14.04.2017, 20:23
Қараулар: 79
«Ақын жүрегіндегі арман»

«Ақын жүрегіндегі арман»

20170413_151349


Ж. Молдағалиев  атындағы  облыстық  кітапханада ақын, ҚР-ның еңбек  сіңірген  қайраткері,  республикалық  ұлттық-этнографиялық «Дәстүр»  журналының  бас  редакторы Қасымхан Бегмановпен «Ақын  жүрегіндегі  арман»  атты  кездесу  кеші болды. Оған жергілікті қаламгерлер, әдебиет зерттеушілері мен жастар қатысты. Шараның ашылуында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенттері ақынның «Қараойдағы Махамбет қабірінің басындағы ойлар» атты өлеңін  оқыды.


Ақ Жайық өлкесі өте қасиетті. Көзі тірісінде Қадыр Мырзалиевпен еменжарқын араластым. Жалпы, жергілікті ақын-жазушылардың туындыларын назардан тыс қалдырмай,  әдеби басылымдардан және әлеуметтік желілерден оқимын. Бұл сапарымның басты мақсаты – батысқазақстандық этнографтармен, өлкетанушылармен, ғалымдармен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, ұлттық салт-дәстүрімізге қатысты тың деректер жинау, – деді Қасымхан Бегманов.

Ақын халық этнографиясының аса көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына байланысты «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» ғылыми-көпшілік  жобасын қолға алғанын айтты. Соның аясында еліміздің бірнеше өңірінде этнографиялық экспедиция ұйымдастырып, салт-дәстүр жанашырларымен, өлкетану зерттеушілерімен кездесу өткізіп, қазақ ғұрпына қатысты тың деректер мен құнды мағлұматтар жинақтауда. Жоба нәтижесінде төрт томдық дайындауды жоспарлапты. Бүгінге дейін бірнеше өлеңдер жинағын жарыққа шығарған Қасымхан Бегманов Алаш қозғалысын да жете зерттеп, «Мұстафа Шоқай» жолымен» тақырыбында кітап пен төрт сериялы фильмді ел кәдесіне ұсынған. Ұлт қайраткерінің ізімен сапарға шығып, бейітін көрген ақын Алаш алыбы жайында біраз сыр шертті. Сонымен қатар  әдебиет әлеміндегі белгілі қаламгерлермен шығармашылық байланысы жөнінде әңгімеледі. Әдеби кеште Қасымхан Бегмановтың сөзіне жазылған әндер шырқалды.  Шарада ақын өз өлеңдерін оқыған талантты жастар Мәрлен Ғилымхан, Азамат Бақиев, Жанерке Ғинаятқа ризашылық білдіріп, оларға ақ жол тіледі. Кездесуде жергілікті ақындардан Ғайсағали Сейтақ, Айсұлу Қадырбаева, ардагер-журналист Тихон Әліпқалиев сөйлеп,  қаламгердің еңбегіне лайықты баға берді.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар