7.04.2017, 21:11
Қараулар: 1333
«Бес қонақ» туралы не білеміз?

«Бес қонақ» туралы не білеміз?

0f9428bfa9bd264cbfc51f41b145f27a


Қазақ ежелден күн райының күрт құбылуынан сақтанып, шаруасын ерте қамдап отырған. Мал бағу негізгі күн көрісі болған соң, тілсіз табиғаттың тұспалын жіті бағдарлап,  жыл мезгілдеріне болжам жасаудың маңызы зор болды.


Негізсіз жорамалға сүйенбей, жер бедеріндегі өсімдіктің, топырақ түсінің өзгеруін, желдің бағытын, хайуанаттардың қимылынан бастап, ғарыш кеңістігіндегі аспан денелеріне ат қойып, олардың қозғалысын қырағы қадағалаған ғаламат зерде бертін келе көмескіленіп, нағыз атакәсіпке керек ежелгі ғұрыптардың біразы ұмытылды. Дегенмен әлі күнге санаға берік орныққан табиғат құбылыстары бар.

Міне, бүгіннен, яғни сәуір айының 8-інен бастап босағадан енген «бес қонақтың» қас-қабағына қараймыз. Қазақтың есебінше, осы айдың ішіндегі он күн жауын-шашынды болуы, тіпті қар жауып, бұрқасын болуы ғажап емес. Мал өріске шығып, төлдеу науқаны басталғанда, шаруаға жайсыз тиеді деп күтілетін шақ осы. Бұл кезеңді «бес ескі, бес жаңа» деп даралап атауының өзіндік зор мәні бар. Қанай бидің ұрпағы, математик-ғалым Мыңбай Ысқақов «Халық күнтізбесі» еңбегінде бұл жайында тарқатып жазған. Автордың сөзінше, күн мен айдың қозғалысына қатысы жоқ, негізінен, ауа райы мен шаруашылық маусымдарына байланысты қалыптасқан айлар азаматтық айлар деп аталған. «Жыл 12 азаматтық айға бөлінген. Жыл аяғында, айлардан тыс 5-6 күн қосылып отырған. Ол күндер «бес қонақ» деп аталған», – деп жазады ғалым. Ескере кету керек, еліміздің оңтүстік облыстарында «бес қонақ» амалы 17-21 наурыз күндері өтеді деп есептелінеді.

Ал біздің облыстың тұрғындары сәуірдің 8-і мен 18-і аралығында шаруа ыңғайын қамдап, күн ілгері бір-біріне ескертіп, ауа райы болжамдарына құлақ асады. Оңтүстік аудандарда «бес ешкі, бес жаңа» атауы кеңінен қолданылады. Бала күнімізден санада солай қалыптасқан түсінік. Дегенмен бұлайша атау Ресейдің көршілес облыстарына да тән секілді. 2005 жылы Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан (Ғ. Қалиев, О. Нақысбеков, Ш. Сарыбаев, А. Үдербаев) жарық көрген «Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде»: «Бес ешкі. Сәуірдің сегізінен он үшіне дейінгі мерзім. Бес ешкіден соң «бес қонақ» келеді, содан соң күн жылиды (Ресей, Саратов)» деген анықтама берілген.

Тілші-ғалымдардың пікірінше, көкек айындағы он күнді «бес ескі, бес жаңа» деп қарастыру қисындырақ. Яғни қазақ күнтізбесіндегі артық қалатын бес күннің «көнеленіп», жыл басындағы бес күннің жаңадан басталуы заңдылық. Ескіше жыл санау мен ғасырлар бойы бірнеше мәрте «орны ауысқан» ресми күнтізбелердегі айырма салдарынан «бес қонақтың» мерзімі сәуірге жылжуы бек мүмкін.

Көктем кезінде сапарға шыққан «бес қонақтың» жолдағы үйге түнемей, өліара уақытта боран соғып, далада үсік шалып, дүние салғаны жөнінде аңыз халық арасында кеңінен тараған. Бір жағынан, бұл әпсана құбылмалы күн райының мал-жанға қатері мол екенін ескертіп, әлі күнге шаруа жайына сергек қарауға қамшылап тұратын танымдық зерде секілді.

 М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов халық «бес қонақты» табиғат құбылыстарының тосыннан мінез көрсетуін астарлап айтқан деп жорамалдайды.

– Ақпан аяғында қар күрт жіпсіп барып, қайтадан қатты. «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» деп аталып кеткен мұндай кезде көктемнің шығуы баяулайды. Наурыздың аяғындағы жылымықта оқыстан қар жапалақтап жауды. Бұрын қазақтар бұл амалды «Құс қанаты» деп атаған. «Құс қанатынан» кейін мал төлдей бастайды. Соған қарағанда, «бес қонақтың» басында жауын-шашын кідіріп, жаймашуақ болады. Қазіргі күн райына қарап, жаздыгүні аңызақ соғуы мүмкін деген ойдамын. Ақтөбе облысының тұрғындары мұндай өліара шақты «отамалы» деп атайды, – деді саятшылықпен айналысқанды жаны сүйетін, табиғат аясына жиі шығатын ғалым өзіндік тәжірибесін бөлісіп.

Табиғат құбылыстарын жадына тоқып жүретін көнекөз қариялар бүгінгі күні сирек. Жәнібек ауданына қарасты Ақоба ауылында тұратын Төлеген Жүсіповтің өз тәжірибесіне сүйеніп айтатын ауа райы болжамдары кейде айна-қатесіз келетінін ауылдастары біледі. Қария айдың еңкектігі мен шалқақтығын, судың мұз болып қатып, кейін еріген мерзімін, желдің бағытын есепке алып және жаңа туған ай мен ескі айды салыстыру арқылы алдағы күн райын жобалауға болатынын айтты. «Суанша мал жайып, не істеп отырсың?» деген бұрыннан қалған сөз бар. Оның мәнісіне үңілсек, байдың малын баққан Суан есімді кісі көктемнің жаймашуақ күнінде кенет қар борап, аяз қарудың салдарынан киіз үйде төсегінен тұрмастан, қатып қалған екен.

«Бес қонаққа» қатысты аңыздың бір ұшығы осыдан шықса керек» деді ақсақал. Қарияның тәжірибесіне сүйенсек, жел қарама-қарсы бағытқа ауса, жазғытұрым жауын-шашын, қыста боран соғуын күтесің. Ай шалқақ күйінде бітіп, анық көрінсе, шаруаға жайлы, күн райы ашық болады. Шілдеде аптап аңызақ соқса, күзгі маусым керісінше салқын болады. Күзде тор сымдарды қырау түгелімен тұтып қалса, жазда егін шығымы жақсы болады.

Бұл ретте кәнігі мамандардың да пікірін білдік. «Қазіргі уақытта күндізгі ауа температурасы +3 пен +9 градустың аралығындағы жылылықты сақтауда. Биыл жауын-шашын түсімі қалыптағы мөлшерден әлдеқайда мол. Дегенмен сәуір айының ортасынан бастап күн райы жаймашуақтанып, жыли бастайды», – деді Батыс Қазақстан гидрометеорологиялық орталығы ауа райы болжамы бөлімінің басшысы Татьяна Шиллинг.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар