14.04.2017, 20:27
Қараулар: 61
«Кәсіпкерлікке кедергі келтіргендер жауап береді»

«Кәсіпкерлікке кедергі келтіргендер жауап береді»

IMG_0241


Бейсенбіде облыс әкімдігінің үлкен залында облыс әкімдігі мен облыс прокуратурасының алқа мәжілісі және облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқын қорғау бойынша кеңес отырысы өтті.


Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау бойынша уәкіл Болат Палымбетов, ҚР «Атамекен» ҰКП қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілерді азайту департаментінің директоры Ербол Үстеміров қатысты. Онлайн режімінде өткен бұл шарада кәсіпкерлік саласындағы әкімшілік кедергілер мәселесі көтеріліп, оларды жою жағдайы талқыланды.

—  Баршаңызға белгілі  Елбасы өзінің биылғы Жолдауында да кәсіпкерлік саласын дамытуды басты назарда  ұстап, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту  және кеңейту, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру  жөнінде тапсырды. Елбасының тапсырмасы бойынша елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуы керек.

Өңірімізде 2016 жылдың қорытындысы бойынша салықтық түсімдердің жалпы көлемінде шағын және орта бизнестің үлесі 52,6 млрд. теңгені құрады (24,4%) (бұл көрсеткіш 2013 жылы 42,7 млрд. теңге (15,5%) болған. Салыстырмалы түрде өңір бюджетіне түсетін салықта шағын және орта бизнестің үлесі жылдан-жылға көбейіп келеді. Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру үшін біз қазіргі уақытта жұмысты мынандай негізгі үш бағытта жүргізудеміз. Олар кәсіпкерлікті қорғау, әкімшілік кедергілерді жою, сыбайластық  жағдаяттарын болдырмау. Біз бүгінгі жиынымызға осы бағытта атқарылған жұмыстарды талқылап, оны шешу жолдарын бірігіп қарастыру үшін бизнес қауымдастығы мен құқық қорғау органдарының өкілдерін шақырдық. Облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында апта сайын сейсенбі күні «Бір терезе» ұстанымы (принципі) бойынша жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық  қызмет көрсетуші мекеме өкілдері құжат қабылдауы  керек. Осы аптада мен сол орталықта арнайы болдым, өкінішке орай, халыққа қызмет көрсетіп отырған аталған сала адамдарын көре алмадым. Бұл, әсіресе, қалалық әкімдіктің, жер қатынастары бөлімдерінің, тұрғын үй коммуналдық қызметінің өкілдеріне қатысты. Сол себепті жоғарыда аталған мекеме өкілдері мен аудандардағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметі ерекше бақылауда болатынын ескерткім келеді. Апта сайын өзім облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлерді қабылдап жүрмін. Осыны қала және аудан әкімдері де жасауы керек, олар да апта сайын кәсіпкерлерді қабылдап, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстануы тиіс. Кәсіпкерліктің дамуына әкімшілік кедергі жасаған барлық мемлекеттік құрылым қызметкерлері өз істеріне жауап беретін болады. Бұл жөнінде мекеме басшыларына ескертілді. Сондай-ақ аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына, басқа да мемлекеттік мекемелерге қағазбастылықты жою туралы нақты тапсырма берілген. Тағы да айтамын, қай салаға болмасын, қаржы салуға ниетті кәсіпкерге өзіміз көмек беруіміз қажет.

Әкімшілік кедергілерді жою мақсатында ҚР Ұлттық экономикалық министрлігімен бірге кәсіпкерлік саласында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру үдерісі енгізілуде. Сондай-ақ пилоттық  режімде «Таза қолдар» атты бағдарламаны жүзеге асыра бастадық. Кәсіпкерлер тарапынан түсетін арыз-шағымдардың көбісі жер бөлу, мемлекеттік сатып алу, салық, бәсекелестік, тариф және рұқсат қағаздарына қатысты.

Қазіргі таңда кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстың  ашықтығын қамтамасыз ету үшін өңірлік үйлестіру кеңесі отырысының жұмысы бейнетаспаға түсіріледі және бұған БАҚ өкілдері қатысып жүр.  Бұл жұмысты одан әрі жетілдіріп, онлайн-режімге түгелдей көшуді жоспарлап жүрміз.

Онлайн режімге көшу, әсіресе,  ауыл шаруашылығы саласының  жобаларын субсидиялау, мемлекеттік сатып алу секілді жұмыстарды орындау кезінде аса қажет. Сондай-ақ  тұрғын үйлер құрылысын және бизнес жүргізу үшін жер телімдерін бөлуде жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін облыс орталығы мен аудан әкімдіктерінің интернет ресурстарына осы жұмыстардың жүру барысы жөніндегі ақпараттарды тұрақты түрде салып отыруды тапсырамын. Мысалы, балаларды балабақшаға кезекке қою реті, игерілмей бос жатқан жерлер туралы мәліметтер сайтқа салынып отырса, бұл туралы халық дер кезінде біліп отырар еді. Бұл жағдай жасалып жатқан жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етіп, халық пен биліктің бір-біріне жақындаса түсуіне ықпал етер еді, — деген өңір басшысы Алтай Көлгінов келесі сөз кезегін облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісовке берді.

Сапарбек Нұрпейісовтің айтуынша, облыстық прокуратура кәсіпкерлікті қорғау бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, қоян-қолтық жұмыс жасауда. Нәтижесінде экономикалық қылмыстардың тіркелуі екі есеге кеміп, соңғы бес жылда бизнесті тексеру үш есеге азайған. Өткен жылы прокуратура органдарымен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау бойынша 12 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 117 заңбұзушылық анықталған. Оны жою мақсатында 36 прокурорлық ықпал ету актілері енгізіліп, тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке 19  тұлға тартылды.

146 кәсіпкерлердің құқығы қорғалды.

— Кәсіпкерлік саласындағы кедергілерді жоймай, бизнесті дамыту мүмкін емес. Сондықтан  еліміз бойынша осы бағыттағы жұмыс қарқынды жүруде. Елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызу керек. Ол үшін кәсіпкерлерді тексеруді азайтып, оларға қойылатын талапты жеңілдету керек. Жеке кәсіпті ашуға қажетті құжаттар санын қысқартып, несие алу жолын оңтайландыру қажет, — деген Сапарбек Нұрпейісов мемлекеттік қызметкерлердің санасын оятып, олардың кәсіпкерлікке деген көзқарасын өзгерту керектігін жеткізді.

Бұдан соң Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау бойынша уәкіл Болат Палымбетов сөйлеп, еліміздің әр өңірінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру қажеттігін айтты.

— Бизнес-омбудсмен аппаратына келіп түсіп жатқан шағымдар мен өтініштерді сарапқа сала отырып, мен кәсіпкерлікті дамыту саласындағы проблемаларды  екіге бөлер едім. Біріншісі – республика деңгейінде шешілетін жүйелі мәселелер. Кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар тарапынан 28 мың талап қойылады. Талаптардың осыншалықты көп болуы бизнесті жүргізуде айтарлықтай қиындықтар тудырып, сыбайлас  жемқорлыққа жол ашады. Сондай-ақ бізде 61 бақылау-қадағалау мекемесі бар. Кәсіпкерлер 41 санитарлық  ережені орындауы тиіс, оның ішінде 11 543 талап және бар. Міне, осыларды іріктей келе 9 172 (шамамен 80%) талапты алып тастау керек деп шешілді. Нәтижесінде барлығы 2 371 (20%) ғана қалды.

Сондай-ақ Президент Бас прокуратураның, Ұлттық экономика министрлігінің және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бақылау-қадағалау қызметтеріне ауқымды ревизия жүргізуді тапсырған болатын. Осы жағдайды шешу үшін жедел топ құрылды. Оның құрамына Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Бас прокуратураның және Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері кірді.

Екінші мәселе, бұл – өңірлік деңгейде шешілетін мәселелер. Бұған салық, жер телімдерін бөлу, құрылыс және мемлекеттік сатып алулар мәселесі жатады. Меніңше, өңірлік палаталармен және Ұлттық палатаның өзімен өңірлердегі кәсіпкерлер  арасындағы  байланыс дұрыс жолға қойылуы керек.

Сонда жергілікті билік органдары бизнестің барлық мәселелерін шешуде көмектесе алады. Кәсіпкерлердің Бизнес-ортаны анықтауда ең қолайлы құралы «Іскерлік климат» рейтингі болып табылады. Бұл рейтингті бизнес дамуының барометрі десек те болады. Ол бізге бизнестің әлсіз тұстарын және бизнестің жағдайы жақсарғанын немесе нашарлағанын анықтауға көмектеседі. Бұл рейтинг Ұлттық экономика министрлігінің және ҰКП-ның сайтында ашық түрде жарияланған, — деді ол өз сөзінде.

Оның сөзін жалғастырған Ербол Үстеміров «Іскерлік климат» рейтингі жөнінде баяндады. Оның сөзінше, біздің облыс 2015-2016 жылдардың қорытындысымен республика бойынша 13-орында. Рейтинг бойынша алдыңғы үштікте Алматы, Астана, Оңтүстік Қазақстан облыстары тұр. Бағалау бес белгі бойынша жүргізіліпті. Біздің облыс әкімшілік  реттеу бойынша 13-орында, мемлекеттік қолдау бойынша 12-орында, Тұрғын үй мен инфрақұрылым бойынша 14 — орында, адам ресурсы бойынша 2-орын, қаржылық ресурстар бойынша 8-орында екен.

Бұдан соң сөйлеген облыс прокуроры орынбасарының міндетін атқарушы  Жаннұр Ахметбек облыс кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыс жайында баяндады. Оның сөзінше, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, заңбұзушылықтар тыйылмауда және кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерінің шешілу қарқыны төмен. Бұған нақты мысалдар келтірген ол бизнестің одан әрі дамуын тежейтін кедергілерге тоқталды. Прокуратура өкілінің сөзінше, облыста кәсіпкерлерді 65 мемлекеттік орган тексереді екен. Кәсіпкерлерді ең көп тексеретін органдар қатарына облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мен өрт қауіпсіздігі қызметі және фискальды органдар қызметінің өкілдері жатады. 2016 жылы тұтынушылар құқығын қорғау саласының қызметкерлері кәсіпкерлерді нормадан үш есе артық тексерсе, төтенше жағдай саласының өкілдері 1,5 есеге көп тексерген. Тексерістердің 40 пайызы нәтижесіз аяқталған. Кәсіпкерлерді былтыр еңбек инспекциясы бойынша басқарма қызметкерлері 19 рет және  тұтынушылар құқығын қорғау саласының қызметкерлері 14 рет негізсіз тексерген. Сондай-ақ облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын қадағалау басқармасы 56 рет тексеріп, оның 20-сы нәтижесіз болған.

Бұдан кейін облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқын қорғау бойынша кеңес төрағасы Қайдар Қапанов сөйлеп, кәсіпкерлік төңірегіндегі түйткілді мәселелер мен оны шешудің жолдарын ай сайынғы кеңесте талқылайтындарын, бірақ соның өзінде бұл бағыттағы түйінді мәселелердің азаймай отырғанын жеткізді.

Ол сондай-ақ «Іскерлік климат» рейтингі бойынша алға жылжу үшін белсенді жұмыс жасап, Бизнес-климатты жақсартатын Өңірлік жол картасын жасауды ұсынды. Болат Палымбетовтің сөзінше,  Өңірлік жол қартасын жасамас бұрын әр өңір бизнес мәселелерін толық анықтап алуы керек.

— Өткен жылы осы Батыс Қазақстан облысы ең бірінші болып елді мекендердің бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлауын әкімдіктердің сайтында ашық жариялаған болатын. Бірақ 2015 жылы және былтыр да облыс бойынша жер телімдерін сату жөнінде бірде-бір аукцион өткізілмеді. Бұл жағдайда біз қала мен аудан орталықтарының аймағынан жер телімдерін алғандардың толық тізімін жариялауды ұсынамыз. Яғни қандай серіктестік, қай жерден жер телімін қандай мақсатқа алды және ол жерде қандай құрылыс нысандарын жүргізеді? Міне, бұл қоғамдық бақылаудың нағыз үлгісі болады. Осыдан кейін әділетсіз жер бөлінді деген алыпқашпа сөздер де сап тыйылады, — деді ол өз сөзінде.

Жиын соңында облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов бірқатар мекеме басшыларынан заңбұзушылықтың не себепті орын алғанын сұрап, оларға ескертпелер жасады. Мәжілісті қорытындылаған өңір басшысы Алтай Көлгінов кәсіпкерлік саласының ел экономикасындағы маңызын тағы бір қаперге салып, жиналғандарды кәсіпкерлікті қорғауға шақырды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар