10.04.2017, 21:17
Қараулар: 63
«Сау болу оңай!»

«Сау болу оңай!»

IMG_0961


7 сәуір — Дүниежүзілік денсаулық күніне орай салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелерінің облыстық орталығы, қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы және басқа да мүдделі ұйымдардың бастауымен «Сити центр» сауда орталығында «Сау болу оңай!» атты іс-шара өтті.


Дүниежүзілік денсаулық ұйымының қозғау салуымен белгіленген бұл атаулы күн 1948 жылдың 7 сәуірінен бастау алады. Әрі жылма-жыл әлемде кеңінен атап өтілуде. Тәуелсіздік жылдарында атаулы күнді ұлықтау елімізде де қалыпты дәстүрге енді.

Аталмыш іс-шара күндізгі 12-14 сағат аралығына белгіленсе де, оған келушілер сағат он бірден бастап толып кетті. Біреулер қан қысымын өлшетсе, екіншілер ағзадағы холестерин мен қант мөлшерін анықтатуда. Сусақ (қант диабеті) және басқа да бүгіндері халық арасында көп таралған дерттердің алдын алуға арналған тегін кеңестер берілді. Бойының ұзындығы мен дененің салмағын өлшетіп, дәрігерлерден тиісті кеңес алғандар да аз болмады. Әсіресе, көздің ішкі қан қысымын өлшеуші маманға сұранушылар да жеткілікті.

— Шыны керек, әдетте кез келген адамның денсаулығына мән беруге мұршасы келмейді. Міне, сондайда осы іс-шараның маңызы зор. Шараға белсене қатысып, тексеру шараларына бірінші кірісіп кеткен БАҚ өкілдеріне ризамын. Бізде тек денсаулықты тексеру шараларымен шектелмей, салауаттандыру бағдарламалары бойынша фитнес, брейк-данс, зумба, тағы басқа мәдени-спорттық шаралар бойынша шеберлік сыныптары өтеді. Бір сөзбен айтқанда, тегін медициналық кеңес беру және басқа да адам денсаулығын жақсартуға бағытталған іс-әрекет халық тарапынан тек қолдау таппақ, — дейді Орал қалалық тұтынушылар қорғау басқармасының басшысы Мәдениет Танауов.

— Мені халықтың көп келуі қуантады. Өйткені біздің мақсатымыз, салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттаумен ұштастыра отырып, ел-жұрттың денсаулығын нығайту бағытында жұмыстанудамыз, –  деді салауатты өмір салтын қалып-тастыру мәселелерінің облыстық орталығының маманы Ләззат Қожагелдина.

С. ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар