5.04.2017, 21:11
Қараулар: 115
Жанардың «Жұлдызы»

Жанардың «Жұлдызы»

DSC06042


Теректі ауданындағы «Жұлдыз» үлгілі би ансамблі көпшілікке кеңінен танымал. «Халықаралық байқауларға жиі қатысамыз. Оның алдында міндетті түрде шәкірттерімді қазақ биіне дайындаймын. Себебі шетелдіктерді өзге ұлт биімен таңғалдыра алмайсың. Репертуарымызда ұлттық бағыттағы «Дайдидау», «Ақбаян», «Мереке» билері бар. Соның қатарында әнші-сазгер Гүлнар Дәукенованың «Жаса, Қазақстан!» күйіне қойылатын «Салтанат» биінің орны ерекше. Жалпы, жергілікті билік ансамбльді қаржыландыруға зор көңіл бөледі. Бишілеріміздің сахналық киімдері жыл сайын жаңарып тұрады. Және іссапар шығындарына тұрақты түрде бюджеттен қаржы бөлінеді. Демеуші іздеп, әуре-сарсаңға түспейміз», – дейді ансамбль жетекшісі Жанар Тайшыбаева. Би ансамблінің құрылғанына 15 жылдан астам уақыт өтіпті. Қазіргі кезде аудандық мәдениет үйінде жүргізілетін би үйірмесіне 80-ге жуық оқушы қатысады. Ансамбль жетекшісі қатысушыларды жас ерекшелігіне сай төрт топқа бөліп дайындайды.


Жанар Тайшыбаева М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дан кәсіби білім алған соң, еңбек жолын Қазталов ауданының мәдениет үйінде «Қарлығаш» үлгілі би ансамблінің жетекшісі ретінде бастаған. 2001 жылы арнайы шақыртумен білікті маман Теректі ауданында қызмет етуге ауысады. Сол жылы «Жұлдыз» үлгілі би ансамблін құрып, балаларды биге дайындай бастайды. Негізінен, халықтық бағытта жұмыстанғанымен, ансамбль репертуарында заманауи шоу-билер де бар. Өнерлі өрендердің хореография әліппесін меңгерулеріне өмірлік тәжірибесі мен біліктілігін ұштастыра қолданатын Жанар Тайшыбаеваның еңбегі еш кеткен емес. «Жұлдыз» үлгілі би ансамблі 2012 жылы Алматы қаласында халықаралық деңгейде өткен «Ғұмырдария» байқауында бас жүлде алды. 2014 жылы Қырғызстанда өткен балалар шығармашылығына арналған «Ыстықкөл толқындарында» атты І халықаралық байқауда топ жарса, сол жылы Ресейдің астанасы Мәскеуде ұйымдастырылған «Бегущая по волнам» халықаралық фестивалінде хореография саласы бойынша ешбір елдің өнерпаздарына дес бермеді.

Екі жыл бұрын «Жұлдыздың» бишілері облыстық қазақ драма театрында есеп беру кешін өткізді. Бұған қоса ҚР Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне байланысты облыс бойынша «Үздік би тобы» аталымын иеленді. Білуімізше, мұндай бақ аудандардағы би ансамбльдерінің ешбіріне бұйырмаған. «Әрбір ата-ана өзінің баласынан зор үміт күтеді. Бидің қыр-сырын білгісі келген өренге қатаң талап қоямын. Дайындыққа балалар уақтылы, тұрақты қатысып жүрсе, зор жетістікке жете алады», – дейді «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің жетекшісі.

Айта кетерлігі, Жанар Жеңісқызы келін болып түскен әулет мүшелері шетінен өнерлі. Құрылғанына 20 жыл уақыт болған Тайшыбаевтар отбасылық ансамблі облысқа кеңінен танымал. Отбасында жезтаңдай әнші жұбайы Берікпен бірге тәрбиелеп отырған аяулы қыздары Фариза мен Фатима – бүгінде өнер жолына түскен өрендер.

P.S. Бет қатталып жатқанда, теректілік бишілерге қатысты жағымды жаңалық естідік. Өткен жұмада Орал қаласында облыстық жастар шығармашылық орталығы ұйымдастырған «Биле, биле!» облыстық байқауынан «Жұлдыз» үлгілі би ансамблі бас жүлдені жеңіп алыпты.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»,

Теректі  ауданы