24.03.2017, 20:15
Қараулар: 53
Тәуелсіздік алаңындағы думан

Тәуелсіздік алаңындағы думан

PRI_0069


Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы  шаһарымыздағы  Тәуелсіздік алаңында театрландырылған концерттік бағдарламамен басталды.


Алаңда келін түсіру, беташар секілді салт-дәстүрден қойылым көрсетіліп, өңірімізге танымал өнер жұлдыздары әсем ән әуелетіп, күмбірлеген күй шертті. Қыдыр ата бата беріп, Ұмай ана күллі жамандықтан аластады. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер, көңілді әуен, үлестірілген табақ-табақ бауырсақ пен наурыз көже, «Sayat» этнотуризм орталығының арғымақтары мен қыран бүркіті мерекенің шырайын аша түсті.

Айта кетсек, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Орал қаласындағы әлеуметтік жағдайы төмен 400 отбасына азық-түлік таратылып, «Арба» қоғамдық бірлестігіне жаңа арбалар тарту етілген болатын. Сондай-ақ азық-түлік жәрмеңкесі өтіп, шаһардың көркі үшін 100 қарағай, 200 қайың көшеті отырғызылған еді.

Мейрамда облыс әкімі Алтай Көлгінов жиналған жұртшылықты құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.

— Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы болып есептелетін 22 наурызда күн мен түн теңеледі. Наурыз – барша халқымыз үшін ең ұлық мереке. Бұл – береке-бірліктің, ырыс-ынтымақтың, кешірімнің мерекесі. Жуырда ғана өңіріміз Көрісу айт мерекесін атап өтті. Бұл мерекеде ағайын-туғандар бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмытып, төс қағыстырады. Бір-біріне қонаққа барып, өкпесі болса, кешіреді. Мерекелік дастарқан жайылып, ақсақалдар төрге озып, батасын береді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында жыл сайын қазақ елінде барша ұлт өкілдері Наурыз мейрамын қуаныш пен шаттықта тойлап келеді. Ұлттық құндылықтарды, озық салт-дәстүрлерімізді сақтай отырып, рухымыз биік, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын. Отбасыларыңызға амандық, бірлігіміз нығайған ынтымақты ел болайық, — деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.

PRI_0184PRI_9968Күн райының ызғырық желі мен суықтығына қарамастан, оралдықтар мерекеге көп жиналды. Ақын Ақұштап Бақтыгереева, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов секілді танымал тұлғалар мерекеге ұлттық киіммен келді.

Салтанатты шара барысындағы түрлі-түсті отшашу мерекенің көркін қыздыра түсті.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар