14.04.2017, 20:58
Қараулар: 77
Қос елдің ғалымдары бас қосты

Қос елдің ғалымдары бас қосты

IMG_0184


«Нұр  Отан»  ХДП  БҚО  филиалының  мәжіліс  залында «Еуразиялық  өзенаралық:   өндіріс,  ғылым  және  білім  беру ықпалдастығы»  атты  VII  халықаралық  ықпалдастық  форумы  өтті.


ҚР Білім және ғылым министрлігі, БҚО әкімдігі, «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы мен «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені бірлесіп ұйымдастырған форум  Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының іске асырылуына, Батыс Қазақстан зымыран тарихының 70 жылдығына және ҚР ғылыми қызметкерлерінің күніне арналды.

Пленарлық отырыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, ҚР ІІМ ардагері, профессор, доғарыстағы әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров, Ресей Федерациясының жергілікті өзін-өзі басқару және әлеуметтік технологиялар академиясының президенті Владимир Патрушев, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, академик Ақсерік Әйтімов, ресейлік және жергілікті ғалымдар қатысты.

Айта кетейік, осыдан жеті жыл бұрын «ҚазИИТУ» кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик  Ақсерік Әйтімов бастаған ғалымдар тобы «Еуразиялық өзен аралығы» атты халықаралық қоғамдық қозғалыстың өмірге келуіне мұрындық болған еді. Содан бері «ҚазИИТУ» кешенінде ғарыштық технологиялар мен автоматтандыру, радиоэлектроника мен салааралық технологиялар бағыты  бойынша ғылыми конференциялар мен конгрестер ұйымдастыру ісі дәстүрге айналды. Осындай ықпалдастық сипатындағы үрдіс «ҚазИИТУ» ғалымдарына Кеден одағына кіретін мемлекеттер мен Еуропаның мәртебелі ғылыми орталықтары және инновациялық көрмелеріне қатысуына мүмкіндік берді. Аталған ғылыми-білім  кешенінің ұжымы Ресейдегі Пенза мемлекеттік университетімен бірге интеллектуалдық және инновациялық идеялар трансфертін жүзеге асыруда.  Бұл жұмыстарды бір жүйеге түсіруде көршілес Ресей мемлекетіндегі «Дубна» халықаралық  табиғат, қоғам және адам университетімен бірлесіп құрылған «Бірқалыпты инновациялық даму» деп аталатын консорциумдық жобаның да ықпалы зор болып отыр.

«Еуразиялық өзен аралығы» атты халықаралық қоғамдық қозғалыс жұмысының нәтижесінде Мәскеу, Дубна, Самара, Тольятти және Орынбор мен Саратов қалаларының жетекші ғалымдары интеллектуалдық байланысқа тартылып, ҚазИИТУ кешенінің ғылыми қызметкерлері олармен іс-тәжірибе алмасуда.

Бұл жолғы форум да осы бағыттағы жұмыстардың заңды жалғасы десек болады. Ұйымдастырылған пленарлық отырыс барысында Ресей Федерациясының және Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының басшылары мен жетекші мамандарының форум тақырыбына орай жасалған баяндамалары тыңдалды.

– Бүгінгі форумның мән-мағынасы өте зор. Екі ел өкілдері бас қосқан шарадағы маңызды мәселенің бірі – Елбасының биылғы халыққа Жолдауын талқылау болып отыр. Сонымен қатар білім және ғылым саласындағы инновациялық жаңалықтарды өндіріске енгізу барысы да осы форумда талқыланбақ. Сондай-ақ зымыран тарихының 70 жылдығы аясында зерттеуші ғалымдардың баяндамаларында айтылатын деректер әлемдік бейбітшілікті қамтамасыз етудегі біздің облыстың қосқан үлесі зор екендігін көрсетеді. Аталмыш форум тақырыбына сай жүзден астам баяндама келіп түсті. Екі күнге жоспарланған шара барысында бес бағыттағы секциялық жұмыстар жүргізілді, – деді аталмыш ғылыми-білім кешені ректорының міндетін атқарушы  Әліби  Баяхов.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар