24.03.2017, 20:12
Қараулар: 60
Шыршалар сап түзеді

Шыршалар сап түзеді

PRI_9799


Наурыз мерекесіне орай Орал қаласына қарасты Зашаған кентіндегі облыстық көпбейінді балалар ауруханасының алдына шырша мен қайың ағаштары отырғызылып, оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Бұдан бірер жыл бұрын Оралдан Саратовқа қарай шығар жол қайтадан салынып, қара ағаштар сырылып тасталып, аурухана жағы жалаңаштанып қалған болатын. Міне, осы аумаққа ағаш отырғызу ісіне кент ардагерлері мен тұрғындар, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұстаздары мен студенттері атсалысты.

«Наурыз мерекесі келіп, тіршілік біткен оянып, жаңа жылымыз басталып жатыр. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты сөз бар. Осы игі дәстүрді биыл да жалғастырып, Орал қаласының бірнеше жерінде ағаш отырғызудамыз. Мұндай жұмыстар облыс аудандарында да ұйымдастырылады. Әрине, ағаш отырғызу өз алдына, оны күтіп-баптау керек. Сондықтан бұл жұмысты алдымен сол маңдағы мекеме-ұйымға тапсырамыз. Мысалы, бүгінгі шырша мен қайыңға облыстық көпбейінді балалар ауруханасы көз болуы тиіс. Уақтылы суарылмаса, қаралмаса, ағаш қурап қалады. Тұрғындар да бұдан шет қалмай, қамқор болса, жеріміз жасыл желекпен көмкерілері анық. Қалада жаңа шағын аудандар пайда болып, тез өсуде. Соның бәрінде де тал-терек отырғызу жоспарда бар. Ең бастысы, Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» – деді Алтай Көлгінов.

«Облыстық көп бейінді балалар ауруханасының алдына тал-теректің отырғызылуы балалар үшін, өңіріміздің болашағы үшін атқарылып жатқан игі іс деп білеміз. Бұған ардагерлерден бастап облыс, қала әкімдерінің келіп қатысуы билік пен халықтың арасындағы бірлікті білдіреді. Жас шыбықтардың терек болып өсіп кетуі үшін үлкен күтім, қамқорлық керек. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ бар, балалар ауруханасы бар және «Жайық таза қала» ЖШС мұны қараусыз қалдырмайды деп сенеміз», – деді тарихшы-ұстаз Сайлау Сүлейменов. Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, шаһарда сол күні 300 түп тал-терек отырғызылды. Ағаш көшеттерін алуға 2 млн. 890 мың теңге жұмсалды.

Ғайса БӘЙМЕН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар