5.04.2017, 21:09
Қараулар: 66
Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі

IMG_0074


Облыстық  кәсіпкерлер  палатасында  облыс  әкімі  Алтай Көлгінов  өңір  кәсіпкерлерін  қабылдады.


«KREISS ASIA» ЖШС-ның директоры Нұрболат Жұмағалиев көлік-логистикалық кәсіпорындардың еліміздің батыс өңіріндегі мұнайгаз саласындағы өндірісшілермен, жер қойнауын пайдаланушылармен бірге тығыз жұмыстану бағытындағы ұсыныстарымен бөлісті. Өз жұмысын бес жүк көлігімен бастаған компания бүгінде 106 көлігі бар іргелі компаниялардың біріне айналған. Үш жылдан бері Еуропадағы жүк тасымалдаушылармен қосалқы мердігер ретінде жұмыс істейді. Орталық Азия елдеріне де қатынайды. Сонымен қатар еліміздегі «Қазавто» қоғамдық бірлестігінің өңіріміздегі өкілі ретінде жүк тасымалдаушылардың түйінді мәселелерін шешуге үлес қосуға дайын. Нұрболат Жұмағалиевтің айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылар жобаларын кеңейтуге бағыт ұстап отыр. Сондықтан ондай ірі компаниялармен кездесу ұйымдастырып, жергілікті кәсіпкерлердің кеңейтілетін жобаларға қатысуын қамтамасыз етумен шұғылданатын  жұмыс тобын құру қажет.

Өңір басшысының қабылдауында болған «Оралмедрегион» ЖШС-ның басшысы Андрей Павлов денсаулық сақтау саласындағы жергілікті мазмұнды ұлғайту, «Олимп» клиникалық диагностикалық зертханалар желісінің директоры Ерлан Сүлейменов денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестікке қолжетімділік мәселелеріне қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Ал «Жайық парағы» ЖШС-ның директоры Асланбек Сүндетов Оралда А-4 форматтағы қағаз өндірісімен айналыспақ. Оның жобасын іске асыруға 40 млн. теңге қаражат керек. Сондықтан оған мемлекет тарапынан несиелік қаражаттан, несиелік пайызды субсидиялаудан, кепілдік жағынан қолдау-көмек қажет.

Облыс басшысы қабылдауда болған кәсіпкерлерді мұқият тыңдап, іскер жандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Кәсіпкерлермен түрлі жиындарда кездесеміз. Бүгінгі қабылдауға кәсіпкерлер өздері сұранып келді. Енді аптасына бір мәрте өңіріміздегі іскер жандармен жүздесіп, қабылдау өткіземін. Елбасының кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес әкімшілік кедергілерді азайту, мағұлмат тапшылығын болдырмау мақсатында ұйымдастырылған қабылдауға келген кәсіпкердің біреуін қазіргі уақыттағы өзекті мәселе – көлік-логистикалық орталық, Еуропа мен қазақстандық кәсіпкерлердің байланысы, жүк тасымалы жөніндегі мәселелер алаңдатады. Көптеген тараптармен кездесіп, мұнайгаз саласындағы ірі компаниялардың жобаларды кеңейту жоспарларына жергілікті кәсіпкерлерді, өндірісшілерді, жүк тасымалдаушыларды қатыстыру мәселесін шешуіміз керек. Екі кәсіпкер денсаулық саласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту және әкімшілік кедергілерге қатысты пікірлерін білдірді. Кедергілер дегенде денсаулық сақтау министрлігінің №850 бұйрығына қатысты ұсыныстар айтылды. Егер сондай ұсыныстардың халыққа медицина саласындағы қызметтердің сапасын көтеруге, кәсіпкерлікке тартымды жағдай жасауға септігі тиер болса, тартынатын реті жоқ. Бұл мәселені министрлікпен талқылайтын боламыз. Енді олардан нақты ұсыныстар күтеміз, бірге жұмыстанамыз. Жергілікті кәсіпкер қағаз өндірісін жолға қоймақшы. Бизнес жобасы дайын, оның жобасымен танысқаннан кейін мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге дайын екенімізді айттық. «Даму» қоры арқылы 50 пайызға дейін мемлекет тарапынан кепілдеме беріліп, несиелік қаржысы субсидияланады. Қабылдауда болған кәсіпкерлер өзекті сұрақтармен келген. Оларды біз қолдаймыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов журналистерге берген сұхбатында.

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Cуретті  түсірген  Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар