10.04.2017, 20:58
Қараулар: 54
«Тұрғындардың сұранысына сәйкес үш жылдық жоспар жасау керек»

«Тұрғындардың сұранысына сәйкес үш жылдық жоспар жасау керек»

IMG_4704


Жақында Шыңғырлау  ауданының орталығында барлық ауылдық округтердің әкімдері, аудан әкімдігінің  құрылымдық бөлімшелері мен мекеме басшылары  қатысқан  жиын өтті.


Оны аудан әкімінің орынбасары  Тілепберген Каюпов  ашып, жүргізіп отырды. Жиынға облыс  әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева қатысты.

  Жиында екі мәселе қаралып, оған нақты  түсініктеме берілді.

– Жергілікті  мемлекеттік басқару және өзін-өзі  дамыту мәселесіне қатысты ауданда  бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазірдің өзінде  әрбір округ әкімі  аппаратының өзінің қолма-қол бақылау шоттары бар. Аталған шоттарға  мүлікті жалдау ақысы, демеушілерден көмек қаржысы да түсіп отырады.  Және де  аудан бюджетінен трансферттер аударылып тұрады.  Қаражатты мақсатты жұмсауда қоғамдық келісімдер алдына қойылып, мақұлданып отырылады.  Мысалға алсақ, өткен КСН шоттарында 17  млн. 262 мың теңге болса,  соның ішінде 14  млн. 463  мың теңге бюджеттік  трансферттер, жұмсалынғаны  12 млн. 682  мың теңгені құрады. Аталған қаржыға  ауылдарды абаттандыру жұмыстары жүргізілді, көшелерге қосымша жарық көздері  орнатылды. Қыста қардан тазарту жұмыстарына да қаражат осы жерден бөлінді. Ал  биылғы жылы  аудан бюджетінен трансферттер ретінде 31 млн. 122 мың теңге  қарастырылды. Биылдан бастап  жаңа сипатты бюджет қалыптасуына байланысты дайындық жұмыстарын қолға алдық, – деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары  Тілепберген  Каюпов.

Осы жиында сөйлеген облыс әкімінің орынбасары  Бибігүл Қонысбаева жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселесін түсіндіру барысында алдағы болатын өзгерістерге сақадай сай болу үшін ең алдымен дайындық жұмыстарын жүргізу  керектігін айтты. Оның сөзінше,  ендігі кезекте ауылдық округ  әкімшілігі халықпен тығыз жұмыс істей отырып, қаражатты  тиімді пайдалану жөнінде өздері дербес шешім қабылдайды. Тұрғындардың сұраныстарын ескеріп, әр округ үш жылдық жұмыс жоспарын жасауы керек. Ол сондай-ақ ауылдағы мүліктерді есепке алып, одан пайда көздерін құрау, салық түсімін реттеу туралы түсіндірді. Облыстық экономика және  бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алтай Құлқаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау  басқармасының, жергілікті  бюджеттік кірістерін  болжау және талдау бөлімінің басшысы  Ғалым  Жұбанышев, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік  қызмет көрсету басқармасының  басшысы  Тимур Төлепов кезегімен сөз алып, күн тәртібіндегі мәселені әрқайсысы өз саласы бойынша түсіндірді. Облыстық мемлекеттік сатып алу  басқармасының әкімшілік бөлімінің бас маман-заңгері Ильдар Ғайнутдинов ауылдық округ әкімдерін мемлекеттік сатып алу  жұмысының алдағы уақыттағы  өзгерістерімен таныстырып, мемлекеттік сатып алу  заңдылықтарын, оларға қойылатын талап-міндеттер жөнінде баяндады. Жер-жерде әзірлік жұмыстарының қызу жүріп жатқанын айтқан ол халқы мен мекеме-кәсіпорындарының көптігіне қарамастан, Ақсай қаласында жергілікті өзін-өзі басқару талаптарына  әзірлік қазірден-ақ тиянақты  басталып  кеткенін  жеткізді.

Жиын барысында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Абзал Сапаров, Шыңғырлау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Жанғабыл Сағынов, Алмаз ауылдық округінің әкімі Ғаббас Қайырғалиев, аудандық экономика  және қаржы бөлімінің басшысы  Сағидолла Тұрғалиев, Шыңғырлау ауылдық округі әкімінің орынбасары Сағат Шағыров және тағы басқалары мәселенің мәнісін бағамдап, көкейлерінде жүрген көптеген ойларын ортаға салды. Жиынға қатысушылар жұмыстарына байланысты  сұрақтар қойып, жауаптар алды. Ауыл әкімдеріне үлкен жүк артылып, жауапкершіліктің салмағы ауырлайтындығын ескерткен Бибігүл Тишанқызы қазірден бастап мамандарды әзірлеу керектігін айтты. Оның сөзінше, әрбір ауылдық округ аппаратында ең заманауи екі компьютер, заңгер, тіпті  тәжірибелі әрі мемлекеттік сатып алу бағдарламасын жақсы білетін заңгер болуы  қажет.

Семинар-жиынды  қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов жиынға қатысушыларды мемлекеттік-жеке меншік әріптестік  жоспарларымен таныстырды.

Айсұлу  АРЫСТАНОВА,

Шыңғырлау  ауданы