24.03.2017, 20:09
Қараулар: 71
400 отбасына қайырымдылық көмек

400 отбасына қайырымдылық көмек

IMG_9780


Наурыздың 20-сы күні облыс әкімі Алтай Көлгінов «Звезда» мейрамханасында болған қайырымдылық шарасына қатысты. Мейрамхана алдында көмекке мұқтаж жандардың үйлеріне баратын автокеруен жол тартты.


— Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Мейірімді көктем» жобасы аясында қайырымдылық шаралары басталуда. Бүгін Орал қаласындағы әлеуметтік жағдайы төмен 400 отбасына азық-түлік таратылады. Сонымен қатар «Арба» қоғамдық бірлестігіне жаңа арбаларды тарту етеміз. Басты мақсат – мұқтаж жандарға көпшілік болып көмектесу, қайырымдылық жасау. Көктем бойына осындай игі шаралар жалғасын табады, – деді облыс басшысы Алтай Көлгінов.

Керуен қозғалғаннан кейін «Звезда» мейрамханасында қайырымдылық балы ұйымдастырылды. Қайырымдылық кешіне құны 20 мың теңгеге бағаланған билетті салып алған кәсіпкерлер, жергілікті мәслихаттың депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлер және шаһар тұрғындары қатысты.

«Негізінен, Наурыз мейрамын кеңінен насихаттамақпыз. Салт-дәстүрімізді жаңғыртуға баса көңіл бөлінетін қайырымдылық балына 200-ден астам адам қатысуда. 400 отбасына еріктілер тобы тарататын азық-түлік себетінде шай, өсімдік майы, қант, қарақұмық, күріш бар. Ал «Арба» қоғамдық бірлестігіне алты арба берілді. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Алматы қаласынан тапсырыспен тағы да он арбаны алдырмақпыз. Жаңа сипаттағы қайырымдылық кешін БҚО Қазақстан халқы ассамблеясымен бірге  ұйымдастырудамыз», – деді БҚО Азаматтық альянсының жетекшісі Айгүл Түркина.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Гүлмира БАТПАҚҰЛОВА,

«Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Биыл облыс әкімі Алтай Көлгінов ұсыныстарымызды құп алып, «Мейірімді көктем» акциясын іске қосты. Осы жоба аясында үш ай бойына қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Біздің бірлестік мүшелері ұсынған жобалар облыс әкімдігінің қолдауымен оңынан жүзеге асуда. Өңіріміздің қайырымды азаматтары мүмкіндігі шектеулі жандарға қолұшын созып жатқанына ризашылығымды білдіргім келеді.

Әділбек ИБРАЕВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенті:

– «Мейірімді көктем» жобасы аясында қайырымдылық шарасына атсалысып жатқаныма қуаныштымын. Билет құнынан түскен ақшаға сатылып алынған азық-түлік себетін кірісі аз жанұяларға тарту ету үшін белгіленген мекенжайларға көліктермен барамыз. Орал қаласының көшелерімен жүретін қайырымдылық керуеніне көмектесуге өз еркімізбен қатысудамыз.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар