табудың амалын қайдан тапқанын сұрадым. Ол жігіт бұл жобаны бір жерден шала-пұла естігенін және соны қалай жүзеге асырғанын асықпай айтып берді. Сөйтсек, жобаны өмірге енгізу бар да, оны сәтті жүзеге асыру өзінше бір бөлек жұмыс екен. Бейтаныс жігіттерден естіген бұл жобаның тиімділігіне көз жеткізген ол ең бірінші кезекте қала әкіміне барады. Сөйтіп, қала басшысына әлгі жобаның жан-жақты тиімді екенін жеткізіп, бұған арнайы контейнерлер қажет екенін айтады. Бұл жоба қала әкіміне де ұнайды. Содан қала әкімі тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің мамандарын шақыртып, кәсіпкер жігітке контейнер жасатуға және оны қаланың көп қабатты үйлерінің аулаларына қойып беруді тапсырады. Қала басшысы араласқан соң бұл жұмыс тез-ақ тындырылады. Енді әлгі кәсіпкер жігітіміз бұл контейнерге таза пластикалық шөлмектер ғана салынуы керектігін тұрғындарға түсіндіру бағытында жұмыстанады. Ол үшін кәсіпкер жұрт көп баратын жағажайларға және басқа да демалыс орындарына барып, пластикалық шөлмектерді тегін жинап, оларды үлгі ретінде қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан арнайы контейнерлерге апарып салады. Және бұл контейнерді өзге қатты тұрмыстық заттар салуға арналған контейнерлерден айыру үшін контейнер қабырғасына «Жасыл қала үшін» деген жазуы бар жапсырма жапсырып қояды. Бұл жапсырма да белгілі бір дәрежеде пластикалық шөлмектердің әлгі контейнерге тез жиналуына ықпал етті. Кәсіпкер мұнымен де қоймай, аулада кешке қарай қаз-қатар тізіліп отыратын үлкен кісілерге барып, әр жерде шашылып жататын пластикалық шөлмектердің зияны жөнінде әңгімелейді. Сөз арасында үлкен кісілердің ең жанды жеріне тиіп, мұндай лас шөлмектерді балалар байқамай аузына салып қойса, жұқпалы аурулармен ауырып қалуы мүмкін екендігін де айтады. Немерелерін жанындай жақсы көретін үлкен кісілер сол жерде пластикалық шөлмектерді әр жерге лақтыруға болмайтынын, оны тек арнайы контейнерге ғана жинау керектігін айтып, балаларына нұсқау беруге көшеді. Нәтижесінде тұрғындар түрлі сусындардан босаған ыдыстарды пластикалық шөлмектерге арналған контейнерлерге бөлек салуға үйреніп, кәсіпкердің жұмысының тез жүруіне көмектескен. Сөйтіп, бұл жобаның иесі көк тиынын шығар-май-ақ, көпшіліктің көмегімен қыруар пластикалық ыдыс жинап, оны тиісті орындарға тапсырып, қала тұрғындарына да, өзіне де пайда қылуда, – деген Нұрлан Әбдірахманов дәулетті адамға айналу үшін табысқа жетудің осындай ұңғыл-шұңғылын шебер меңгеру керек екенін айтты.

Әріптесінің бұл пікірін толықтай құптаған Зүлфия Рашидқызы жеке кәсіпті бастауға мемлекеттік бағдарламалардың да көп көмегі тиетінін жеткізді. Оның сөзінше, мемлекеттік бағдарламаға қатысып, мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алу үшін халыққа тиімді жоба ойластыру керек.

— Бүгінде мемлекет кәсіпкерлікті кеңінен қолдауда. Тың жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлініп отыр. Жаңа жоба ойлап тапқан адам мемлекеттік грантты ұтып алса, 3 млн. теңге көлеміндегі қаражатты сол жобасын жүзеге асыру үшін мемлекетке қайтармай, тегін пайдаланады. Бизнес-тренингті бізден өткен бірнеше адам осындай мемлекеттік грантты ұтып алып, бүгінде олар өздерінің жеке кәсіптерімен айналысып жүр. Солардың бірі — ақсайлық кәсіпкер Дәулет Жамсатов. Ол бұдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік грантты ұтып алып, өзінің жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Ақсай қаласында ортопедиялық құрылғылар жасайтын нысан ашқан Дәулет бүгінде тапсырыс бойынша жұмыстануда. Оның өнімдерін сколиоз, остеохондроз ауруларымен ауыратын немесе туабітті жамбас кемшілігі бар адамдар пайдаланады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі – Өмірболат Сейітқалиевтің қайсарлығына таңғалмасқа шараң жоқ. Туғалы сал ауруымен ауыратын Өмірболат өзінің төзімділігінің, еңбекқорлығының нәтижесінде бағдарламашы мамандығына оқып, жоғары білім алды. Және мамандығын терең меңгерді. Онымен қоймай, баспа қызметін ашып, ыдыс-аяқтар мен жейделерге сурет салып, жарнамалық көрнекі құралдар шығарумен де айналысып жүр.

Ол да жеке кәсібін жүргізу үшін банктерден несие алмай-ақ, өзінің еңбегімен тапқан қаражатты тиімді пайдаланды. Айта берсек, мұндай мысалдар баршылық, – деген Зүлфия Халелова өздерінен дәріс алған жастар арасында жұртқа қолынан келетін қызметті ұсыну арқылы қаражат жинап, жеке кәсібін бастағандардың да жетіп-артылатынын жеткізді. Оның сөзінше, мұндайлар, әсіресе, ауылдарда көп. Олардың көпшілігі бүгінде шаруа қожалығын құрып алған.

Семинар барысында қатысушыларға бизнес-жоспар жасау бойынша тапсырма берілді. Кәсіпкерлікке ниет еткендер арасында жоспарын жұртшылыққа жария еткісі келмегендер де, бұған керісінше, жоспарының тиімділігін айтып, өзінің тәжірибесін әріптестерімен бөліскісі келгендер де болды. Олар өз жобаларының тиімділігін дәлелдеп, әріптестерін жобаны бірігіп жүзеге асыруға шақырды. Мұны дер кезінде байқаған Зүлфия Рашидқызы оларға интернет арқылы арнайы топ құруды ұсынды. Бизнес-кеңесшінің сөзінше, кәсіпкерлікке қабілетті жастардың бір-бірімен тығыз байланыста болуы олардың жұмыстарының тезірек жүруіне ықпал етпек.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар