10.04.2017, 21:28
Қараулар: 62
Жақсылық жалғасады

Жақсылық жалғасады

Жаксылык


Жақында “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының өкілдері   “Бақытты отбасы — бақытты балалық шақ” жобасы аясында  әлеуметтік қолдауды қажетсінетін отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға  әлеуметтік көмек көрсетті.


Биылғы жылдың басында аталмыш жоба аясында кірісі аз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайын білу мақсатында арнайы рейд ұйымдастырылып, мониторинг жұмыстары жүргізілді. Ақпан айында болған рейдте 31 жасар Наталья Кожевникова төрт баласының киім-кешектен қиналып жүргенін жеткізген еді.

Бұл жолы облыстық мәслихаттың депутаты Ляна Тұрсынова төрт балаға қажетті көктемгі күртешелер мен аяқ киім сыйлады. Әрі күні кеше ғана жұмыссыз қалған Натальяға сол жерде жұмыс ұсынып, №26 мектепте оқитын екі баласын тегін тамақпен қамтамасыз ететінін айтты. Бір сәтте көл-көсір қуаныштың иесі болған жас ана «Нұр Отан» партиясына, халық қалаулысы Ляна Тұрсыноваға шексіз алғысын білдірді. Келесі маңдай тіреген әскери қызметкерлердің жанұясында жеті бала өсіп келеді. Бізді ақ дастарқанын жайып, қарсы алған көп балалы ана Мәдина Ақылбаева осы күніне шүкіршілік етеді.

— Жұбайым — әскери қызметкер. Өзім де осы әскери салада қызмет жасаймын. Әзірге бала күтімімен үйде отырмын. Ақтау қаласынан қызмет бабымен тамыз айының аяғында көшіп келдік. Жеті баламның үлкені 14-те, кішісі екі жаста. Қазақта «Бай болып көрген жоқпын, кедей болып өлген жоқпын» деген сөз бар. Сол айтқандай, біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешудеміз. Бүгін біздің қал-жағдайымызбен танысып жатқан «Нұр Отан» партиясының мүшелеріне мың алғыс, — деді көп балалы ана. Мәдина Ақылбаеваның балалары да көктем мезгілінде киетін киім-кешекпен қамтамасыз етілді.

«Қуантсаң, баланы қуант!» демекші, балаларды қуанышқа бөлеген «нұротандықтар» мұндай сауабы тиер шараны алдағы күндері де жалғастыра бермек.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар