10.04.2017, 21:19
Қараулар: 47
«Биыл 57 көшенің жолы жөнделеді»

«Биыл 57 көшенің жолы жөнделеді»

PRI_4066


Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев «Қазақстан-Орал» телеарнасының тікелей эфирінде журналистер мен телекөрермендердің сауалдарына жауап берді.


Бағдарлама кезінде оралдықтар тарапынан әдеттегідей тұрғын үй, аулаларды абаттандыру, көшелерді тазалау, жолдарды жөндеу, сондай-ақ медициналық қызмет жөнінде көптеген сұрақтар келіп түсті. Қала әкімі сұрақтарға жауап бере отырып, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттары туралы әңгімеледі. Қала әкіміне сұрақты студияға тікелей қоңырау шалып, сондай-ақ Twitter, Instagram, Facebook, Vkontakte әлеуметтік желілері арқылы жолдаудың мүмкіндіктері жасалды. Қойылған сұрақтардың басым бөлігі қаладағы құрылыс және жол жөндеу сапасына қатысты болды. Мәселен, М. Ықсанов көшесі бойындағы №7 мектеп аумағында қар мен жаңбырдан пайда болған су арнайы жасалған арыққа ақпайды. Қарапайым тұрғыда еңіс жасалмаған. Мұндай жағдайда жаңадан төселген асфальттың ұзаққа шыдамасы түсінікті. Қала көшелері бойынша осыған ұқсас мысалдар көптеп келтірілді. Тұрғындар, әсіресе, Зашаған кенті, ПДП-1, Жұлдыз шағынауданындағы жолдардың жөнделуіне қызығушылық танытты.

Облыс орталығындағы жол инфрақұрылымы дамуының әлеуметтік маңызын ескере отырып, Орал қаласының әкімдігі жыл сайын шаһардағы автомобиль жолдарын күтіп ұстауға, жөндеуге және жаңадан салуға бюджеттік қаражат бөледі. Алайда жұмыс көлемінің көптігі және қаржыландырудың жеткіліксіздігі мәселені түпкілікті шешіп тастауға мүмкіндік бермей келеді.

Қазіргі таңда Орал қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы 582,3 шақырымды құрайды. Оның 288,4 километріне ғана асфальтбетонды жабын төселген. Ал асфалть жолдардың 46 пайызы жөндеуді және қайтадан салуды талап етуде. М. Ықсанов көшесіндегі жолдың жөнделуіне келер болсақ, аталмыш жоба әзірге аяқталмаған. Ол нысанды қаржыландыру ҚПО б.в. компаниясы есебінен жүргізілуде. Жоғарыда айтылған еңістің дұрыс жасалмауына қатысты кемшіліктерді жою туралы құрылыс жүргізетін компа-панияға ресми түрде жеткізілетін болады.

Шаһар басшысының мәлімдеуінше, биыл өткен жылмен салыстырғанда жол жөндеу қарқыны үш есеге жуық артпақ. Атап айтқанда, 2015 жылы 25, 2016 жылы 23 шақырым жол жөнделген болса, ағымдағы жылы 72 шақырымды құрайтын қаладағы 57 көшенің жолдары жөнделмек. Сонымен қатар салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған, жылма-жыл жөндеуді қажет ететін Депо көпірін қайта салу жұмыстары басталып кетті. Ені бұрынғыдан кеңірек болатын көпірді жаңартып-жаңғырту жұмыстары екі жылда тәмамдалуы тиіс.

Жұлдыз шағынауданында 15 көшенің, ПДП-1 ауданында 22 көшенің жолдары көтеріліп салынбақ. Сондай-ақ жақын күндері Зашаған кентіндегі Балауса шағынауданының жолдарын жөндеу жұмыстары басталады.

Қала әкімінің айтуынша, егер жыл сайын қаладағы 80-100 шақырым жолдар жөнделетін болса, бас-аяғы 5-6 жылда шаһардың көше жолдары түгел жаңартылады.

Тікелей эфирге қала тұрғындарының қойған сауалдарының дені тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың салынуына қатысты болды.

— Жыл сайын облыс орталығында 8-10 көп қабатты тұрғын үй бой көтереді. Осыған қарамастан тұрғын үй кезегіндегілердің саны азаяр емес. Бүгінде қала бойынша 17 909 адам баспана кезегінде тұр. Өткен жылы 11 көп қабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы салынып жатқан сегіз көп қабатты тұрғын үйдің жетеуі «Нұрлы жол» бағдарламасымен, біреуі мемлекеттік және жеке меншік серіктестігі бойынша бой көтеруде. Сонымен қатар қаланың Солтүстік-шығыс ауданында 2018-2019 жылдар аралығында көп қабатты 27 тұрғын үй салу жоспарланып, бүгінгі таңда инженерлік желілер тартылуда. Қала бойынша апатты жағдайдағы 40-тан астам көне үй бар. Ол жерлерде 1500 адамды құрайтын 300-дей отбасы тұрып жатыр. Алдағы үш жыл ішінде мемлекеттік және жеке меншік серіктестігі бойынша осы үйлерді құлатып, орнына көп қабатты тұрғын үй салатын боламыз. Депо ауданында апатты жағдайдағы екі үй бұзылып, орнына жаңа көп қабатты үй салынуда. Ағымдағы жылы Гагарин көшесі бойындағы бір үй бұзылып, жаңа баспана бой көтеруде. Оның сыртында Деркөл ауданындағы екі мектептің, Сарытау ауданындағы және №4 орта мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде, — деді Нариман Төреғалиев.

Тікелей эфирге қоңырау шалған Светлана Серікқызы есімді қала тұрғыны аулаларды абаттандыруға қатысты сауалын қойды. «Гагарин көшесі №36 үйде көп жылдан бері тұрамын. Біз тұратын үйдің ауласы бірде-бір рет жөндеу көрген жоқ. Балаларға ойын алаңдары, үлкен адамдарға тынығатын орындар салынса екен дейміз. Біздің ауланы осы жылы абаттандыру жоспарланған ба?» — деді қала тұрғыны.

— Ағымдағы жылы аулаларды абаттандыруға 54 миллион теңге қарастырдық. Ол қаражатқа 19 аула абаттандырылатын болады. Солардың ішінде сіздің аула да бар, — деп жауап берді қала әкімі. Сондай-ақ қала әкімі шаһар тұрғындарын абаттандыру жұмыстарына атсалысуға, сенбіліктер ұйымдастырып, аулаларды таза ұстауға шақырды.

Қала әкімінің қатысуымен өткен тікелей эфир барысында call-орталығына шаһар тұрғындарынан 100-ден астам сауал келіп түсті. Бір жарым сағатқа созылған эфир барысында хабарласқан оралдықтар қала тазалығы, сенбіліктер өткізу, жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру бағытындағы сауалдарын жолдаумен қатар түйткілдің шешілу жолдары туралы ұсыныстарын да жеткізді.

Лучия КУРАРАРУ,

Нұрбек ОРАЗАЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар