10.04.2017, 21:15
Қараулар: 59
Колледж студенттерінің туристік шараларға қатысуы төмен

Колледж студенттерінің туристік шараларға қатысуы төмен

20170406_113300


Бұл жайында Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин хабарлады. Сонымен қатар бұл салаға қатысты қордаланған мәселелер де ашық айтылды. Мәселен, аудандардағы туризм орталықтарының балалар тасымалдайтын көліктердің әбден тозығы жеткен. Негізінен, оларды пайдалану мерзімі он жылдан аспауы керек. Аудандар арасында Жәнібек пен Ақжайықтағы туризм орталықтарының көліктері ғана талапқа сай.


Директордың мәліметінше, республикада 37 туристік орталық болса, оның 14-і біздің облыста екен, яғни өңіріміздегі мектеп оқушыларының 12,6 пайызы орталықтарға қарасты үйірмелерге барады. Ал Ақжайық пен Жәнібек аудандарында мектеп жасындағы балалардың 30 пайыздан астамы қамтылған. Виктор Павловичтің сөзінше, Орал қаласы мен Тасқала және Теректі аудандарындағы мамандар бұл бағытта көрсеткішті жоғарылату бағытында жұмыстанулары қажет.

Туристік үйірмеге қатысушылардың жоғары деңгейде дайындығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін туристік орталықтардың материалдық-техникалық әлеуетін нығайту бағытында қажетті шаралар алынуда. Дегенмен Шыңғырлау мен Ақжайық аудандарындағы орталықтардың ғимараттарын жөндеу өзекті күйінде тұр. Облыстағы тоғыз орталықтың жанында балаларға арналған туристік қоныстар (базалар) орналасқан. Орал қаласында және Бөрлі, Бөкей ордасы, Зеленов аудандарында жыл бойына жұмыс жасайтын базалар болғанымен, олардың құрал-жабдығын толықтыруға және жаңалауға көңіл бөлу қажет-ақ. Ал Теректі ауданында әлі күнге балалар демалатын туристік кешен салынбаған.

Атап өтерлігі, туристік сайыс түрлерінен облыста шыңға өрмелеу мен спорттық бағдарлау жақсы дамыған. Орал қаласы мен аудандарда 22 шыңға шығу жабдығы пайдалануға берілген. Облыстық «Батыс-West» құрамасы соңғы жылдары республикалық туристік көпсайыстарда жеңімпаз-жүлдегер атануда. Спорттық туризмнің республикалық федерациясы рейтингі көрсеткіші бойынша облыс командасына жоғары баға беруде. Жергілікті қатысушылар дайындықты жылмажыл күшейтетіні анық. Себебі шыңға өрмелеу спорт түрі 2020 жылы өтетін Токио олимпиадасының бағдарламасына енген.

Облыста оқушыларды спорттық бағдарлауға дайындайтын 57 үйірме бар. Бөрлі мен Зеленов аудандарында ғана арнайы спорттық бағдарлау бөлімдері ашылған. Атап өтерлігі, жерлесіміз Нарқыз Ерқосаева бұл спорт түрінен ел біріншілігінде жеңімпаз атанып, Гонгонг қаласында өткен І Азия чемпионатына Қазақстан құрамасының сапында қатысып, жүлделі орынға ие болған.

Виктор Фоминнің айтуынша, өңірімізде колледж студенттерінің туристік-өлкетану бағытында өтетін шараларға қатысу деңгейі төмен. Орал қаласындағы санаулы колледжден ғана қатысатындар белсенділік танытады. Сонымен қатар аудандардағы мамандар оқушылардың арнайы санаттарды иеленуін қамтамасыз етуге көңіл бөлулері керек. Бұған бір жағынан туристік орталықтарда қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі әсер етуде.

– Облыстың жас өлкетанушылары «Менің Отаным – Қазақстан» туристік-өлкетану экспедициясының республикалық кезеңінде былтыр бірінші орын алды. Экспедицияға қатысушылар тапқан жәдігерлер мен құжаттар мектеп музейлеріне жинақталуда. Өңірімізде облыстық білім басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес «Барлық білім мекемесінде – музей» атты акция қолға алынған. Қазіргі уақытта өңірімізде 136 мектеп музейі жұмыс істейді. Соның ішінде Бөрлі ауданындағы музейлердің жетекшілеріне жақсы жағдай жасалған, яғни олар тұрақты жалақымен қамтамасыз етілген, – деді директор.

Виктор Фоминнің айтуынша, туристік-өлкетану бағытында экспедициялар, веложорықтар, түрлі іс-шаралар уақтылы ұйымдастырылуда. Әсіресе, еліміздің өзге облыстарындағы және Ресейдің шекаралас өңірлеріндегі әріптестермен өзара тәжірибе алмасу мақсатында балалардың қатысуымен семинарлар, ғылыми конференциялар, бірлескен туристік жорықтар өтуде.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Айгүл ЛОГАШКИНА, «Қазақстан-Орал» телеарнасы:

– Биыл елімізде «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өтпек. Көрме аясында ұйымдастырылатын туристік жорыққа дайындық қалай?

Виктор ФОМИН:

– «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіне баратын оқушылар мен студенттердің жорығын «Гермес Тур» компаниясы қамтамасыз етеді. Ал біздің облысқа саяхаттайын қонақтар үшін қажетті бағыт-бағдарды әзірлеумен ұзақ уақыт жұмыстандық. Маршруттардың бағытбағдары біздің мекеменің сайтында орналастырылған. Қазіргі кезде шетелдік туристер өздері қалаған бағытты таңдаулары үшін арнайы жинақ құрастырудамыз.

Оксана ДЕМЕНТИЕВСКАЯ,

«Литер» газеті:

– Бірнеше жыл бұрын облыста жаңа туристік кешеннің жобасы салынуы мүмкін екені белгілі болған еді. Сол жөнінде айтсаңыз.

Виктор ФОМИН:

– Шалқар көлінің маңынан әлемдік деңгейдегі балалар мен жасөспірімдер үшін жаңа туристік лагерь ашуды жоспарлағанымыз рас. Бірақ дағдарыс уақытына тап келгендіктен, ҚР Білім және ғылым министрлігі біздің жобамызды қаржыландырудан бас тартты.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар