14.04.2017, 20:56
Қараулар: 60
Бірлікті бекемдейтін бағдар

Бірлікті бекемдейтін бағдар

сисенгалиЗакария  СИСЕНҒАЛИ,

Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы:

– Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шынтуайтына келгенде, қалғып бара жатқан санамызды сергітіп, бүкіл жан  дүниемізді  дүр  сілкіндірді.

Елбасымыз мыңдаған, миллиондаған адамдардың көкейінде жүрген күмәнді ойларын дөп басып, ұлтымызға, жастарымызға жарқын жол ашты. Бұл жаңа мыңжылдыққа  бастайтын  тарихи  жол  болмақ.

Елбасы осы кезге дейінгі даму үлгісінің болмысындағы кемшіліктер мен жетістіктерді саралай отырып, жаңа мыңжылдық адамының қандай болуы керектігін айқындап берді. Бұл орайда Елбасының «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» – деген сөзі алдағы атқарылар барлық істердің Темірқазығы болу керек.

Елбасы бәсекелікке қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелерінде де ойсананы жаңғыртатын және түбегейлі қалыптастыратын толғамды ойларын ортаға салған. Бұл орайда мінез-құлықты өзгерту,  ұлттық мәдениетті сақтау, білімді дамыту, тілімізді әлемдік деңгейге жеткізу мәселелеріне де айрықша көңіл бөлініп, оны іске асырудың танымдық міндеттері айқындалған.

Байтақ Отанның туған жерден басталатынын да Елбасы назардан тыс қалдырмай, Үкіметке «Туған жер» бағдарламасын жасау жөнінде тапсырма беруі, адамдардың, әсіресе, жас ұрпақтың бойына шынайы патриоттық сезім қалыптастырудың, рухани жаңғырудың басты шарты болмақ. Ал рухани жаңғыру – ұлттық идеологияның өзегі.

Ел дамуының жаңа мыңжылдық тарихының табалдырығында тұрып тілеріміз, ұлтымызды әлемдік деңгейге көтерер өрелі ісіміз өрісті де жемісті болғай.

эльмираЭльмира  ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ,

Қаратөбе  аудандық орталықтандырылған  кітапхана  жүйесінің библиографы:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын үлкен ықыласпен  қабылдадым.

«ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы», «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екі бөлімнен тұратын еңбекте Қазақстан мемлекетінің даму тарихы, болашақ бағдары, даму перспективасы тереңнен сөз етіледі.

Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында айқын көрініс тауыпкеле жатқан «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени  және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» екендігін осы жолы да  атап  көрсетіп  отыр.

Бүгінгідей бәсекеге қабілетті қоғамда озық ой, рухани дамуды мақсат еткен әр қазақстандыққа Елбасы ұсынған тың бастамалар серпін беріп, қанаттандырары сөзсіз.

Елбасы өз мақаласында елге деген құрмет, туған жерге деген сүйіспеншілік мәселесін де тереңнен қаузайды. Мағыналы ой, келелі кеңес арқылы елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілігімізді арттырып, патриоттық сезімімізді оята түседі.

Елбасы мақаласында: «Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» — дейді.

Сөз жоқ, әр адамзат баласы кіндік қаны тамған елге үлкен құрметпен қараса, бар қажыр-қайратын туған өлкесіне арнаса, содан асқан  бақыт  болмасы  анық.

бисекеноваГүлжан  БИСЕКЕНОВА,

Бөкей  ордасы  аудандық «Нарын шуағы»  әйелдер қоғамдық  бірлестігінің төрайымы:

– Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқығанда Елбасының «Туған жер» бағдарламасын қолға алу туралы ұсынысы  еріксіз  қуантты.

Шынымен де, патриотизм неден басталады? Ол кіндік қаның тамған жеріңе, Отаныңа деген зор  сүйіспеншіліктен,  махаббаттан басталады емес пе? «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген сөздің де астары тереңде жатыр. Әлемнің қай шетінде жүрсеңіз де, мейлі, жұрт тамсанатын Эйфель мұнарасы бар Париж болсын, көне пирамидалар тізілген Египет болсын, Бигбэнді көруге құштар жандар  асығатын Лондон болсын,  бәрібір өз жеріңді аңсап тұратының рас қой. Ұлтжанды азаматтың жүрегі әманда «Туған жерім» деп соғады. Бұл ақиқат. Аталмыш бағдарламаның да негізгі мақсаты – ата-бабамыз аманаттап қалдырған ұлан-ғайыр жерімізді көркейтуге әрқайсымыздың үлес қосуымыз,  бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара бірлесіп жұмыстануымыз. Ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына  келтіруді  көздейді.

Елбасы айтқандай, бүгінгінің жастары ел үшін жан беріскен ұлыларын біліп, ұлықтап жүруі тиіс дегенге қосыламын. Тарихтан тәлім алып, құрметтеуі тиіс! Сондай-ақ осы бағдарлама арқылы өзге елде не облыстарда қызмет етіп жүрген кәсіпкер, шенеуніктер болсын, жалпы туған жерінің  ертеңіне алаңдаушылық білдірген  азаматтардың  қолғабыс қылсам деген қарекеттеріне қолдау білдіріп, ынталандыру қажеттігі де тілге тиек етіліпті. Өте орынды.

Мектептерді компьютермен, басқа да техникалармен қамтамасыз етуге, спорт зал, мәдениет ошақтарының бұйымдарын алып беруге және  т.б. жайларға демеушілік танытқан жерлестер көп болса, ауыл ажары айшықтала түсері анық. Осы орайда атымтай жомарттарымыз аянып қалмас деген ниетім бар.

Қорыта келгенде,  «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.  Еліміз  жасай  берсін!

Амирханян А.Р. для газетыАветик АМИРХАНЯН,

облыстық мәслихаттың депутаты,

Батыс Қазақстан облысындағы армяндардың «Масис» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мән-мазмұнымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таныстым. Менің ойымша, өзін нағыз қазақстандық санайтын әрбір отандасымыз қазақ халқының тарихы мен дін-діліне, әдебиеті мен мәдениетіне құрметпен қарауы тиіс. Бұған қоса әр ата-ана жаңағындай құрмет сезімін өзінің өнегелі тәлім-тәрбиесі арқылы перзенттерінің санасына сәби кезінен сіңіргені ләзім. Мұндай көзқарас Қазақстан халқының бірлігін бекемдеп, ынтымағын нығайта бермек. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған қазақ елі тәуелсіздікке ие болғалы үлкен-кішінің бәрі сүйсінерліктей нәтижелерге қол жеткізген отандастарымызды насихаттайтын «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы да ұлтаралық жарасым мен дінаралық татулықты жетілдіруге  қызмет  етері  шүбәсіз.

Зулфия Набиуллина (1)Зүлфия НАБИУЛЛИНА,

облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның баспасөз  хатшысы:

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын қоғам жылы қабылдады. Себебі  онда  біртұтас ұлт болудың нақты бағыт-бағдары көрсетілген. Расында, байтақ даланың нағыз егесі – қазақ ұлты үшін рухани жаңғырудың кезеңі  келді. Елбасы  мақаласының барлық қазақстандық үшін маңызы зор. Бәсекелестік заманында немқұрайлылықтан ада болып, ұстамдылыққа, үнемшілдікке бет бұрғанымыз абзал. Саламатты өмір салтын ұстанып, білімімізді жетілдіру, кәсіби маман болып қалыптасу,  қоғамды кертартпалыққа итермелейтін радикалды көзқарастардан аулақ болу – бәрімізге ортақ қағидат. Атап өтерлігі, Елбасымыз «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты жаңа жоба қолға алынатынын мәлімдеді. Яғни елімізді дамытуға атсалысқан этнос өкілдерінің жетістік тарихы назарға алынатын болады. Мемлекет басшысы тұрақтылық пен татулықты ту еткен жұрттың озатынын әрдайым айтып отыратынына бек разымын. Тәуелсіздік жылдарында жемісті еңбек етіп, түрлі салада зор жетістікке жеткен қазақстандықтар баршылық. Сондықтан біртұтас болып жұмылып, ұлттық мәдениетімізді насихаттауға бел шеше кірісіп, бұл бағытта нақты іске  көшкеніміз   жөн.

Жалғас ҰЗАҚБАЕВЖалғас ҰЗАҚБАЕВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың  студенті:

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы әлемге әйгілі 100 кітапты қазақшаға аудару төңірегінде айтылған жобаларын өте жақсы бастама деп айтар едім. Бәсекеге қабілеттілік тек экономикаға байланысты емес. 550 жылдық тарихы бар қазақ хандығының, яғни біздің мыңдаған жылғы тарихымыздағы құндылықтардың барлығы біздің бойымызда болуы керек. Ал Елбасының мақаласындағы ең соңғы сөйлемге назар аударсақ, «Өмір сүре білу үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген еді.  Яғни заман талабына сай ағылшын тілін меңгеріп, латын әліпбиіне көшуіміз қажет. Латын әліпбиіне көшу ағылшын тілін еркін меңгеруге жол ашады. Алайда латын әліпбиіне көшу барысында осыған дейін жинаған үлкен мәдени мұрамызды жоғалтып алмай, жоба тыңғылықты  жүзеге  асуы  қажет  деп  есептеймін.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар