7.04.2017, 21:06
Қараулар: 233
Мал ұрлығына қарсы майдан!

Мал ұрлығына қарсы майдан!


Қазақта «Мал ашуы – жан ашуы» деген сөз бар. Бұл, сірә, кезінде мал ұрлығынан, барымтадан үсті-үстіне жапа шегіп, әбден запы болған адамның аузынан шыққан сөз болса керек. Өкінішке қарай, ел ішінде, облыстың біраз елді мекендерінде мал ұрлығы қазір де әбден дендеп тұр.


Ағымдағы жыл басталысымен редакцияға қылмыстың аталмыш түріне қатысты Сырым, Қаратөбе аудандарынан арыз-шағым ағылды. Айдың-күннің аманында, яки ел аман, жұрт тынышта ақ-адал малынан айырылған біраз кісі редакция басшылығына аяқтай да келіп жолықты. Аталмыш қос ауданға қоса, Ақжайық ауданының Тайпақ аумағынан да мал ұрлығына қатысты арыз-шағым түсті. Биылғы жыл басынан бері «Орал өңірі» газетінде баукеспе-барымташыларға малын алдырған ауылдағы ағайынның орынды ашу-ызасы өзек болған біраз сын мақала жарық көрді. Үшбу материалдар Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мақсотхан Әбіләзімовтың консультативтік-кеңесші құрылымның кезекті жиынының күн тәртібіне мал ұрлығы мәселесін қоюына негіз болды. Осы жиын барысында облыстық ІІД-ға қарасты өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Жасталап Сағадетов біздің басылымда жарияланған сын материалдарда көрсетілген фактілер толық дәлелденгенін, сол себепті Сырым аудандық ішкі істер бөлімі бойынша басшысы бар, қосшысы бар 17 полиция қызметкері, ал Қаратөбе ауданы бойынша 6 полицей, екі ауданнан ұзын-саны ішкі істер құрылымдарының 23 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын  мәлімдеді.

мал урлыгы

Ағымдағы жылдың алғашқы айының соңын ала ел-жұрт алдында есеп берген БҚО ІІД-ға қарасты жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин өз есебінде мал ұрлығы, әсіресе, Ақжайық, Теректі, Зеленов, Сырым және Қазталов аудандарында белең алып тұрғандығын тілге тиек еткен-ді. Ал біздің редакцияға ҚР Бас прокуратурасына қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің БҚО бойынша басқармасы жолдаған ақпаркестеге (инфографикаға) зер салсаңыз, мал ұрлығы облыстың қай-қай ауданында айылын жимай тұрғандығына көз жеткізе аласыз. Осы мәселеге журналистік зерттеу жүргізу барысында біздің түпкілікті көз жеткізгеніміз, түлік атаулыға жаудай тиетін ұры-қары алыстан келмейді екен. Баукеспе-барымташылар әдетте мал жоғалған ауылаймақтың төл тұрғындары болып шығады немесе ұрыларға нақты дерек беріп, бағыт-бағдар сілтейтін сыбайластар. Бұған қоса кейбір аудан-ауылдарда полиция қызметкерлерінің өздері малы жоғалғындығын айтып келген адамдардың арызын сексен сегіз сылтау, жетпіс жеті желеу айтып тіркемей, ит әуреге салатын көрінеді. Мұндай жағдай халықтың полицияға деген сенімін сұйылтып, «Осылардың өзі ұры-қарылармен ауыз жаласқан емес пе екен?» деген күдік-күмәнін күшейтпесіне кім кепіл? Міне, осындай жағдайлар мал ұрлығына қарсы ымырасыз майдан ашуға мәжбүрлеп тұрғандай көрінеді бізге. Бұл майданда халық – жергілікті билік – құқық қорғау құрылымдары және БАҚ өкілдері тізе қосып қимылдаса, жеңілмейтін «жау» жоғы кәміл. Егер үшбу төрт таған бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істесе, пәрменді күшке айналып, талай ауылдың ұры-қарысы мен тентек-телісін тәубесіне түсірері шүбәсіз. Енді «Орал өңірінде » әр айдың басында өткен айда облыс аумағында қанша мал ұрлығы тіркеліп, қанша адам жауапкершілікке тартылғандығын Орал қаласы мен әр аудан бойынша жіктеп-жіліктеп беретін боламыз. Бізді ай сайын осындай ақпар-мәліметпен қамтамасыз етуге уәде беріп отырған ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО бойынша басқармасының басшылығына алдын ала бек рақмет! Сөз соңында біз өз тарапымыздан облыс басшылығына аудан-ауыл әкімдерінің және жергілікті ішкі істер құрылымдары басшыларының жұмысына баға беру барысында олардың мал ұрлығын әшкерелеуге қатысты нәтижелі-нәтижесіз іс-әрекеттеріне жіті  назар  аударуды  ұсынамыз.

Редакция  алқасы