14.04.2017, 20:17
Қараулар: 62
Абайдың әндерін әуелетті

Абайдың әндерін әуелетті

IMG_0082


Жақында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Жылтыргөзовтің жеке шығармашылық кеші болып өтті.


Әнші көрермендер алдында қазақтың халық әндері мен Абайдың, отандық, орыс сазгерлерінің романстарын шырқады. Танымал өнер иесін концертмейстер, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, жерлесіміз Анар Қажымова сүйемелдеді. Концертке өнерсүйер қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері, студенттер  қатысты.

Өнер саңлағы – Талдықорған қаласының тумасы, 1987 жылы дүниеге келген. 2001-2009 жылдары Қазақ ұлттық музыка академиясында оқыған. 2010 жылғы мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері. 2011 жылы оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген. Ол – сан алуан халықаралық және республикалық  байқаулардың жүлдегері. Әнші репертуарында халық әндері, қазақ, орыс, шетел сазгерлерінің ариялары мен романстары бар. А. Жылтыргөзов 2009 жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университетінің кафедра меңгерушісі.

Жас әнші концерт барысында тек өнер көрсетіп қана қоймай, жекелеген әндердің шығу  тарихына қысқаша тоқталды. Жалпы, саз шығармасының қай түрін де бабына келтіріп шырқаған Азаматқа зал толы тыңдарман ризалықпен қол соқты. Бір сағаттан астам уақытқа созылған концерт  соңында облыстық мәдениет және  архивтер, құжаттамалар басқармасының атынан құрметті қонаққа сый-сияпат табыс етілді. Өнер иесі де оралдық тыңдармандарға ризашылығын білдірді.

Серпін САЯҚ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар