10.04.2017, 20:47
Қараулар: 51
Әли – спорт шебері

Әли – спорт шебері

DSC_0137


Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің 2-курс студенті Әли Ақеділов жуырда Орал қаласында өткен ҚР бокс федерациясының құрметті президенті Бекет Махмұтовтың жүлдесіне арналған I халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған еді. Ол туралы «Орал өңірі» газетінің 14 наурыз күнгі №28 санында жазылған болатын. Әли араға ай салмай Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған XVI халықаралық турнирде кезекті мәрте топ жарып, жарыс ережесіне сай ҚР спорт шеберлігінің талабын орындады.


30 наурыз — 4 сәуір аралығында Түркістан қаласында өткен аталмыш турнирге барлығы 198 спортшы қатысса, Әлидің салмағында (64 келі) 27 үміткер бақ сынаған.

— Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық жарыстың жеңімпаздары спорт шебері деген атаққа ие болады. Яғни бұл сайысқа ҚР бокс федерациясының келісімімен, бокстан жастар арасындағы Қазақстан құрама командасы аға бапкерінің арнайы шақыртуымен кілең сайдың тасындай іріктелген, спорт шеберлігіне үміткерлер ғана қатысады. Бұл жолы біздің облыстың бес спортшысына шақырту келді. 46 келі салмақ бойынша Қазталов ауданының Бостандық ауылынан барған Тұрарбек Қалиев финалдық сында өнер көрсетіп, жеңіске қол созым қалғанда ұтылғаны өкінішті-ақ.

Әлидің ең басты ерекшелігі – оның еңбекқорлығы. Ол айтқаныңды қалт еткізбей орындайды және жаттығуды еш уақытта жібермейді. Әлиден таланты артық балалар көп. Бірақ олар жаттығуды жіберіп алады. «Талант өз алдына, еңбек ету керек. Кім тер төксе, жаттығудан қалмаса, өзін қинаса, сол жетістікке жетеді» деп шәкірттеріме үнемі айтып отырамын. Соңғы 35 күннің ішінде Әли қатарынан үш жарысқа қатысты. Негізі ересектердің өзіне бір айда бір жарыс жеткілікті. Бірақ қазір елімізде сайыс көп. «Спорт шебері» деген атаққа қол жеткізу, ел құрамасына ілігу секілді әр түрлі міндеттер бар. Сол себепті жағдайға бейімделу керек болды, — дейді бокстан ересектер және жастар арасындағы БҚО құрама командасының аға жаттықтырушысы, Әлидің жеке бапкері Саттар Сұлтанғалиев (суретте).

Туған жеріне жеңіспен оралған жас спортшыны әңгімеге тартып, аз-кем тілдесудің сәті түскен еді.

 

— Әли, бокспен қашаннан бастап айналысасың?

 

— Боксқа екінші сыныптан бастап қатыса бастадым. Бапкерім Саттар ағай мені ойнап жүрген жерімнен жолықтырып, спорт залға өзі шақырды. Бірақ ол жолы жаттығуға бір айға жетер-жетпес уақыт қатысып, кейін бармай кеттім. Жаттығуды балалықпен іш пыстырарлық дүние секілді қабылдадым.

Есейе келе, теледидардан өзіміз секілді қазақ балаларының әлемдік деңгейдегі сайыстарда топ жарып жүргенін көріп, боксқа деген шынайы құлшынысым оянды. Сөйтіп, алтыншы сыныпқа келген кезімде жаттығуға ақыл тоқтатып бардым.

 

— Осыған дейінгі спорт жолыңда қандай да бір қиыншылықтар кездесті ме?

 

— Қазір бокспен шұғылданып жүргеніме алты жылдан асты. Әр жаттығудың өзін бір қиындық десе, болады ғой. Қиындықсыз жетістік келмейді. Бірақ бүгінде спорттың бұл түріне бойым әбден үйренген, көңіліме ерекше ұнайды.

 

— Мектептегі сабақ үлгерімің қандай болды? Қай пәндерді ерекше ықыласпен оқыдың?

 

— Сабақ үлгерімім орташа болды. География пәнін ұнатып оқыдым. Әсіресе, әлем елдері туралы мағлұмат, олардың картадағы орналасуы қызықтырды. Бала күнімнен спорт жолында жүріп, әлемді шарласам деген арман санамда қылаң берді.

 

— Туған жерің, жанұяң туралы әңгімелеп берсең?

 

— Өзім Орал қаласында туып-өстім. Әкемнің туған жері – Теректі ауданының Абай ауылы. Отбасында төрт адамбыз. Әкем, анам және менен сегіз жас үлкен ағам бар. Бәрі де жұмысбасты адамдар.

 

— Ата-анаң спорт жолын таңдағаныңды құптай ма?

 

— Иә, олар кешегі жетістігіме ерекше қуануда. Ата-анамның және бапкерімнің үмітін ақтап жүргенім үшін өзім де қуаныштымын.

 

— Алға қойған мақсатыңыз, жоспарларың туралы әңгімелеп берсең?..

 

— Жалпы, бапкеріммен ақылдаса келе педагогикалық колледждің спорт факультетіне түскенде түпкілікті түрде спорт жолын қуамын деп шештім. Болашақта бокстан Қазақстан құрама командасының мүшесі болып, көптеген биіктерді бағындырсам деймін. Олимпиада жеңімпазы атанып, барша қазақ-стандықты қуантқым келеді.

 

— Өмірдегі басты ұстанымың қандай?

 

— Бапкеріміз ұдайы жаттықтырумен қатар бізге ата-тек, ру-шежіре, қазақтың батырлары туралы жиі әңгімелейді. Ондай әңгімелер спорттағы жеңіске деген жігерімізді жанып қана қоймай, күнделікті өмірде де пайдаға асады. Біздің өмірлік ұстанымымызға бағыт-бағдар сілтейді. Сондықтан спортта қандай биік шыңға шықсам да, қарапайым қазақы қалыпты сақтау менің өмірлік ұстанымым десем болады.

 

Су жаңа спорт шеберімен сұхбаттасқан: Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

 

P.S. Әлидің таудай талабына бармақтай бақ тіледік. Енді ол 26 сәуір күні Ақмола облысының Шортанды қаласында өтетін ел біріншілігі «Жастар ойынында» бақ сынамақ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар